Оқиға • 12 Сәуір, 2021

«Керуенсарай» – ең ірі туристік кешен

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуенсарай» көпфункционалды туристік кешенінің  ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

«Керуенсарай» – ең ірі туристік кешен

Инвестициялық жобаны Tur­kistan Tourism City компаниясы іс­ке асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесене­сіне қа­рама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік ай­мағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көше­сі, «ұшатын театр», ат шоуын өткі­зуге арналған амфитеатр, Шы­ғыс базары, сауда сөрелері мен бутик­тер, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кино­театр, отбасылық ойын-сауық орта­лы­ғы кіреді. Бұл ретте, барлық құры­лым­дар су арнасы арқылы байла­ныс­ты­рылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. 

«Керуенсарай» кешенінің Орта­лық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ке­йін өңірге туристер мен инвестиция­лар­ды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.

«Керуенсарай» кешенінің ашылу салтанатына Премьер-Министр Ас­қар Мамин, Түркістан облысының әкі­мі Өмірзақ Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова, сондай-ақ инвестор компа­ния­ның өкілі Қуанышбек Құдайберген қатысты.

А.Мамин Түркістандағы Қазақ музы­калық драма театрына барды. Ғима­раттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Бұл аса жаңа жабдықтармен және театр жұ­мы­сына қажетті барлық бөлмемен жабдықталған заманауи кешен. Көрермендер залының сыйым­дылығы 510 адамды құрайды.

Үкімет басшысы облыстық ғылы­ми-әмбебап кітапханамен танысты. Бұл – ақпарат пен шығармашылыққа арналған бірегей хаб. Ғимараттың үш қабаты оқу залдары, коворкинг-орта­лықтары, фото, бейне және аудиожазба, каллиграфия, қыш өнері студиялары, шеберханалары, оның ішінде 3D-модельдерді жасауға арналған шебер­ханалары, сондай-ақ кинокон­церт залы, кофеханалары, кітап кәде­сый­лары мен қолдан жасалған бұ­йым­дар дүкендері қамтылған аумақ­тарға бөлінген.

Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітап­тар­ды цифрландыру және консервация­лау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Түркістан қала­сын­да басқа да инвестициялық жо­ба­­лар­дың іске асырылу барысын тексерді.