Оқиға • 13 Сәуір, 2021

2 адамның өмірін қиған көлік жүргізушісі сотталды

2109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 59 жастағы әйел өліммен аяқталған жол апаты үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2 адамның өмірін қиған көлік жүргізушісі сотталды

Бұл жол-көлік оқиғасы Алматы қаласының Бостандық ауданында орын алған.

С.М.Танекеева есімді азаматша «Toyota Land Cruiser Prado» автокөлігімен  Есқараева көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылысқандағы «жол беріңіз» белгісін елемей жол қиылысына шығып кеткен.  Сол жерде Розыбакиев көшесімен солтүстікке қарай жүріп келе жатқан «Lexus GX-300» маркалы автокөлікпен соғысқан. Соққы нәтижесінде «Lexus» инерциямен жол жиегінде тұрған төрт жаяу жүргіншіні қаққан. Олардың бірі – 1992 жылы туған азаматша, алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Тағы бір жаяу жүргінші – 1994 жылғы азамат ауруханада көз жұмды. Басқа зардап шеккендер медициналық мекемелерге жатқызылды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустем Әбдрахманов.

Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша жүргізілді. Жүргізілген тергеу әрекеттері, сондай-ақ, сараптамалық зерттеулер С.Танекееваның кінәсін дәлелдеді. Алматы қаласының Бостандық аудандық сотымен екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.