Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Алты бағыт, он жеті жоба
Сол себепті, бұл бағдарламаны – қоғамға рухани жол көрсетіп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеген идея деп түсінеміз. Осы орайда, ең әуелі атап өтерлік оқиға – Елбасының бағдарламалық мақаласында атап өтілген басым бағыттарды айқындап, оның іске асырылу тетіктерін қамтамасыз етумен бірге, жоспарланған жұмыстарды жүйелендіру, бағдарламаны іске асыруды әдіснамалық және талдамалық сүйемелдеу, өңірлік жобалық офистердің қызметін үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі №225 қаулысымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты құрылған болатын.
«Бұл институттың басты міндеті – заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық қоғам құру барысында, осыған қатысты барлық құрылымдарды ғылыми және әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, ғылыми негізделген тұжырымдамамен қамтамасыз ете отырып, бағдарламада көрсетілген 6 бағыт пен 17 түрлі жобаны жаңғыртудың стратегиялық тәсілін әзірлеу және қатысушыларды әдістемелік жұмыспен қамтамасыз ету, олардың құзыреттілігін арттыру», дейді институттың басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова.
Осы орайда, жоғарыда атап өтілген алты бағытқа жеке-жеке тоқталар болсақ:
Прагматизм – ұлттық және жеке ресурстарды нақты білу, оларды үнемді жұмсау, өз болашағын жоспарлай білу, ысырапшылдықтан, менмендіктен бас тарту;
Бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық және әлемдік нарықтарда материалдық қана емес, сонымен қатар жоғары сапалы зияткерлік өнімді ұсына білу қабілетін арттыру;
Білімнің салтанат құруы – «білім – болашақта табысқа жетудің ең іргелі факторы» атты идеяны дәріптеу;
Эволюциялық даму – қоғамның бейбіт, зорлық-зомбылықсыз қайта құрылуы;
Сананың ашықтығы – бұл сананың үш ерекшелігін білдіреді. Атап айтқанда: күллі әлемде не болып жатқанын түсіну; жаңа технологиялық ағым әкелетін өзгерістерге дайын болу; өзгелерден үйрене отырып, олардың тәжірибиесін қабылдау;
Ұлттық бірегейлікті сақтау – ұлттық сана шеңберіндегі өзгеріс және оның кейбір белгілері өзгерген кезде ұлттық «мендік» ішкі өзекті сақтай білу.
Жоғарыда атап өтілген алты бағыт әрбір қазақстандықтың бойында болуға тиіс қасиеттерді дамытуға бағытталған. Осы орайда бұл алты бағытты жүзеге асыру мақсатында 17 жоба қарастырылған. Олар: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын әліпбиі графикасына көшіру», «Ауыл – ел бесігі», «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және прагматизм, сананың ашықтығы бағыттарының жұмысын жандандыру мақсатындағы арнайы төрт жоба: «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» тақырыптары қосылып отыр.
Төрт жылда атқарылған іс-шаралар
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 17 сәуірдегі №462 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөнінде Ұлттық комиссия құрылды. Осы жылы Ұлттық комиссияның шешімімен Бағдарламаны іске асырудың жобалық тәсілі енгізіліп, Ұлттық комиссияның атқару органдары – Сараптамалық кеңес, Бағдарламаны басқару офисінің хатшылығы, өңірлерде Бағдарламаны басқарудың жобалық офистері жабдықталды.
Келесі, яғни 2018 жылдың шілде айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрамынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаменті жасақталды.
Сөйтіп 2017-2020 жылдары Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 131 923 іс-шара өткізіліп, оған 53 612 083 адам қамтылды. Осы аралықта 330 млрд теңгеден астам меценаттық және демеушілік қаражат тартылды.
Осының ішінде аса маңызды іс-шараларға тоқталсақ, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың тың тәсілдері» тақырыбында семинар-кеңес өтіп, осы шара шеңберінде арнайы жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері қаланды. 2019 жылы өңірлік жобалық офис қызметкерлерін, сондай-ақ Бағдарламаны іске асыруға міндетті мамандарды оқыту шарасы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Бағдарламаны іске асыратын әдістемелік құралдар әзірленіп, олар мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілсе, соңғы жылдары жергілікті атқарушы орган өкілдерін тыңдау және өңірлер бөлінісінде Бағдарламаның іске асырылуын кешенді түрде бағалау жұмысы қолға алынды. Сөйтіп өткен төрт жылда қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде һәм Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша шетелдік тәжірибені зерделеу арқылы талдамалық баяндамалар дайындалды.
Бағдарлама қоғамға қандай пайда әкелді?
Тақырыпшада қойылған сұраққа қатысты айтар болсақ, Бағдарлама ұлттық прагматизмнің негіздеріне қарсы келетін ысырапшылдық сияқты әдеттерден арылту және халық арасындағы құқықтық, қаржылық, экологиялық, т.б. мәдениеттерді қалыптастыруға жол ашып, шараны іске асырудың төрт жылында 13 мыңнан астам меценат есебінен 330 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Осы қаржыға 6 мыңнан астам нысан салынды және реконструкцияланды.
Сонымен қатар азаматтық қоғам ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» жанынан «Азаматтық алаң» пікірталас клубы құрылып, түрлі ғылыми, шығармашылық топ өкілдерін, сарапшыларды біріктіріп маңызды мәселелер төңірегінде көптеген тақырып талқыланды.
Өткен жылы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған вебинарлар циклі форматында шаралар ұйымдастырып, жоспарланған істі ойдағыдай орындап шықты. Сондай-ақ, биылғы жылы идеологиялық блок қызметкерлерін даярлау мақсатында «Рухани жаңғыру» идеологиялық мектебі аясында бірыңғай форматта жұмыстар ұйымдастыру жайлы да жоспарлануда.
Сонымен қатар сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздерін түсіндіру және оны қабылдау деңгейінің көрінісін нақтылау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Оның сыртында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі алты бағыты бойынша қоғамда орнықты көзқарас қалыптасты. Мысалы, бәсекеге қабілеттілік цифрлы сауаттылық және шет тілдерін меңгеру көрсеткіші – 53,6%, прагматизм мүмкіндігі бойынша өмір сүре білу және өз болашағын жоспарлау қабілеттілігі – 73,2%, білімнің салтанат құруы – 58,3%, тарихқа құрметпен қарау һәм біртұтас ұлттық бірегейлікті сақтау – 71,4%, заңды және азаматтық борышты сақтай отырып, эволюциялық даму – 77,8%, сананың ашықтығы өзгерістерге дайындық, өзін өзі жетілдіру 59,5% мөлшерінде жетістік бағамын иеленіп отыр. Жоғарыдағы нәтижелер арқасында қазіргі заманғы қазақстандық бейне қалыптасты.
Рухани-ағарту тұрғысынан қандай жетістіктерге
жол ашылды?
Бағдарламаның тағы бір маңызды тетігі – қазіргі заманғы қазақ мәдениетін әлемдік алты тілге аудару арқылы жаһанға таныстыру жобасы. Осы орайда бүгінгі қазақстандық қайраткерлердің әдебиет, гуманитарлық ғылым саласындағы үздік туындыларын, суретшілердің, музыканттардың, мүсіншілердің шығармашылық жұмыстарын әлемге таныстыру жұмысы Бағдарламаның негізгі нысанасына айналып отыр.
«Бұл еліміздің шығармашылық интеллигенциясы алдында ашылған зор мүмкіндік һәм үкімет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау», дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары.
Нақты айтар болсақ, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңірлерде 5 млн-нан астам адамды қамтыған 25 858 іс-шара өткізілсе, биылғы жылдың 28 қаңтарында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысына латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Жетілдірілген әліпби қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтитын латын әліпбиінің базалық жүйесінің 31 символына негізделіп жасалды.
Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында төрт жыл ішінде өңірлерде 1,7 млн-нан астам адамды қамтыған 3 465 іс-шара өткізілсе, осы аралықта «Философия», «Мәдениеттану», «Маркетинг», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану», «Кәсіпкерлік негіздері және дінтану», «Стартаптар» және тағы басқа ғылым салалары бойынша: 2017 жылы – 17, 2018 жылы – 30, 2019 жылы – 30, 2020 жылы 23, барлығы 100 оқулық аударылып отандық білім беру процесіне енгізілді.
Сонымен қатар аударылған оқулықтар 100kitap.kz сайтына орналастырылып, қазақ және орыс тілдеріндегі бейнекурстары 77 оқулық негізінде www.OpenU порталы құрылды. Әр оқулыққа еліміздің үздік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылық құрамынан бейнекурстар әзірленді. Бейнекурстар 25-40 минут көлемінде 25 дәрістен тұрды. Курстың соңында дәрістердің мәтіндік транскрипті, тест тапсырмалары, рефлексияға арналған тапсырмалар және қосымша әдебиеттер тізімі ұсынылады.
Бүгінгі таңда жоғарыдағы OpenU сайтына 88 мыңнан астам адам пайдаланушы ретінде тіркелсе, онлайн оқыту платформасының серіктестері ретінде 132 университет пен 158 колледж танылып отыр.
Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңірлерде 1,8 млн-нан астам адамды қамтыған 3 398 іс-шара өткізілді. Жобаға 6 мыңнан астам адамнан өтінім қабылданды. Бұл тізімді әр жылға бөліп көрсетер болсақ: 2017 жылы – 2112, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы 1673 адам қамтылып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы 163 жеңімпаз анықталды (2017 жылы – 102, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 32). Жоба жеңімпаздары рухани-ағарту саласында да өзіндік үлестерін қосып келеді.
Еліміздің экономика
һәм туристік саласына тигізген пайдасы
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында төрт жыл ішінде өңірлерде 4 млн-нан астам адамды қамтыған 14 802 іс-шара өткізіліп, жалпыұлттық маңызға ие 781 киелі орынның (жалпыұлттық маңызы бар 206, жергілікті маңызға ие 575 нысан) тізімі анықталды. Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылды.
Бүгінгі таңда жалпыұлттық және жергілікті нысандар бойынша киелі нысандар тізімі негізінде 253 туристік бағыттар мен турлар, сондай-ақ киелі нысандар бойынша 128 археологиялық экспедиция әзірленді. Бұл шаралар ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
2017 жылдан бастап бүгінге дейін Республикалық маңызы бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шоқай датқа, Бекет ата жерасты мешіті, Сисем ата қорымының объектілері, ортағасырлық Сарайшық қалашықтары, Ежелгі Тараз, ежелгі Түркістан, Отырар, Сауран, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Абай Құнанбаевтың мемориалдық кешені қатарлы 71 тарихи-мәдени ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілсе, осы уақыт ішінде еліміздің киелі белдеуін насихаттау мақсатында BBC World News телеарнасы дайындаған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын жауынгер», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі кесенелері», «Күлтегін. Жаңа көзқарас», америкалық Castlefilm компаниясы актер Марк Дакаскостың қатысуымен жасаған «Көшпенділер жері» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туындылар БҰҰ-ның негізгі алты тілінде субтитрлі дубляжбен жабдықталды. Сондай-ақ бұл туындыларды әлемге танымал Discovery, Viasat history, National Geographic телеарналары арқылы дүние жүзінің 700 млн-нан астам адамы тамашалады. Сонымен қатар Қазақстанның киелі нысандарын насихаттау мақсатында «2GIS» электронды картасына 71 киелі нысан енгізілді.
Бағдарламаның
өңірлердегі жетістігі
Өңірлер бойынша Бағдарламаны іске асыру мақсатында жыл сайын шамамен 12 млн адамды қамтыған 93 мыңнан астам іс-шара өткізілсе, 2020 жылы «Туған жер» жобасы аясында 52 260 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 млн адам қатысқан екен. Осы орайда атап айтар оқиға Атырау облысында Нұрислам Ғұмар және Әнуарбек Батаев бастаған азаматтар сексен жастағы жалғызбасты ана Айша Құнановаға аумағы 12 х 6 метрді құрайтын үш бөлмелі баспана тұрғызып берсе, Жамбыл облысында жанашыр азаматтар бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға баспана салып берілді.
Сонымен қатар Шымкент қаласында «Эко-сана», Павлодар облысында «Тіл волонтері» қатарлы қоғамдық ұйымдар игі істерге ұйытқы бола білсе, Қарағанды облысында Qasym кitaphanasy жобасы аясында 13 кітап жарық көрді. Бұл үрдіс Жамбыл облысында да жалғасып, Аspara fashion week merke жобасы негізінде қазақ дизайнерлері өз өнімдерін азиялық және еуропалық сауда орталықтарында сатуға мүмкіндік алды.
Еліміздегі волонтерлер жұмысын жүйелі жүргізіп отырған өңірдің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Биыл аталған облыс волонтерлік қозғалысты қолдауға 20 099 073 теңге бөліп, оған 10 мыңға жуық студент, жұмысшы және NEET санатындағы жастарды тарта білді. Сол сияқты, Қызылорда облысында құрылған «Тұлға» жобасы жас буынға ұлттық рухани құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында тиянақты шаруалар атқарса, Павлодар облысында 2018 жылдан бастап бүгінге дейін өңірде білім беру ұйымдарының базасында 104 «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды.
Алда атқарылатын жұмыстар жоспары
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Әсем Серікқазықызының айтуына қарағанда, бағдарламалық іс-шаралар осымен тоқырап қалмайды, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Айталық Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №50 қаулысымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөнінде шешім қабылданып, биылға арналған жол картасы әзірленіп бекітілген.
Атап өтер болсақ, «Туған елің – Қазақстаныңды білесің бе?» атты республикалық оқырман балалар байқауы, кәсіптік жұмыстарды насихаттауға бағытталған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты, «Оnline мектеп» жобасы, «Арамыздағы батырлар», «Аңыз дәрігер» атты жобалардың сыртында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Мерейлі отбасы» конкурс жеңімпаздарының қатысуымен «Ана – тіршіліктің нұры» форумы, tylek.kz сайты арқылы оқушылар арасында туған өңірін қолдауға бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ Ulttyq tárbıe және Ruh vision атты кешенді жоспарлармен қатар, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында тың істер атқарылмақ екен. Бұйырса, Елбасы ұсынған Бағдарлама алдағы жылдары да өз жемісін берері сөзсіз.