Аймақтар • 14 Сәуір, 2021

Қызыл судың қарқыны қайтты

256 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл өңір көктемгі су тасқынына қапысыз қамданды. 353,5 мың тонна инертті материал, 93,9 мың қап әзірленді. Су жолдары – жылғалар мен арықтар мүмкіндігінше мұқият тазартылды. Бұл жұмысқа мыңнан астам техника жұмылдырылды. Облыстық бюджеттен 643,4 млн теңге бөлінді.

Қызыл судың қарқыны қайтты

Көктемгі су тасқынынан қауіп­тенетін аймақтың бірі – Це­линоград ауданы. Бұрнағы жыл­дары талай мәрте су басып, жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, ауда­н ішіндегі жолдарды шайып кет­кен болатын. Биыл қар көп жауғанымен, күндіз еріп, түнде қатып, ылғал ұшып кетті. Бәлкім сол себепті болар, әдеттегідей алапат су тасқыны бола қойған жоқ. Әйтсе де, әлеуметтік же­лі­лерде Қоянды, Қосшы, Қара­өт­кел тәрізді елді мекен тұр­ғын­да­рының өкпе-назы айтылып жатты.

Орын алып отырған ахуал­мен танысудың сәті түсті. Ауданда қызыл судың қасіретін болдырмау бағытында жұмыс жүріп жатыр екен. Қоянды ауылынан 817 213 текше метр су шығарылған. Қазір ауыл ішінің кей жері кәдімгідей құрғапты. Тек ойпаң, еңісте ғана су бар. Пәлендей қорқынышты да емес. Бұл ауылда еріген қар суы­ның жолын бөгеуге қажетті құм салынған 600 қап дайындалыпты. Төтенше жағдайлар қызметінің 50 адамы, жергілікті атқарушы органдардың 20-ға жуық қызметкері жұмыс істеп жатыр. Ойпаң жерлердегі суды қауіпсіз жерге насос арқылы қуа­лап жеткізуге 23 техника жұ­мылдырылған.

Қар суы күрт еріген кезде 5 үйді басып қалыпты. Жеті адам ет жақын туыстарының үйін паналаған. Аудандық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Көнекөз қариялармен тілдескен кезімізде қар суының неліктен қауіп төн­діретіндігін пайымдадық. Елді мекен ойлы-қырлы, ылдиы мен еңісі мол жерге орналасқан. Ең басты себеп, әуелгі табиғи су жолдары үстіне тұрғын үй, қора-қопсы салынғандықтан жабылып қалған. Жоғары жақтан лықылдап келген қар суының әйтеуір бір жерден өтуі керек қой. Жолы жабылған соң жылға қуалап ағып жатыр. Тұрғын үй­лерді салған кезде табиғи су жолын бекітіп жаппау керек еді. Бұрынғы табиғи үйлесім бұ­зылған соң таудай мәселе тудырып тұр.

Әр жыл сайын көктемгі су тас­қыны бейнетін белден ке­шіп келе жатқан елді мекеннің бірі – Қосшы ауылы. Бұл ауыл­дан күні бұрын қасат қар шы­ғарылып, көктемгі сынаққа қам­данған. Еріген суды да қуатты техникалардың көмегімен ауыл сыртына насос арқылы аударып, жанталаса жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы ор­гандардың ұйымдастыруымен адамдар қызыл сумен алысуда. Жұмысқа 10 техника қатыс­тырылуда.

– Қар суы елді мекеннің шетіндегі екі-үш үйге дейін жет­ті. Судың еркін ағып кетуіне бө­гет кедергі болды. Бөгетті сынамалап, сәл аршып жол ашқан соң қызыл су қауіпсіз аймаққа ағып кетті, – дейді Қосшы ауыл­дық округінің әкімі Ерлан Жо­лымбетов, – бұл үйлер еңістеу жерге орналасқан. Ал қыраттау жерге орналасқан үйлердің ма­ңына су барған жоқ.

Округ әкімінің айтуына қа­рағанда, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендерді дамыту бағдарламасына сәйкес кө­шелер жөнделіп, суағарлар салын­бақ. Айталық, Қосшы ауы­лы­ны­ң 1,5 шақырым жолын жөндеу жобасы жүзеге асырылмақ. Жол жөнделген уақытта көктемгі су тасқынының алдын алатын суағарлар да салынатын болады. Елді мекеннің 84 көшесіндегі жалпы көлемі 59,4 шақырымды құрайтын жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Жоба құны – 8 399 млн теңге. Ағымдағы жылға облыстық бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Баянсұлу, Қозы Көрпеш, Шырақ, Тоғанас батыр, Әуезов көшелеріне жолдың негізі ретіндегі қиыршық тас төселеді. Мердігер ретінде «АБК Автодор» се­ріктестігі белгіленген. Абы­лайхан көшесінің жобалау-сме­талық құжаттары дайын. Қазір конкурс өткізілуде.

Осы жұмыстар толық аяқ­талса, елді мекен тұрғындары тарапынан түсетін арыз-шағым да азаюы мүмкін. Биылғы қар суынан келген кеселге айтылып жатқан өкпе-реніш те бар.

– Сәуірдің 8-і күні су жина­лып, табалдырыққа дейін келді, – дейді ауыл тұрғыны Рәкеш Сей­дахметов, – техниканы таңертең шақырып едік, кешке бір-ақ табылды. Егер осы бөгеттің астына ауқымы кең үш тұрба тастаса, бар мәселе шешілер еді. Сол тұрба арқылы жиналған қар суы еркін ағып кетеді ғой. Сонда жыл сайын өкпе-наз да туындамас еді.

Дәл осындай көріністі Та­лапкер ауылынан да байқауға болады. Мұнда да еңіс қуалай, жырақалар мен жол жиегін жа­ғалай айтарлықтай көп болмаса да, қызыл су ағып жатыр. Бір тәулік ішінде 21 870 тек­­ше метр су шығарылыпты. Төтен­ше жағдайлар қызметінің 17 жер­гілікті атқарушы органдар­дың 20 адамы қар суын ауыл ішінен 13 техника арқылы тазалауда.

Қараөткел ауылына да қар күрт еріген уақытта ішінара қауіп төнген. Елді мекеннен біз болған күні 21 870 текше метр шамасында су ағызылды. Қыраттау жер­­лер кеуіп үлгеріпті. Су тек ой­паңда ғана бар. Бұл өңірде би­ылғы қар суынан көбірек зар­­дап шеккен елді мекеннің бірі – Қаражар ауылы. Елді ме­кен­нен 406 550 текше метр су шы­ғарылған. Оның алдында мүм­­­кіндігінше ауыл іргесіндегі, кө­шелеріндегі қар тазаланған. Бұл жерде де төтенше жағдайлар қызметінің 9 адамы су жолын, арықтар мен жыраларды аршып жатыр.

Көзбен көріп, көңілге түй­генімізді байыптасақ, дәл қазір қар суынан келер қауіп жоқ. Әйт­се де Нұра өзені әлі ерімепті. Енді ел сәуірдің соңы мен мамырдың басында жылдағыдай өзен таситын қауіптен сескеніп отыр.

 

Ақмола облысы