Наразылар көшедегі көліктерді өртеп, құқық қорғау қызметкерлеріне тас, ағаш, жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкелер лақтырған. Өткен бейсенбіде митинг жаңаша сипат алды. Бұған дейін наразы «лоялист» жастар өз аймағында ғана шерулетсе, ендігі жерде «республикашылар» мекендейтін аумаққа шабуылдамақ болған. Басты қақтығыс Белфасттағы «Бейбітшілік қабырғасы» маңында өрбіді.
Айта кеткен жөн, лоялистер Ұлыбританиямен одақта қалуды қолдайды. Ал республикашылар Ирландия республикасына қосылуды көздейді. Екі тарап жастарының қақтығыспауы үшін жергілікті саясаткерлер «Бейбітшілік қабырғасына» жиналып, ортаға сап түзеп тұрды. Сөйтіп шиеленістің одан әрі ушығуын тоқтатты. Әйтсе де, наразы жастар, негізінен, өз аймағында ойран салуды жалғастыра берді.
Оның үстіне, Солтүстік Ирландияда бейбітшілік орнағаны кеше ғана. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақтығыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армиясы (IRA) Ирландияның бірігуі және британиялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. ИРА сарбаздары жер-жерде жарылыс жасап, халықты үрейде ұстады. Тіпті олардың дақпырты ел астанасы Лондонға да жетіп жатты. Тұманды Альбионның елордасында талай мәрте террористік актілер жасалды.
Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісіміне қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды. Алайда католиктер мен протестанттар арасындағы алшақтық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласында әлі күнге дейін екі ағымның өкілдері бөлек-бөлек қоныс тепкен. Қарапайым халық арасында дінаралық байланыс жоқ. Тіпті шаһардағы орта мектептердің 90 пайызға жуығы бір ағым өкілдеріне ғана арналған. Оның үстіне, кейінгі жылдары елде католиктердің саны артып келеді.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, наразылық акцияларының басталуына Солтүстік Ирландия прокуратурасының «Шинн Фейн» республикалық партиясына қатысты шығарған шешімі әсер еткен. Былтыр ИРА-ның белді өкілдерінің бірі Бобби Стори қайтыс болған-ды. Оны жерлеу рәсіміне «Шинн Фейннің» бірнеше мүшесі барған. Оның үстіне рәсімге жиналғандардың саны екі мыңнан асып кеткен. Бірақ сол кезде елде коронавирус пандемиясына байланысты локдаун енгізілген-тұғын. Сондықтан мұндай жиындарды өткізуге тыйым салынған еді. Жерлеу рәсіміне қатысқандардың арасында «Шинн Фейн» төрағасының орынбасары әрі Солтүстік Ирландияның вице-премьері Мишель О’Нил болған.
Прокуратура осы оқиғаны зерделей келе, республикалық партия өкілдерін локдаун ережелеріне қарсы әрекет жасап, заң бұзғаны үшін жазаламауды ұйғарған. Мұндай шешім лоялистерге ұнаған жоқ. Сондықтан да алғашқы наразылық та солар тұратын аймақта басталды.
Сонымен қатар Брексит те жанғалы тұрған отқа май тамызды. Мәселен, Ұлыбритания Еуропалық одақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландияға келетін ағылшын тауарларына кедендік бақылау енгізілді. Бұл жергілікті лоялистерге ұнаған жоқ. Олар Белфаст пен Ларн қалаларындағы кедендік тексеру орталықтарының қабырғасына «ескерту» қалдырған. Сондықтан Брекситтен кейін тауарларды тексеру міндетті болғанына қарамастан, әзірге жергілікті билік оған асығар емес.
Жалпы, бұл шекара мәселесі Солтүстік Ирландия үшін өте өзекті. Бертінге дейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекараны қызуқанды ирландтар емін-еркін кесіп өтіп жүрді. Соның нәтижесінде сауда-экономикалық қарым-қатынас жеңілдеп, әлеуметтік және мәдени мәселелерде халықтың жақындауына оңтайлы мүмкіндік туды. Мәселен, күніне 30 мыңнан астам адам шекараны арлы-берлі кесіп өтеді екен. Енді, мұның бәріне кедергі келуі әбден мүмкін.