Елімізге арнайы келген шетелдік тележурналистерді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов қарсы алып, өңір жайында мағлұмат берді. Ал корей тілшілері қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері жайында арнайы телебағдарлама түсіруге келгендерін айтып, шағын қаладағытуризмді өркендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жалпы, ЕBS теларнасының журналистері Текеленің көркем табиғатын аралап, тау арасындағы қаланың келісті келбетін айшықтайтын бейнебаян түсірмек ниетте екен.
- Шетелдік қонақтар тіршілігімізбен біте қайнасып жатқан ұлттық ерекшеліктерімізге, салт-дәстүрлерімізге, ұлттық өнер мен спортқа, әсіресе, халқымыздың ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан шаруашылығына, саятшылық өнеріне, атқа міну мәдениетіне, сонымен бірге, бала тәрбиесіне ерекше қызығушылық танытып, бесікке салу, тұсаукесер секілді жоралғыларға, көкпар, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарға ерекше назар аудармақ, дейді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.
Айтпақшы, корей журналисі Сон Жун ХванныңҚазақстан туралы арнайы телехабар түсіруге ниеті болғанымен, оны дәл осы Текеліде бастайтынын жоспарламапты да.
- Текелі қаласын таңдауымызға осы қаланың тұрғыны Файзолла Бүркітбай есімді адамның әлеуметтік желілерге салған суреттері түрткі болды. Ол кісі саятшы екен. Мен автордың құс баптау, ат баптау, саятшылық өнері жайындағы суреттері мен ақпараттарын қызығып оқып, зерттедім. Текеленің табиғи ерекшелігіне де суреттер арқылы қанықтым. Біздің бұл жобамыз Қазақстанның табиғаты жайындағы танымдық фильмге арқау болады, дейді корей журналисі Сон Жун Хван.