Аймақтар • 14 Сәуір, 2021

Індеттен сақтық қана құтқарады

193 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптадан бастап Қызылорда коронавирус инфекциясының таралуы жағынан «сары аймақтағы» өңірлер қатарына қосылды. Осыған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел штаб отырысын өткізіп, індетпен күресті күшейту бағытында атқарылған жұмыстарды саралады.

Індеттен сақтық қана құтқарады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Қазір аймақта күннен-күнге эпидемиялық жағдай күр­де­ленуде. Тәулігіне 40-тан астам дерек тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары болып тұр. Өткен аптадан бастап облыс «сары аймаққа» өтті, бұл бізге қатаң шаралар қабылдап, жылдам әрекет ету қажеттігін көрсетіп отыр, – деді облыс әкімі.

Штаб отырысында облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Динара Жаңабергенова індетпен ауырған азаматтардың үлестік көрсеткіші туралы айтып, карантиндік шектеулерге сәйкес алгоритмдік тәртіпте бекітілген жұмыстарды сарала­ды. Сондай-ақ қоғамдық та­мақ­­­та­ну, көпшілік баратын нысан, әлеуметтік қызмет ететін ме­ке­­мелерде сақтық шараларын күшейту бағытында қау­лы­ға сәйкес атқарылатын жұ­мыс­тар­ды атап өтті. Облыста ко­­ро­навирус инфекциясын зерт­­теу­ге ар­нал­ған 10 зертхана жұ­­мыс іс­тейді. Осы зертханалар ар­­­­қылы өткен жылдан бері
279 622 сынама алынған. Ауруға шал­­­дыққандардың жас шамасы әр­түрлі болып отыр, 20 мен 69 жас аралығындағы азаматтар арасында індет жұқтыру жиілеп тұр.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Сәбит Па­зылов медициналық ұйым­дар­дың дайындығын баяндап, вак­­циналаудың негізгі көр­сет­­кіштеріне тоқталды. Өңір­де вак­ци­­наларды сақтайтын 18 то­ңа­зыт­қыш және 179 термокон­тей­нер жұмыс істейді. Екпеге 14 кабинет әзірленіп, 133 мейірбике және 89 дублер жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қосымша қала­да­ғы «Теміржол» емханасы, «Сенім», «Интертич» клиникалары, «Қызылорда облыстық кеңес бе­ру диагностикалық орталығы» және «Арай сити» сауда үйінен егу пунктері ашылмақ.

Бүгінде аймаққа жеткізілген
27 200 вакцинаның барлығы меди­циналық мекемелерге тара­тылып берілді. Оның I компо­ненті 10 678 адамға салынса, II компонентінен 3 371 тұрғынға екпе жасалды. Жиында облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау депар­таменті басшысының мінде­тін атқарушы Ғалима Әзірова дәрі-дәрмек қорын молай­ту, дә­рі­лер бағасына мониторинг жүр­гізу бағытындағы шара­лар жай­лы есеп берді. Ал облыс­тық по­лиция департаменті басты­ғы­ның бірінші орынбасары Шам­ши­дин Әмитов қоғамдық орын­­дарда шоғырландыру дерек­те­рін болдырмау бойынша атқа­ры­л­ған жұмыстарды баяндады. Ха­бар­ла­малардан кейін облыс әкімі дәрі-дәрмек қорын жасақтау ба­ғы­тында жұмысты үйлестіріп, дә­рі­ханалардағы қордың тұрақты бақылауға алынуы қажеттігін еске салды.

Облыс әкімі жедел штаб отырысынан кейін Тәкей Есетов атындағы №264 мектепке барып, білім ошағындағы каратиндік та­лаптардың орындалуын бақы­ла­ды. Осы оқу жылында мектепте 3 602 оқушы білім алуда. Эпидемиялық ахуалға байланыс­ты 624 оқушы дәстүрлі,  2 978 бала онлайн форматта оқып жатыр. Аймақ басшысы оқу­шы­лар арасында карантиндік талап­тардың қатаң сақталуын бақы­лауға алып, сақтық шара­ла­рын қатаңдату қажет­тігін айт­ты. Сондай-ақ алдағы ке­зең­­де оқу процесін онла­йн ба­ғыт­та үйлестіруді тап­сыр­­ды. Мұнан кейін облыс әкі­мі ме­ди­­циналық нысандарды ара­лап, бірқатар дәріханаға арна­йы барды. №6 қалалық емхана жанындағы облыстық вакцина қоймасының, коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасайтын кабинеттердің жұмысын тек­серіп, тұрғындармен сөйлесті.

– Індет толығымен жойылған жоқ. Бүгінде бүкіл әлем вакциналау ғана бәрімізге үйреншікті өмірге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты бар­лық иммунопрофилактика мә­се­лелері бойынша халықпен жүр­гізілетін ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын күшейтуіміз қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.

Сондай-ақ облыс әкімі А.Тоқ­ма­ғанбетов көшесінде орна­ласқан «№1 дәріхана», «Доктор Плюс», «Еврофарма» дәріха­на­ла­ры­ның жұмысын көрді. Облыста дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлініп отыр. Соның 281,2 млн теңгесіне 17 фармацевтикалық ұйым арқылы препараттар алынды. Соның бірі Абай даңғылы бойында ор­на­лас­қан Lab Servicy company ие­лі­гіндегі «Ансар» дәріханалық желісі. Облыс басшысы өңірде 14 желісі бар компания басшысына дәрілік заттардың қорын қа­лыптастыру бағытындағы жұ­мыс­ты күшейтуді жүктеді.

Медициналық нысандарды аралағаннан кейін облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен об­лыстық бас мемлекеттік сани­тариялық дәрігер Динара Жаңа­бер­геноваға жедел әрекет ету ал­горитміне сәйкес халықтың сақ­­тық шараларын сақтауын қа­да­­ғалау мен вакциналау аясын ұл­ғайтып, мобильді дәрігерлер жұ­мысын жандандыруды тапсырды.

 

Қызылорда облысы