Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші және екінші цехтарын қайта құруға баса назар аударылып отыр. Ол қатты қалдықтар шығарындысын 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Балқыту цехтарын қайта құрудан бөлек, мұнда тағы бір жоба бар. Ол – ферроқорытпа газы пайдаланылатын утилизациялық электр стансасының құрылысы. Оның электр энергиясын өндіру қуаты шамамен 100 МВТ болмақ.
– Бұл жобаның маңыздылығына назар аударғым келеді. Ауаға шығарылатын газдарды өндірістің электр энергиясына кәдеге жарату арқылы бір оқпен екі қоянды атуға болады. Яғни электр энергиясын өндіру және газды пайдалану тұрғысынан. Бұл жобаны Үкіметте қолдадық. Сондықтан оны барынша жылдам іске қосу керек, – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
«Қазхром» трансұлттық компаниясы қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламасына ерекше көңіл бөліп отыр. 2019 жылғы сәтсіз тәжірибені ескере отырып, компания қалдықтарды қайта өңдейтін бөгде ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуден бас тартты. Осылайша, ERG-дің барлық кәсіпорнында қалыптасатын қалдықтарға қатысты қызметтер циклін ұсынуға мамандандырылған ERG Recycling компаниясы құрылған болатын. Бүгінде ERG Recycling компаниясының тікелей қатысуымен бірқатар қайта өңдеу және экологиялық бағыттағы жобалар іске асырылды. 2021 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында іске қосылған газ тазартудағы шаңды брикеттеудің жоғары технологиялық цехы – соның айқын дәлелі.
Цех айына 4 мың тоннаға дейін жоғары сапалы хром брикеттерін шығара алады. Компанияда қажеттіліктер туындағанда ілеспе өндіріс ретінде құрылыс материалдары (қабырға және іргетас блоктары) шығарылады. Тұрақтандырылған және қатпарлы шлактарды қайта өңдеу жұмыстарынан жылына 200 мың тонна өнім өндірілуде. 2019 жылы басталған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тазартылған феррохромының қордаланған шлактарын өңдеу ісі жалғастырылады. Бұл – стратегиялық тапсырма. Өңдеу қарқынына келетін болсақ, 2019 жылы – 50 мың тонна, 2020 жылы 100 мың тонна қалдық өңделген. 2021 жылы қосымша 150 мың тонна өңделмек. ERG Recycling 2025 жылға қарай жылдық көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы жылдың өзінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында шлактардан металды толығымен алу және одан әрі бетон ерітінділері түрінде сұранысқа ие құрылыс өнімдерін шығаратын қайта өңдеу кешенінің бірінші кезеңі іске асырылмақ.
– «Қазхром» жабдықтарды модернизациялау, қалдықтарды өңдеуден бөлек, шығын көздеріне шолу жасаудың автоматтандырылған жүйесін орнатып жатыр. Бұл кезеңде келісім жасалып, жоба алдындағы тексеріс басталды. Компанияның Ақсу, Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы филиалдарының санитарлық-қорғау аймақтары шекараларында бақылаудың автоматтандырылған жүйесін орнату көзделген. 2021 жылдың соңында аталған заманауи жабдықты пайдалануға беру жоспарда бар, – деп хабарлады Еуразиялық топтың баспасөз қызметі.
«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжоловтың айтуынша, қоршаған ортаға деген қамқорлық тек өндірістік қызметпен шектеліп қалмауы керек. Бұл ретте компания 2021 жылы қоршаған ортаға жүктемені азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін өзінің барлық филиалдарына (Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы) 20 млрд теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлап отыр. Экономикадағы күрделі кезеңге қарамастан, компания қоршаған ортаны қорғау шараларына арналған шығындарды азайтпай, керісінше, одан әрі ұлғайтуда. Мәселен, былтыр «Қазхромның» барлық филиалдары үшін шамамен 11,5 млрд теңге бөлінген еді. Ал 2021 жылы 9 млрд теңгеден астам қаржы бір ғана Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмсалмақ.
Биыл Ақсу мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары Кешенді экологиялық рұқсат алды. Компания Еуропа мен Ресейдің тәжірибесін ескере отырып, ең тиімді қолжетімді технологияларды енгізудің 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Оны іске асыруға шамамен 48 млрд теңге бөлінеді. Енді екі зауыттың қоршаған ортаға тигізетін жалпы әсері 40 пайызға дейін төмендейтін болады.