Қоғам • 13 Сәуір, 2021

1 еуроға баспана сатып алуға болатын әлемдегі 9 қала

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғам белсендісі, журналист Дәулет Төлеутайұлы Telegram парақшасында 1 еуроға баспана сатып алуға болатын әлемдегі 9 қаланы атап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

1 еуроға баспана сатып алуға болатын әлемдегі 9 қала

1. Рубе қаласы, Франция

Бельгиямен шекарада орналасқан кішкене қалашықта үйлер бағасы - 1€. Бағдарлама мақсаты: қала өмірін жандандыру. Кемшіліктері: үйді өз қаражатыңызға қалпына келтіресіз және 5 жыл көлемінде оны сатуға болмайды.

2. Кобридж, Англия

Стаффордшир жомарттық акциясының мақсаты: үйлерге екінші өмір беріп , қаланы жаңарту. Кобридж қаласында 1€ тұратын он шақты үй бар. Десе де, 1€ - бұл тек бастапқы салым. Келісімшартта үй иесі 30 мың фунт стерлинг көлемінде несие алуы керек немесе үйді қалпына келтіретін қаражаты бар екені жөнінде дәлелі болуы қажет. 5 жыл ішінде үйді сатуға тыйым салынады.

3. Ливерпуль, Англия

Сатылатын үйлер Энфилд ауданында орналасқан. Бағдарлама мақсаты: ескі үйлерді жаңарту, қалыпқа келтіру. Сатылым алдында қала билігі үйлерді жөндеуден өткізетін болады. Айта кетерлігі ұсыныс тек Ливерпуль тұрғындарына ғана арналған.

4. Каррега-Лигуре, Италия

Каррега-Лигуре басшылары ауданның босап қалуын алдын алатын жоба ойлап тапқан. Бұл адам ең аз тұратын аудандардың бірі. Есесіне, экологиясы тамаша. Баспананы тек экологиялық материалдарды қолдану арқылы қалыпқа келтіру керек. Және бұрынғы түрін өзгертуге тыйым салынған.

5. Хоккайдо аралы, Жапония

Хоккайдо аралының басшылары жерді тегін таратуда. Бір ғана шарт: 3 жыл ішінде сол жерге өз үйіңді салып, ресми түрде тұрақтау керек. Және 2 айдың ішінде жөндеу жұмыстарын бастап кетуіңіз қажет.

6. Лечче-неи-Марси, Италия

Қалашықта үйлерді 1€-ға сатып жатыр. Жергілікті мекенге тіркелу шарт емес. Алайда нотариустың барлық шығындарын өтейсіз, және де реконструкция жобасын дайындайсыз.

7. Раппоттенштейн, Аустрия

Бұл елді мекен солтүстік Аустрияда орналасқан. Халық саны күрт азайған елді мекен басшылары 2009 жылы жерді тегін бере бастады. Тек 10 жылдың ішінде отбасылы болуы қажет. Бірақ 3 жылдың ішінде жердің жаңа иелері үй салуға міндетті. Олай болмаған жағдайда, 12 мың € көлемінде айыппұл төлейтін болады.

8. Ганджи, Италия

Тарихи шаһардың халық саны азайып жатыр, сондықтан, бұл жақта үйлер 1€-ға сатылады. Күрделі жөндеуді қажет ететін үйлерді тегін , ал жағдайы жақсы үйлерді 100$-ға сатып жатыр. Айта кетерлігі, үйлердің жағдайы өте нашар. Сатып алушы жөндеу жұмыстарын өз қалтасынан жүргізетін болады. Оған қоса, құжаттарды рәсімдеу 6000 € тұрады.

9. Шан де Бюль, Франция

388 тұрғыны бар елді мекенде жер 1 шаршы метрі 1€-ға сатылады. Өкініштісі, сатып алушының міндетті түрде баласы, отбасы болуы тиіс. Ұлт пен азаматтылық маңызды емес.