Өнер • 12 Сәуір, 2021

Сахнаның сандуғашы

997 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көргенде көз тоятын көркі, сымға тартқандай сымбаты болса, актерлік шеберлігі атойлап тұрса, бес қаруы бойында тұрған сахна әртісіне осыдан басқа не керек деп ойлаймыз.

Сахна сұлулықтың мекені саналған соң басқаша болуы мүмкін де емес. Бірақ актердің даралығын айқындайтын тағы бір талап бар және басты талап, ол – дауыс. Дауыс – адам болмысының сыртқы айнасы. Сахна өнері үшін тіл мәдениетінің орны бөлек.

Жай адамның дауысының қы­рық түрлі қатпары болғанда, түрлі кейіпкердің көңіл күй реңкін, жан толқынысын жеткізетін актер дауысына қойылатын талап екі есе күшті болатыны белгілі. Актер дәл осы дауыс арқылы көрерменнің есінде қалады. Жақсы дауыс – актердің жарты бақыты. Күлдің астына көміп қойса да, күркіреп шығатын кешегі Шәкен Айманов пен Ыдырыс Ноғайбаевтардың, бір «Қыз Жібек» фильмінде әрі Жібектің сөзін дыбыстап, әрі жеңгесі болып сызылған, кемел­деніп қалған жасында сотқар «Қожа» болып сөйлеген Фарида Шәріповалардың дауысы тарлан­дар талантының қайталанбас қыры қатарында әлі күнге аталады. Ұмытылмайды. Өкінішке қарай, үн, дауыс, сахна тілі – көңіл күй реңкін жеткізудің керемет аспабы екенін бүгінде санаулы әртістер ғана дәлелдеп жүр. М.Әуезов атын­дағы Ұлттық театрдың орта буын­дағы әртістері арасы­нан Гүлшат Тұтованы спектакль­дерден көрген сайын дауысына назар аударатынымызды бай­қаймыз. Дауысынан да, ойын өр­не­гінен де классикалық дәстүр мек­тебінің ізін көреміз. Құлақ құ­рышын қандыратын бояуы қанық, сандуғаштай сайраған ашық дауысы қашан да еліктіріп, сахнадағы ойынына зер салып қарауға міндеттеп тұрады.

Актриса не оқығанын, не біле­тінін, өнерінің қандай деңгейде дамығанын дауысы арқылы біл­діреді. Сөзінде сурет, дауысын­да сиқыр бар. Гүлшатқа кеңір­де­гін созып айғайлаудың керегі жоқ, айғайламаса да дауысында батпандай салмақ, зіл жатады. Сы­бырлап сөйлегенін түкпір­де­гі адам естиді. Жанында ойнап жүр­ген кейбір жас актерлер жау қу­ғандай асығып-аптығып сөй­леп, сөзіне қақалып-шашалып жат­қанда, әр сөзі нысанаға көз­дел­ген жебе секілді сахнаны жарып өтіп, кеудеге келіп қонақтап, қыз­­дырып, күйдіріп өтеді. Дауыс­тың да ин­теллектісі болатынын Гүлшатқа қарап толық пайым­дауға болады.

Салиқалы, сабырлы мінезінен айнымайтын Гүлшат өз қатарынан кешірек танылды. «Өнер – бәйге» деп екі өкпесін қолына алып жү­­гірмеді. Гүлшат ешқашан Қарагөз, Еңлік, Баян болып ойнамады. Ол үшін өкінбейді. Бірақ бұл үшін ешқашан режиссерлерді, көркемдік жетекші, директорларды кінәлап көрген емес. Себебін тек өзінен іздеді. Себебі нағыз танылатын шағында дүниеге перзент­терін әкеліп, отбасындағы Ең­лік пен Қарагөздерді тәрбиелеп, рөл ойнап көрінетін кезінде бала бағып, декреттік демалыстарда отырды. Тағдырдың сынағын да аз көрмеді. Бір жасында дәрігерлер салған антибиотиктің салдарынан құлағы тарс жабылып, саңырауға айналған қызы Әйгерімді жиырма жыл бойы түрлі емхана кабинеттерінің есігін тоздырып, табандылықпен емдетті. Сы­ныптастары құлағындағы аппаратын жұлып алып, құрбыла­ры кемсітіп, үйге жылап келетін қызын іші қан жылап тұрып жұ­батудан, жігерлендіруден жа­лық­пады. Анасының күтімінің, се­німінің арқасында Әйгерім Тұ­това бүгінде ел таныған ән­шіге айналды. Польшада өт­кен байқауда бірінші орын алып, Қазақстанның көк туын жел­біреткенде анасы көз жасына ие бола алмады. Жақсылық жал­қы болмай, жеңістің соңы Әйге­рімнің Санкт-Петербургтегі же­ке шығармашылық концертіне жал­ғасты. Жапон композиторы қазақ әншісіне арнап ән жазып, Жапонияда жеке концертін өт­кізуге шақырды. Осының бәрі ең алдымен, анасы Гүлшаттың еңбегінің жемісі. Гүлшат ең үлкен міндетін – перзент алдындағы аналық парызын орындады.

Әртіс үшін өмір бойы орта­қол әртіс болып жүруден асқан қасірет жоқ. Тасада жүрген театр әртісі Гүлшатты кино сала­сын­да көрерменге тұңғыш рет та­ныстырған режиссер Еркін Ра­қышев болатын. Мейлі, «кә­сіби деңгейде түсірілмеген фильм» деп кінәласын, сын айтсын, мін тақсын, бірақ Гүлшат Тұ­тованы халыққа таныстырған «Же­тімдер» фильмі еді. Көрер­мен пікірі сан қилы болса да, ха­лық фильмді қабылдады. Се­бебі Гүлшат өз рөлімен көрер­меннің қабылдамасқа амалын қал­дырмайтындай дәрежеде жұ­мыс істеді. Үлкен өнердің жо­лында жүрген соң өміріне жар­қыл, жарылыс керек екенін, тұр­мыстан биіктеп, жұмысқа белсене кірісу керек екенін түсінді. Өзін осы жолы актриса ретінде дәлелдемесе, әрі қарай жүре бе­рудің мағынасыз екенін, отба­сы, ошақ қасынан ұзай алмай қала­тынын сезінді. Жүрегіне от берген сол жарқылды актрисаға Е.Рақышев сыйлады. Тәңірдің бұл сыйы үшін Гүлшат режиссер­ге рахметін жаудырғаннан жа­лыққан емес.

Шығармашылық жауапкер­ші­лігі зор классикалық спек­такль­дердегі рөлдер Гүлшаттың оң жамбасына жақсы келеді. Жас­тау кезінде ойнаған сұлу­лар мен арулардың образы уақыт өте келе жеңгелер мен бәй­біше­лердің рөлімен алмасты. Сах­на тілінде «переход» деп ата­латын үйреншікті бір күйден қа­рама-қарсы күйге ауысу актерден кәсібилікті қажет етеді. Ару қыздардан соң, өз жасындағы ке­лісті келіншектердің бейнесінен кейін мінезді, адуынды бәйбішелер мен кексе әйелдердің келбетін жасау актрисаға оңайға соқпаса да, Оразхан Кенебаев секілді талапшыл режиссердің көмегімен оны да тез-ақ меңгеріп алды. Әйтпесе сексендегі әженің рөлінде ойнап тұрып, көзін аударып-төң­керіп, сынықсып жүріп, сыл­қылдап күліп, қырықтағы қы­лықты мінезін көрсетіп, сахнада өзін ойнап жүретін актрисалар аз емес. Көрерменнің күлкісін ша­қыратын мұндай біліксіздікті Гүл­шаттың бірде-бір рөлінен көр­мейсің. Алдыңғы толқын апа­ларының ойынын, әсіресе «пере­ход» жасаудың айтулы шебер­лері Ғазиза Әбдінәбиева мен Данагүл Темірсұлтанова сынды әпкелерінің әр жасаған образын қадағалап, кәдесіне жарайтын бір үлгіні та­буға, зердесіне пайдалы ой түйіп қалуға тырысып жүреді.

Жастау күнінде Асанәлі Әші­мов айтты деген бір сөзге қатты таңырқаған еді. «Құмарыңнан шығып бір ойнайын десең, сах­нада лайықты серіктесің жоқ. Бәрі кетіп қалды» деген қамыққан сөзін естігенде, Гүлшат «серіктесі жоғы несі, жүрген жоқпыз ба?» деп ойлаған екен. Күпірлік болыпты. Өзі де орта буынның өкі­ліне айналған кезде, алпыс жыл­дан артық өмірін сахнаға арнап, таланты бірінен бірі асып, тамсандырар ойын өрнектерін көрсеткен тарландарын аңсаған Асанәлі ағасының сөзін бүгінде бүкіл жұлын-жүйкесімен түсінеді. Сахнада бірге ойнап жүрген се­рік­тестердің қас-қабақтан тү­сінісіп, ойнамасына, шабыттан­басына қоймай бірін-бірі үйі­ріп, жетектеп ала жөнелетін ше­бер­лігінің маңызын енді өзі де сезіне бастаған. Әркімнің өзі­не лайық серіктесі болса, суда жүз­ген балықтай еркін жүріп, от бо­лып лапылдап жанып, сахна­ны гүлдендіріп жіберетінін ұқты. Сондықтан өзінен мықты әріптестерімен бірге ойнаған кезде «шаппа-шап», сөзі мен әрекетін іліп алып, әрі қарай тұтандырып жіберетін тәсілдер табуға төселіп алған. «Бес бойдаққа бір той» спектакліндегі Қазақстанның ха­лық әртісі Нүкетай Мышбаева апасының меншікті рөлінің ізба­сары болғанда, корифейдің образына карикатура жасағандай күлкіге қалып жүрмейін деп, жа­уапкершілікті терең сезіне жү­ріп, жанын салып ізденді. Бұл аз болса, сахнада Бекжан Тұрыстай сайыпқыранмен бірге ойнау екі есе жауапкершілік жүктейді. Сах­нада ойнап жүріп табан астында бір детальді ойлап тауып, адам­ның түсіне де кірмейтін тосын әрекеттер жасайтын Бекжан аға­сының жасағанын қағып алып, әрі қарай дамытып әкетпесе, енесінен адасқан қозыдай айдалада маңырап қалатыны анық. Нүкетай апасы спектакльді ке­ліп көріп, бас бармағын білеп баға­сын, қолын жайып батасын беріп, соңынан сыйлығын қоса тарту еткеннен кейін ғана екі иығынан жүк түскендей көңілі тыншыды.

Бүгінгі күн ізденісті қажет ете­ді. Себебі қазіргі көрерменнің тал­ғамы биік, өресі жоғары. Кешегі күнгі болмашыға жылай салатын, күле салатын аңғал көрерменді бүгін таппайсың. Сахна айна се­кіл­ді, сәл ғана қателігіңді сезіп қояды.

«Қазақстан» ұлттық арнасы түсір­ген ұлы ақынның үш ке­зең­нен тұратын жасын тұтас қам­тыған алты сериялы «Абай» филь­мінде бас кейіпкердің анасы Ұлжанның рөлінде ойнады. Сахнада да, кинода да ұлы ойшылды ойнап танылған, жасы да, шеберлігі де өзінен көш ілгері Болат Әбділманов секілді өнер майталманының шешесі болып, оған ақыл айтып, өз образын қа­наттана сомдап, сенімді алып шықты.

Гүлшат Тұтованы кәсіби дең­гейдегі актерлердің қатарына ­қос­қан үлкен рөлдерінің бірі – Әпіш­­тің бейнесі. Жүрген же­рі ойын-сауық, айналасына қыз-келін­шектерді ертіп, өзі­не талай аруды ғашық еткен Бір­жан салдың балаларын өмір­ге әкеліп, босағасын адал­дықпен күзеткен Әпіш бұл. Режис­сер Досхан Жолжақсынов Гүлшат­тың бейкүнә баланың жанарындай тазалық тұнып тұратын көздеріндегі қоңырқай мұң мен дөңгелек жүзі үшін ойланбас­тан осы образды ұсынған еді. Қателеспеді. Мұндай рөлдің уысы­на күнде түсе бермейтінін біл­ген Гүлшат Асқар Сүлей­ме­новтің «Адасқағын», ақынның Әпішке арнаған өлеңін қайталап оқып, алты айын арпалыс пен толғаныста өткізді. Түсіру ала­ңына барғанда шын толқыды. Біржан тоқал аламын деп отыр. Қайтпек керек? Көз алдына елес­тетті. Сарықарын бәйбіше жасына жеттім дегенімен, бұл да әлі жас, қылығы әлі қалған жоқ, қызуы, қызығы басылған жоқ. Сөйте тұра өз балаларының әкесі үстінен тоқал аламын деп тұрса, бұл қалай қабылдаған болар еді? Әпішті түсінгісі келді, бірақ іші­не қызғаныштың қызыл шоғы түсіп кеткен екен, жанын өртеп, жалаңдаған от кеудесін қарып, ішін түгел жандырып, кеңірдек-кеңсірігіне дейін удай ашытып күйдіріп барады. Көзіне жас кел­ді. Бірақ өзінің ғана емес, Бір­жандай ел еркесінің абыройын биік қойған Әпіш тектілігін танытып, ел алдында басқа сөзді айтуға мәжбүр. Бар қайратын жиып алып, жанарында тығылып тұрған жастың бір тамшысын да үзіп алмай, көзіне іркіп алған күйі күліп тұрып кең әйелдің мінезін көрсетті. «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның жаны садаға». Ұлттық киноға сусап қалған көрермен нағыз қазақ әйелінің бейнесін көріп сүйсінді. Ақылды, парасатты мінезіне қар­­қарадай жаулығы жарасып, кеу­десін тік ұстаған Гүлшаттың кер­нейіне жеткізіп, келістіріп тұрып айтқан сөзін көрерменнің ұнат­қаны сондай, қанатты сөзге айналдырып, орайы келгенде өздері де қолданатын болды.

Гүлшаттың дауысы дара дедік, себебі бар. М.Әуезов театрының мерекелік, ойын-сауық кеш­терінде халық әні «Балапан қа­зын» сызылтып шығатын Гүлшат актриса болмағанда, әншілік өнердің жолын қуған танымал өкілдерінің бірі болатынына еш күмәнсіз бәс тігуге болады.

Бұл өлке – біздің ауыл

жайлаған жер,

Желіге асау құлын

байлаған жер.

Көзіме от-жалындай көрінеді,

Құрбыммен құлын-тайдай

ойнаған жер.

Е-е-й, ахау сабаз,

Ұшырған ұясынан балапан қаз».

Сезімнің нәзік иірімін сурет арқылы астарлы айтқан әсем әннің өзегіндегі кеудені қаритын арман мен мұңды дәл Гүлшаттай жеткізетін әнші кемде-кем. Ән емес – драма. Бүлкілдей аққан күретамырдағы қанмен бірге бой-бойға шымырлай тарап, саз­ды әуенмен бірге төгілген күйік аралас аңсарды баяғының әжелеріндей бас изеп отырып, саф дауыспен айтылған сұлу әнді сіміре бересің.

Тұяғымен жер тарпыған кіл дүлдүлдер мәртебесін көтеріп кет­кен қара шаңырақтың дәстү­рін өзінше жалғастырып келе жат­қан кейінгі буынның арасында айрықша көзге түсетін Гүлшат Тұтова, бастысы, өзіне, өнеріне адал. Адалдықтың адамды көштің соңында қалдырып көрген жері жоқ. Самсаған саңлақтар мен жұтынған жүйріктер шапқан өнер аламанында дара дауыс иесінің демінің дәл құлақтың түбінен ес­тілетіні де сондықтан болса керек.