Жыл басынан бері жол қадағалау мамандары 450-ден астам тексеру жүргізген. Нәтижесінде 80 жол қызметінің басшылары мен теміржол өткелдерінің 11 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 2 млн 600 мың теңгені құрады. Бұл ретте үш лауазымды тұлғаға 131 265 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полицейлердің айтуынша, көлік ағыны көбейген заманда тек әкімшілік шаралармен жол қауіпсіздігін сақтау мүмкін емес. Ол үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру қажет.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ШҚО ПД ұсыныстарының арқасында Өскеменде екі жерүсті өткелі бой көтерді. Сонымен қатар солға бұрылуды жеңілдету үшін 19 бағдаршамға қосымша белгі орнатылды. Оқу орындарының маңында ақ-сары түсті гаммада жол таңбалары салынды.
– Облыс бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту жүріп жатыр. Атап айтсақ Алматы – Өскемен және Омбы – Майқапшағай. Осы тұстарда да апаттың алдын алу үшін іс-шаралардың үлкен кешені көзделген, – деп түсіндірді ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаров.
Жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту үшін осындай жұмыстар биыл да жүргізіледі. Мәселен, Семейде жаңа мешіт ауданында екі жерүсті өткелі салынады. Қала ішіндегі жолдар өзгереді. 4 000-нан астам жол белгісі ауыстырылады.