Аймақтар • 13 Сәуір, 2021

Түйе көтерген Тимур

485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте күш атасы Қа­жымұқан Мұңайтпас­ұлы­ның 150 жылдығына орай даңқты балуанның ізін жалғап, өнерін паш етіп жүр­ген қол күрестен халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаев сал­мағы 400 келіге жуық түйені көтерді.

Түйе көтерген Тимур

Осылайша қол күресінен Азия чемпионы, Қазақстан Респуб­лика­сының 5 дүркін чемпионы, Әлем рекордшысы, Франция, Германия, Өзбекстан, Ресей елдерінде өнер көрсеткен Тимур Даулетбақұлы шаһардағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда орналасқан қазақ толағайының ескерткіші алдында жарты тонна тартар Ойсыл­қараның тұқымын тік көтеріп, бабалардан жалғасқан бағзы өнерді ел-жұртқа көрсетті.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Бауыржан Тұ­манбаев, даңқты боксшы, Сидней олим­пиадасының күміс жүлдегері Мұх­тархан Ділдәбеков Тимурға сәт­тілік тілеп, Қажымұқан атасының ісін әлемге танытуға тілектестік білдірді.

Түйе көтеруден бөлек, Тимур 25 кило тартатын семсер қылышты бір қо­лымен ұршықша иіріп, көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта жас балуан өнерін Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін арнайы сынақтан өтетін болады.

Алқалы жиында сала басшылары ұлтымыз ғана емес, түгел түр­кіге ортақ күш атасының өне­рін дәріптеу, келер ұрпаққа наси­хаттауда ерінбей еңбек етіп жүрген Тимурдай талантқа қолдау көр­сетілетінін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ