Көрмеде Байқоңыр ғарыш айлағының тарихына қатысты 1961-2015 жылдарды қамтитын, қазақ және орыс тілдерінде 40-тан аса экспонат жинақталған. Көрме құжаттарын шартты түрде үш топқа бөліп қарастыруға болады: КСРО дәуіріндегі құжаттар (1961–1991 жж.), Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі құжаттар, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жеке қорларынан алынған құжаттар.
1-топтамада 1961 жылдан бастап 1991 жылдар аралығын қамтитын КСРО дәуіріндегі Байқоңыр ғарыш айлағы мен ғарышкерлерге қатысты құжаттар: 1963 жылдың 14 маусымындағы «Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин кентін (25696 ә/б) жабық Ленин қаласы етіп қайта құру туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы; Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшуына 30 жыл толуына орай Байқоңыр ғарыш айлағында ұйымдастырылған Халықаралық фестивальді дайындау және өткізу туралы құжаттар; фотоқұжаттар және тағы басқа тарихи дерек қамтылған.
2-топтамаға Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі құжаттар: Т.О.Әубәкіровке «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы құжаттар; «Қызылорда облысындағы Ленинск қаласының атын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 20 желтоқсандағы №2695 Жарлығы; фотоқұжаттар және тағы басқа құжат кіреді.
3-топтамада Байқоңыр ғарыш айлағы мен ғарышкерлерге қатысты Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері: Б.Қ.Тайжанның, Д.Е.Әбдірахимованың, З.К.Камалиденовтің, О.Г. Дымовтың, Ұ.Қ.Қарамановтың, А.Қ.Джулмухамедовтің жеке қорларынан алынған құжаттар топтамасы ұсынылады.
Осыдан дәл 60 жыл бұрын, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағынан 1961 жылдың 12 сәуірінде «Восток» ғарыш кемесі сапарға аттанған еді. Адамзат тарихында алғаш рет жер орбитасын айналып ұшқан бұл сапардың жалпы ұзақтығы небәрі 108 минутқа созылған болатын. Бұл оқиға бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып, Юрий Гагариннің аты аңызға айналды. Ал Байқоңыр ғарыш айлағының стратегиялық маңызы арта түсті.
Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан 150-ден аса ғарышкер ғарышқа сапар шегіп, ғылыми-зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар.
«Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бүгінге дейін космосқа жалпы 568 адам ұшқан. Олардың ішінде – 148 КСРО/ресейлік азаматтар.
Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазанында Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Халықаралық кеңестік-аустриялық экипаж мүшелері: Ф.Фибек (Аустрия), А.А.Волков – экипаж командирі, Т.О.Әубәкіров жер төңірегіндегі «Мир» орбиталдық кешенінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген еді.
Екінші қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. 1994 жылы 1 шілде 4 қараша аралығында «Союз ТМ-19» кемесінің ЭО-16 борт инженері ретінде бірінші рет ұшты. 1998 жылдың 29 қаңтар – 25 тамыз аралығында ЭО-25 (НАСА-7/ «Пегас») бағдарламасы бойынша «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің экипаж командирі ретінде екінші рет ұшты. 2001 жылдың 28 сәуір – 6 мамыр аралығында «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші рет ұшып, жерге «Союз ТМ-31» кемесімен оралды. Осы жолғы сапарда экипаж құрамында әлемдегі бірінші ғарыштық турист, АҚШ азаматы Деннис Тито да ұшқан болатын.
Үшінші қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйек аралығында ғарышқа ұшты. Халықаралық экипаж «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен ғарышта жалпы ұзақтығы 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секунд болды.
Байқоңыр ғарыш айлағы 1955 жылдың 2 маусымында ресми құрылды. Дәл осы күні КСРО Қарулы Күштері Бас Штабы шешімімен №11284 әскери бөлімі мен зерттеу орталығы құрылған. Бүгінгі таңда дүние жүзінің бірқатар елінде ғарыш айлақтары бар, нақты айтқанда ұзын саны – 25. Дегенмен солардың ішіндегі төрт ғарыш айлағы ғана басқарылатын ұшырылымдарға арналған. Солардың ішіндегі ең алғашқы ғарыш айлағы, әрине, Байқоңыр.
АЛМАТЫ