Экономика • 13 Сәуір, 2021

20 млрд теңгеге жуық көлік салығы түсті

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар-сәуір аралы­ғын­да көлік құралдарына салынатын салыққа байланысты жеке тұлғалардан бюджетке 19,7млрд теңге көлемінде салық түсті.

20 млрд теңгеге жуық көлік салығы түсті

Наурыздың аяғына таман жинақ­талған қаражат 6,6 млрд теңгені құ­раса, алдағы төлемдер туралы хабарлама жіберілген соң, ақша көлемі 13,1 млрд теңгеге ұлғайған. Мұндай статистиканы Мемлекеттік кіріс­тер комитеті жариялады. Ведомство­ның мәліметіне сәйкес, 2 сәуірден бас­тап әр кешіктірілген күнге өсімпұл есептеледі. Осыған дейін комитет­тің Telegram арнасында көлік салы­ғы­на қатысты сауалдама жүргізіл­­ген. Соған сәйкес, респонденттердің 36%-ы салық сомасын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы білсе, 30%-ы банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жөнінде хабардар болды. Сол секілді қатысқандар­дың 5%-ы e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы калькулятордың көмегімен өздері есептесе, 21%-ы Мем­лекеттік кірістер комитетінің пор­талындағы калькулятордың көмегіне жүгінген. Қалған 8%-ы Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, кеңес алуды құп көріпті.

Осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығына байланысты алдағы төлемдерді алғаш рет e-Salyq Azamat мобильді қосымшасына жібе­ретінін мәлімдеген.

2020 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметтері негізінде есептелген.