Аймақтар • 12 Сәуір, 2021

Сәлем, Гарвард: талдықорғандық оқушы Америкада тегін оқитын болды

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сезім Ертаңатов әлемге әйгілі Гарвард университетінен шақырту алды, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Сәлем, Гарвард: талдықорғандық оқушы Америкада тегін оқитын болды

Жалпы, Американың ең танымал оқу орынының біріне түсу – Сезім үшін кездейсоқ жетістік емес. Жас дарын бұл табысқа талмай іздену мен қажырлы еңбектің нәтижесінде жетті. Осы мектептегі жоғары оқу жетістіктігі, көшбасшылық қасиетті және ғылымға деген құштарлығы қазақ баласына бәсекеге қабілетті білімнің қақпасын ашқандай. Өйткені, Гарвард – жоғары білім беру стандарттары бойынша АҚШ қана емес, дүниежүзіне танымал элиталық университетің бірі. Ал талдықорғандық Сезім Ертаңатов енді осы университтетің компьютерлік ғылымдар бөліміне түсіп, бакалавриат бағдарламасы бойынша оқымақшы.

– Мені әрқашан ақпараттық технологиялардың теориялық және математикалық тұрғыдан қалай жұмыс жасайтыны қызықтырады. Қазіргі уақытта мен Java, C++, PHP сияқты бағдарламалау тілін үйрендім. Өзім, сондай-ақ түрлі веб-сайттарды жасағанды, деректі фильмдер түсіргенді және бағдарламаларды редакциялағанды ұнатамын, – дейді болашақ студент.

Оның ұстазы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі математика пәнінің мұғалімі Зухра Даутова Сезімнің болашақта әлемді аузына қарататын табысты маман болуына толық мүмкіндігі бар деген пікірде.

– Сезімнің тапқырлығы тек математика сабағында ғана емес, жалпы мектептің өзін-өзі басқару бағытында да ерекшеленіп көрінді. Мектеп қабырғасында Сезім бірқатар еріктілер қозғалысын ұйымдастырды, кәсіптік бағдарлау комитетін ашты және БҰҰ моделі ойыны бойынша қалалық конференция ұйымдастырды. Сонымен бірге ол информатика және қазақ тілі пәндерінен «Жас ғалым», «Дарабоз» атты халықаралық, республикалық олимпиадалардның жүлдегері және жеңімпазы атанды, – дейді ұстаз Зухра Даутова.

Айтпақшы, Сезім Ертаңатов Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүріп, Гарвард университетінің гарнтын жеңіп алған екінші түлек екен. Бұған дейін осы мектептің тағы бір оқуышысы Америкадан шақырту алып, қазір сол елде білімін жетілдіріп жатыр.