Оқиға • 13 Сәуір, 2021

«Бұл – менің қымбат қазынам»

1705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

– Орыс халқының «Ах, Самара, городок» атты тамылжыған тамаша әні айтылғанда, оның әсем әуені мен сұлу сезімге толы сөзіне ерекше елтіп, теңіздей тербелген көрермен көпке дейін Роза апамызды сахнадан жібермей қойды, – деп бастады әңгімесін Ерлан ініміз. – Оның алдында шырқалған – «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Іңкәрім-ай», «Таң са­малы» сияқты әндерге де жұрт ұзақ қол шапалақтап тұрып алған болатын.

«Бұл – менің қымбат қазынам»

– Сонда бұл қай кездегі, қай жер­дегі концерт еді?

– Айтайын. 2006 жылдың мамыр айы. Алматы облысының Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық Мә­дениет үйі. Қазақтың ұлы әншісі, Халық қаһарманы, марқұм Роза Бағланова жеке концертін берген.Сондағы жиналған елдің көптігі-ай, залда ине шаншар орын жоқ, түрегеліп тұрғандар да аз емес еді. Халықтың сүйікті әншіге, оның өнеріне деген шын махаббатына, шынайы құрмет-сы­йына куә болдым мен сол кезде. Куә болып қана қоймай қызметтік міндетіме сай (аудандық «Заман жар­шысы» газетінің редакциясына фо­тотілші болып орналасқаныма бір-екі жыл өткен) ол кісіні бірнеше рет суретке де түсірдім.

– Ал, мына суретте Роза Тәжі­бай­қызымен өзің қатар тұрсың ғой...

– Иә, оның мән-мәнісі былай. Кон­церт аяқталғаннан кейін ел алдына шығуға дайындалатын бөл­месіне келіп: «Роза апа, мен де сіз­бен суретке түсейінші» дедім ұял­сам да батылым жетіп. Алдында с­у­ретке түсіріп жүрген мені жақсы бай­қап қалған болуы керек, жайдарылана күліп: «Кел, келе ғой, айналайын!» дегені. Сондағы қатты қуанғаным-ай! Мынау сол сурет еді. Бұл – менің ең қымбат қазы­нам­ның біріндей, сондықтан үйім­нің төрінде ілулі тұр.

Ерлан Болатұлы Әлиасқаров әлі күнге дейін аталған аудандық газетте істейді, облыстағы мықты фото­тілшінің бірі. Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі, Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі Құрмет гра­мотасының иегері. 2020 жылы Ал­маты облысы әкімінің «Самғау» жур­налистер байқауының «ең үздік фото­тілші» аталымы бойынша бас жүл­дені жеңіп алған.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы