Суретті түсірген Анастасия БРЕЦ
Жалпы, Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іске асырылған бірінші ірі индустриялық жобалардың бірі. Зауыт еліміздегі алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын саналады.
– Біздің кәсіпорын үшін нәтижелерге қорытынды жасау дәстүрге айналған. Әрине 3 миллионыншы мерейлі тонна тек сандық көрсеткіш емес. Бұл меже Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ алюминий өндірісі басталған кезеңнен бергі кәсіпорынның, металлургтердің еңбек жеңісінің лайықты көрсеткіші, – дейді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Серік Дөңбекбаев. – Зауыттың барлық жұмысшыларына алғыс айтқым келеді. Кәсіпорын қазір әлемдегі 200 алюминий зауыт алыптарының ішіндегі ең үздік ондық қатарында.
Ал зауыттың бірінші кезеңі 2007 жылы іске қосылды. 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өндірістің екінші кезеңін іске қосты. Сол жылы кәсіпорын алюминий өндірудің 250 мың тонна жылдық жобалық қуатына шықты. Сөйтіп жыл сайын өндіріс көрсеткіші жоғарылай берді. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша 265 мың тоннадан астам алюминий өндіруге бет алды. 2007 жылдан бастап Лондон металл биржасында тіркелген өнім – А-8 бен А-85 жоғары маркалы бастапқы алюминий шығарады. Зауыт алюминийді әлемнің 20-дан астам еліне жеткізеді, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Оңтүстік және Орталық Еуропа елдері бар.
– Зауыт 2013 жылы 1 миллионыншы тонна өнім өндірді. 2017 жылы металлургтер өнім көлемін 2 млн тоннаға дейін жеткізді. Енді, міне, зауыттың іске қосылғанына 14 жылдай уақыт болды. Мен зауытта 13 жыл еңбек етіп келемін. Осы 14 жыл аралығында 3 миллион тонна алюминий құйған екенбіз. Біз үшін есте қаларлық күн, металдың мерейлі тоннасын құю сәті бізге берілді. Көңілім толқыды. Өйткені біз мына қолымызбен зауыт қана емес, еліміздің металлургия өнеркәсібінің дамуына үлес қосудамыз, – дейді металлург Асқар Нұрпейісов.
Бұл күні зауыт алаңында алып кәсіпорынның жетістігіне арналған ескерткіш тақта орнатылды.
– Зауыт металлургтердің ерен еңбегінің нәтижесінде отандық металлургияның көшбасшысына айналды. Бүгінде өңірде өндірілген алюминий әлемнің 9 еліне экспортталады. Қазір алюминий кластерін дамытуға қатысты ауқымды жоспар жасалуда, – деді айтулы шараға қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Жалпы, алюминий өндірісінің бүкіл технологиялық тізбегі: ресурстарды үнемдеудің жоғары деңгейіне, өнімнің талап етілетін сапасына және экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай болуға мүмкіндік беретін ең жаңа технологиялық шешімдерді қолдану арқылы салынған. Алюминийдің алғашқы миллион тоннасын өндіруге металлургтерге 6 жыл уақыт қажет болса, тіпті 4 жылдан соң-ақ зауыт келесі миллион тоннаны өндірген еді. Енді, міне, тағы 4 жылдан кейін жаңа белес – алюминийдің 3 миллионыншы тоннасын өндірді.
Қазір зауыт халықаралық стандарттардың барлық талабына сай келетін отандық алюминий өндіруде. Өндірілген алюминийдің сапасы нарықта да белгілі. Соңғы жылы қазақстандық нарықта сатылым көлемінің өсуі байқалады – жалпы сатылымның 20 пайызына тең. Өнімнің негізгі бөлігі Еуропа мен көрші елдерге экспортталады. Әлемдегі алюминийді өндіру бойынша ең төмен шығынды кәсіпорындардың бірі.
Павлодарда электролиз зауытын іске қосу нәтижесінде елімізде кен өндіру және глинозем алудан бастап (Краснооктябрь және Торғай боксит кен басқармалары, Керегетас әктас кеніші, Павлодар алюминий зауыты) дайын металды алғанға дейінгі (ҚЭЗ) толық өндірістік цикл тұйықталған алюминий кластері құрылды.
Павлодар облысы