Спорт • 13 Сәуір, 2021

Сұлтан Әсетұлы Азия чемпионы атанды

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күні Қазақстан құрамасы үш жүлдеге иелік етті.

Сұлтан Әсетұлы Азия чемпионы атанды

Барлық қарсыласын қапы қалдырып, ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Сұлтан Әсетұлы мен Әлімхан Сыздықов бас жүлде үшін таласты. 63 кило салмақтағы Әсетұлы осыған дейін тайпейлік Чжу Чи Хуан және сириялық Мұхаммед Фуаздытырп еткізбей жеңген болатын. Финалда ол ирандық Мейсам Далханимен күш сынасты. Таразы басы ұзақ уақыт бойы теңселіп тұрған бәсекенің тағдыры екінші кезеңінің бел ортасында шешілді. Қарсыласын жамбасқа салған Сұлтан айқын жеңіске қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды.

130 кило салмақтағы Әлімхан Сыздықов бастапқы бәсекелерде жапониялық Сота Накамура мен Минжон Кимді қапы қалдырды. Ақтық сында қазақтың нар тұлғалы балуаны Иранның алыбы Әлиақпар Юсупахмадчалимен айқасты. Бұл тартыста Парсы елі өкілінің мерейі үстем болды. Әлімхан күміс медальді мойнына ілді. 

Ал 77 кило салмақтағы Демеу Жадыраев пен 87 кило салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов қола медаль үшін сайысқа түсті. Демеу түркіменстандық Мұхаммедберді Мамедовты ұтса, Нұрсұлтан өзбекстандық Руслан Ассақаловпен тең түсті. Ал күрестің ережесі бойынша соңғы әдісті кім жасаса,жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Ассақаловтың асығы алшысынан түсіп, Тұрсынов жеңіс тұғырына көтеріле алмады.