Коронавирус • 14 Сәуір, 2021

Пандемиядағы пайым

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда дүниежүзілік денсаулық сақтау күнінде ДДҰ Еуропалық аймақтың бюросы: «Пандемия барлық адамзат баласына әсерін тигізді. Бірі жақынын жоғалтса, бірі оның экономикалық зардабын көбірек тартты, әйтеуір эпидемия жоламай кеткен жан жер жүзінде табылмайды», деп жазды.

Пандемиядағы пайым

Расында да, пандемия көп дүниені жалаңаштап, қоғамда дейміз бе, әрбір мемлекетте дейміз бе, қай тұстардың осал, қай тұстарда, қандай саланың тас түйін жинала алатын әбжілдігін де аңғартты. Бірі онлайн отырыстың өзінен жаңа бизнестің көзін ашып, әлеуетін көтеріп жатса, енді бір парасы кәдімгідей абдырап қалды. Әсіресе дамуы кейін қалған мемлекеттерге ауыр соққы болды. «Неге пандемия зардабы соншалықты әркелкі? COVID-19-дың салқыны кейбіреулерге зор соққы болып тиді? Оның себебі – олардың онсыз да қолайсыз жағдайды бұрыннан кешіп жүруінде еді. Жұмыс орындарында, баспанасында, қоғамдық ортасында, медициналық көмекке қолжетімділігі де осыған дейін де бар мәселелерін індет айқындап кетті. Енді адамзатқа ойланып, әділетсіздікті жойып, әділдікке жүгінген қоғам құрып, пандемиядан соң тек тірі қалуды емес, болашақты жарқын етудің қамымен нақты қадамдар жасау керек», деді Еуропалық аймақ бюросының аймақтық директоры ЕHans Henri P.Kluge.

Иә, жаһанды жайлаған індет шынымен саналыға ой салды. Сол себептен ДДҰ әлем елдері басшыларын кезек күттірмейтін бірқатар мәселеге мән беруге шақырады. Адам баласы үшін ең басты құндылық – денсаулық. Ендеше, денсаулыққа қатысты теңдік, медициналық қызметті жалпыға бірдей ету маңызды. Екіншіден, тіршілік ету және еңбек етудің дұрыс жағдайын туғызу, сол арқылы адамдардың саламатты өмір сүруіне жол ашу, үшіншіден, сапалы медициналық көмек қажет кезінде көрсетіліп, қаржылық тәуелділік кесірінен денсаулығын түзей алмауды болдырмау сияқты адамзаттық деңгейде маңызы бар ортақ проблемаларды ше­шуді ұсынды. Сонда ғана ілгерілеу, сонда ғана дамудың дұрыс даңғылы пай­да болып, адаспаймыз деген ұсыныс айтылды.

Әлемдегі ғалымдардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, COVID-19 зардабының қат­ты тиюіне көптеген факторлар жиын­­­тығы әсер еткен. Атап айтқанда, ке­­­дейшілік, гендерлік және этностық өзге­­шелік, мигранттық статус, мүге­дек­тік, арнайы мамандықтың болмауы және сол тәрізді көптеген бұрыннан бар факторға пандемия қосылғанда «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей аса ауыр қиындық туды. Ауру жұқтырудың жиілігі де қандай азаматтың қандай әлеуметтік ортада екеніне байланысты. Мәселен, зерттеушілер Швецияда індет ілмегіне іліккендердің 30 пайызы табысы тө­мендеу ортада, ал аса ауқатты тұра­тын­дар арасынан жұқтырудың 4,1 пайыз болғанын мысалға келтіреді.

Сонымен бірге гендерлік тұрғыда медицина саласында еңбек етуші әйел­­дердің вирус жұқтырып, аур­уы ерлер арасындағы медиктермен са­лыс­­тырғанда 2-3 есеге артық болуы бұл салада кадрлық құрылымдардың бар­лы­ғында әйелдердің 70 пайыз екеніне байланысты, сондықтан да әйелдер пандемиямен күрестің алғы шебінен табылып, көбірек зардап шекті деп есептейді.

 Ал нәсілдік, этностық тұрғыдан келгенде Еуропада тұратын африкалықтар мен азиялықтарға індеттің ауырырақ түс­кенін алға тартқан зерттеушілер мысалға Ұлыбритания Біріккен Король­дігінде ауыр жағдайда болған немесе көз жұмғандардың 34,5 пайызын мигранттар құрағанына қынжылады.

Осындай келеңсіз дүниелерді саралай келген ғалымдар денсаулық сала­сы мен мемлекеттік басқарудың басқа да тұстарында әлеуметтік әді­летсіздікті, әлеуметтік тұрғыдағы тең­­сіздікті жою маңызды екенін айтады. Сондықтан да Еуропалық одаққа мүше елдердің үкіметтері мен жергілікті атқарушы билік қоғаммен бірлесе онымен күрестің кешенді формаларын қарастыруы қажет. Сонда ғана әлеуметтік теңдікке негізделген, дені сау, саламатты қоғам құрылады. Тұтас адамзат баласы сол кезде ғана пандемия тәрізді әлемдік жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұратын қабілетке ие болады. Құрлық халқына жүргізілген әлеуметтік сауалдама қорытындысы бо­йынша, Еуропа халқының 84 пайызы әлеуметтік әділетсіздікті түбірімен жою мемлекеттердің ең басты міндеті санайды.

ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы «Ешбір адам назардан тыс қалып, әлеуметтік қиындықтарымен жеке қал­мауы тиіс, денсаулық саласының әлеуе­тін арттыру мен оны басқаруды жетілдіре түсу алдағы 10 жылдағы бағдарламаға айналуы тиіс деген пайымға ұйып отыр­ған жайы бар.