Коронавирус • 13 Сәуір, 2021

Павлодарда жағдай күрделене түсті

197 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, індетке шалдыққандар қатары күрт артқан жағдайда өңір дәрігерлері барлық ем-шараларды көрсетуге дайын. COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі эпидемиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

Павлодарда жағдай күрделене түсті

Павлодар қалалық №4 емханасының бас дәрігері Арман Отарбековтің ай­туынша, екпе алуға келген адамның ағзасы толық тексеріледі. Бірде-бір вакцина адам ағзасын аурудан толық сақтай алмайды. Ал Спутник V препаратының тиімділігі жоғары. Вакцина дәрі емес. Сау адамның бойында жаңа вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Сол арқылы екпе алған адамның ағзасы вирус­пен оңай күреседі. Індеттің асқы­нуына жол бермейді.

Өңірде соңғы күндері індет жұқ­тыру белгілерімен ауруханаларға жат­қы­зыл­ған науқастардың саны шамамен екі есеге артты. Басқарманың мә­лі­­метінше, қазір ауруханаларда 440 науқас емделуде, оның 25-і жан сақтау бөлімдерінде, 6-ы өкпені жа­санды тыныс­­­тандыру аппа­ратына қосылған. Өңірде ауыр­лығы орташа және ауыр дәрежедегі індет жұқтырушы науқастардың саны артқан. Тәулігіне орта есеппен 30 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркеліп отыр. Науқастар ауруханалардағы 1 394 инфекциялық төсектік орынның төрттен бір бөлігінде ем қабылдауда. Мысалы, 8 сә­уірде 34 адам індет жұқтырса, 50 адам індеттен жазылып шыққан.

– Егер вакцина саны екпе салуға жеткілікті болса, облыс орталығындағы сауда орталықтарында жасауға болады. Қазір бұл мәселе Индустриялық-инновациялық даму және Санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау бас­қарма­ларымен келісілді. Екпе алғысы келетін тұрғындарға сауда орталықтары алаң беруге дайын, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.

Денсаулық сақтау министрлігі өңі­рімізге вакцинаның 92 950 бөлігін жі­берген. Жұқпалы инфекцияның таралу көрсеткіші артса, тәулігіне 3 350 ПТР-тест жасайтын 6 зертхана жұмыс істейді. 11 оттегі стансасы дайын, 8-і ковидтік стационарларда орнатылған, 1 484 төсектік орын оттегімен, ауруханалар 11 компьютерлік томография, 82 рентген аппараттымен жабдықталды. Медициналық мекемелердің барлы­ғын­да жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектердің 45 күндік қоры бар. 580 медициналық қызметкерден жа­сақ­­талған резерв құрылған.

Қазіргі таңда «Гам-КОВИД-Вак» пре­паратының І компонентін облыстың 6 018 тұрғыны, II компонентін 2 856 адам қабылдады.

Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлердің жұмысы шектелмегендіктен, бизнес-қауымдастықты санитарлық талаптарды сақтауға шақыруда. Шағын және орта бизнестің жұмысын үйлестіру үшін COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб құрамына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қосы­латын болады. Өңірдегі ірі және шағын кәсіпорындарда да екпе салу басталды.

– Індеттің алдын алудың ең тиімді шарасы – екпе алу, – дейді мамандар. – 8 сәуірде өңірге 11 мың Спутник V вак­цинасы келіп, оны ауруханалар мен емханаларға беру басталған. Соң­­ғы айларда вакцина алғандардың қата­рын­дағы тізімде егде жастағы тұр­ғындар да кө­бейген, олардың саны мыңнан асқан.

Облыс орталығындағы №1 қала­лық аурухананың күйіктен емдеу бө­лім­шесінің меңгерушісі Марат Қан­жығалиннің айтуынша, ол екпені ең алғашқы болып салдырған. Мараттан басқа облыстың 171 медицина қызмет­кері «Гам-КОВИД-Вак» препаратын алғашқы болып қабылдаған.

– Екі кезеңнен тұратын екпе алған соң да ағзамда ешқандай теріс әсер болған жоқ. Өзіңнің індеттен қорғануың үшін қажет. Тегін жасалып жатқан мүм­кіндік. Сондықтан тұрғындарды екпе алу шарасына қатысуға кеңес берер едім, – дейді дәрігер.

Емхана тіркеуінде тұрған мұға­лімдер, прокуратура, сот, полиция де­пар­таментінің мамандары да екпе алуда. Тұрғындарды шақыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара телефон, емдеу мекемесінің әлеуметтік парақшасы, сайт, Whats App желісі арқылы ұйымдастырылуда. Екпе алғысы келетін адамдар учас­келік дәрігерлеріне хабарласып, жеке мәліметтерін қалдыра алады. Маман­дар оны тізімге қосып, препарат емха­наға түскен бойда алуға шақырады. Жал­пы, 7 сәуірдегі мәлімет бойынша I компонентте 10 632 адам, II компонентте облыстың 4 895 тұрғыны вакцина алды. Тұрғындар індетке қарсы екпе алу үшін egov.kz электронды порталында тіркеуден өтіп, өтінім беру арқылы жазыла алады.

 

Павлодар облысы