Бизиборд дегеннің өзі – әртүрлі заттар мен ұсақ бөлшектер бекітілген ағаш тақталар. Бұл ойыншықтар балаға өз бетімен зерттеу үшін қызықты және қауіпсіз нысандарды ұсынуды мақсат етеді. Мамандар бизибордтар ұсақ моториканы, танымдық функцияларды және есте сақтау қабілетін дамытуға көмектесетінін айтады.
Жансая Әбдімәлік былтыр қала әкімінің 1,5 млн теңге көлеміндегі грантын жеңіп алып, Балқаш қаласында шағын студия ашқан. Мұнда ол ағаштан атаулы сыйлықтар, кәдесыйлар мен ойыншықтар жасайды.
Жас кәсіпкер ақпан айында «Ғибрат» жастар денсаулық орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлесіп құрған «Салауатты ұрпақ» қайырымдылық жобасы аз қамтылған отбасылардан шыққан даму ерекшеліктері бар балаларға көмек көрсетумен айналысады.
«Кәсібімді дамытып, бизиборд ойыншықтарының түр-түрін көбейтсем, сапасын арттырсам деп армандаймын. Шамам жеткенше даму ерекшеліктері бар балаларға қол ұшын созу мүмкіндігінің аясын кеңіте түссем деймін», дейді Ж.Әбдімәлік.
Жансая бизиборд ойыншықтарын тегін жасайды. Таяуда ол өзінің қолынан шыққан өнімді орталық жүйке жүйесі бұзылған екі балақайға сыйға тартты.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы