Руханият • 13 Сәуір, 2021

Ұлт ғұмыры – ұрпақ сабақтастығында

924 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттың ұлы болмағы ұрпақ сабақтастығының саралығында, алдыңғы толқынның даналығында. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» (Абай) дегендей, алдыңғы толқынның құрметі кейінгі толқынға қашанда керек. Оның әдемі үлгілері халқымызда болған.

Ұлт ғұмыры – ұрпақ сабақтастығында

Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті, әлемдік деңгейдегі ғалым Қаныш Сәтбаев жұрт болашағы саналған жастарға әр кез ілтипат танытып, қамқорлық жасаған. Бұл туралы оның қамқорлығын көрген, қазақ медицинасының айтулы өкілі, академик Сайым Балмұқановпен әңгіме-дүкен құрғанымызда, ол толқи отырып: «Қаныш Имантайұлының қазасы бүкіл ұлтты есеңгіретіп кетті. Бұл 1964 жыл еді. Мен Қанекеңсіз қалай болар екен деп ойлана бергенмін. Жоқ, Қанекең баулып, өзі қанатын қатайтқан азаматтар аға жолымен адал жүріп, алға басты. Халқы үшін бар саналы ғұмырын арнаған ұлы ғалымның аруағының алдында қия басқан жоқ. Сол үрдіс кейінгі кезде сұйылып бара ма, қалай? Ұлының ұлылығынан гөрі, өзін мықты көретіндер көбейіп бара жатқан жоқ па?!

Мен 37 жасымда ғылым докторы, 40 жасымда корреспондент-мүше, 45 жасымда академик атандым. Еңбегім де бар шығар. Дегенмен Қанекеңнің шарапаты тигені анық. Өмірден өтерінде артына өсиет-хат қалдырып кетіпті. «Заңгерлерді көтеру керек, осы салада қазақтан шыққан академик жоқ, ғылым докторы Салық Зиманов соған дайын тұр. Ал Сайым Балмұқановты мен көптен білемін, академик болуға лайық, дауыстарыңды беріңдер», депті. Рахмет, Қанекең сөзін шәкірттері жерге тастамады. Салық екеуміз 1967 жылы академик деген жоғары дәрежелі атаққа ие болдық. Мен Қанекеңнің рухы алдында өмір бойы қарыздармын. Бәрін де ұлы ұстазым, қамқоршым Қанекеңнен үйрендім», деген еді. Айта кетейік, Сайым Балуанұлы – Қаныш Имантайұлы қатерлі кеселге шалдыққанда алғаш оны анықтап, одан кейін үш жыл ем жасаған білімдар кісі еді.

Арқалы ақын Әбділда Тәжібаевтың батасын алған дара таланттар да аз емес. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев еді. Жыр аңызы жаңылған жоқ. Бұл күнде Мақатаев та аңыз адамға айналды. Осындай рухыңды көтеріп, шабытыңды шалқытатын шарапатты бата қазір суалып бара жатқандай көрінеді.

Бүгінде бұрынғылар ұлт сөзін сөйлемегендей, тіл жыртысын жыртпағандай, бәрін өздеріне теліп, тың жолдың иесі болғысы келетіндер әр тұстан төбе көрсетеді. Кейінгі ұрпақ тіл білмесе, олар кінәлі емес, бұл үлкендерге сын дегенді қадай айта келіп: «Сәбит Мұқанұлы сияқты бас жазушымыздың үлкен баласы – қазақ тілінен құр қалған жанның бірі. Ол осы күні қазақша тілі шыққан жас балалар кездессе, таңғалып қарайтын болыпты», депті Бауыржан Момышұлы 1944 жылы. Осындай кемшілікті бетке айтатын жан бүгінде азайып, тек кілең сыдырта мақтауға, көлгірсіп сөйлеуге әдеттеніп алдық. Ал халық жазушысы Сәбит Мұқанов өз ұрпағының тілден кем қалғанын мойындай отырып, тілдегі олқылықты болдырмау жолдарын тарата айта келіп: «Орыс сөзін алғанда қазақ тіліне бағындырып алу керек. Терминология дұрыс қалыптаспаса, әрқайсысымыз әртүрлі жазып, алалықтан құтыла алмаймыз», депті. Сол жиынға қатысқан ғалымдар мен журналистер басылымдардағы тіл мәдениеті – ұлт мәдениетінің көрінісі, ендеше бұған бәріміз жауаптымыз деген тоқтаммен тарқасқан. Осыдан елу үш жыл бұрын болған «Тіл мәдениеті және баспасөз» деген тақырыптағы конференция сияқты іс-шара қазір тағы бір өткізіліп, бүгінгі тіл мәдениетінің ахуалы талқыға түссе ғой, шіркін. Көп түйткіл ашылар еді, бетімен кетушіліктің бетпердесі түрілер еді.

Ақиқатына келсек, ұлттың екі азаматын ерекше атар едік, олар – Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібек. Ұрпақ үлгі етіп айтатын, халқы үшін қайыспай қызмет еткен солардай қайраткер шенеуніктер қайда бүгін? Жігерін жанып шыққан «Жас тұлпардың» болат тұяқ ұл-қыздарын, әлемді дүр сілкіндірген, қызыл империяның күйреуіне жол ашқан Желтоқсан батырларын қайда қоямыз? Жастарға үлгі етер олардың ерлігі, ұлтын сүйгендердің, озық ойлылардың жалтақтамай, тепсініп тұрып теңдік сұрағаны нағыз қаһармандық емес пе? Оны қазіргі еркін ойлы жасқа бұрмаламай, бұлтақтамай, қалыбын бұзбай жеткізу – бізге қарыз да парыз.

Өкінішке қарай, қазір екі тізгін, бір шылбырды есебін тауып ұстағандардың, қалталылардың сөзін сөйлеу, соған жалпақтау, соның ата-бабасын асыра мақтау, ертең осы өседі-ау дегендердің тек-тамырын әспеттеу асқынып бара жатқандай. Тіпті ана бір жылдары қолынан келіп, қонышынан басқандар Абайдың атын аударып тастап, әкелерінің есімін жаңғыртамын деп халық наразылығына тап болған еді. Ондай әттегенайлар қазір де кездесіп жатады.

Бұған қоса, дара дарындардың өрісін тарылтып, туған өңірінің адамы ретінде ғана бағалау басым болып бара жатқан секілді. Абай десе – Семей, Жұбан, Қадыр десе – Жайық бойы, Фариза десе – Атырау, Әбіш десе – Ақтау, Жетісу десе – Жамбыл, Тұманбай, Мұқағали, Кенен десе – Тараз, Қызылжар десе – Мағжан, Сәбит, Ғабит, Қарағанды десе, Қасым, Ғабиден көз алдымызға келетінін несіне бүгіп қаламыз? Бірлі-жарымы болмаса, көбінің атаулы күндері туған жерінде ғана атап өтіліп жатады. Ұлт арыстары бәрімізге ортақ деген ұлы ұғымды біз қалыптастырмасақ, кім қалыптастырады? Ал өңірлік деген қуанарлық іс емес. Тіпті бөлінудің өзі осында жатқан жоқ па екен деген бір сұмырай ой кейде маза бермейді. Бір жолы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен ой бөлісіп отырғанда абзал аға: «Қазақ үш жүзге бөлінбейді, үш жүзден тұрады, ол бөлініп, жарылу үшін емес, қан тазалығын сақтау, ұл-қыз денсаулығын бұзып алмау ниетінен туған, біз осыны естен шығармай, бабалар жолынан жаңылмасақ, адаспаймыз», деген аталы сөзін айтқан еді.

Жақында сөз ұстасы, ой алыбы Әбіш Кекілбайұлының тұңғыш немересі Абыл Әулетұлына телефон шалып, қаламгер туралы жарыққа шыққан энциклопедияны сұрағанымыз бар. Қағілез азамат кешіктірмей қолға тигізді. Өзім барып алайын дегеніме қарамай, өзі әкеліп берді. Кішілік, кісілік, тектілік деген осы шығар. Ол мемлекеттік қызметтен сәл қолы босай қалса, атасының бар мұрасын жинақтап, көзін көргендердің, достарының, замандастарының, ағайын-туыстарының естеліктерін жинап, жарыққа шығаруды мақсат етіп жүргенін жеткізді. Арасында энциклопедияның екі томына біздің жазған ой-пікірімізге ризалығын да аңғартты. Ойлы атаның ойлы немересінің бұл иманды ісі ұрпақтар сабақтастығына дәйек болатындай. Ең алдымен ел назарындағы қазақ қаламгерлерінің ұл-қызы осындай ыждағатты болса, ұлт руханияты әлсіремейді, қайта болаттай беки түседі. Амал не, кейде ондай ұрпақ төбе көрсетпей, тілі мен діліне мән бермей жүретіндер кездесіп жатады.

Иә, қазақты ұлт ретінде өшірмей келе жатқан сол тілі мен ділі, ұлттық салт-дәстүрі ғой. Бабалар дәстүрін, аталар жолын жалғаған Алаш арыстарының ізбасары Ақселеу Сейдімбек: «Елдік қадір-қасиеттің орнығуы алдымен елтанудан бастау алады», деп елтану мектебіне қажет әліппедей «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері» атты көлемді кітаптарында ұлтымыз жайлы ұлы ұғымдарды біраз тиянақтады. Біз осы еңбектерді жастардың көкейіне қондыра алдық па, әлде Ақаң кеткен соң көмескіленіп бара ма? Ойланарлық мәселе.

«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап» (Қ.Аманжолов), деп азат елдің ұл-қызына қызыға қарап қана қоймай, оларды бабалар дәстүрін жалғап, өзімшілдіктен бұрын өз ұлтының, өз жұртының тілеуін тілеуге талпынта алсақ, бұл қаны бір, жаны бір халқымыздың беріктігін бекітер тірлік болар еді. Бекем ел екенімізді көрсетер еді. Ұлттық мүдде жолында жер басып жүрген бар қазақ бір қазақпыз десек, бай-кедейге, қалталы-қалтасызға, мансапты-мансапсызға бөлінбесек, сонда ғана жастардың санасына ұлт ғұмыры – ұрпақ сабақтастығында екенін сіңіріп, «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» (Абай) деп жүзімізді жарқыратып, сөзіміз бен ісімізге селкеу түсірмей жүретінімізге иманым кәміл.