Қоғам • 14 Сәуір, 2021

Шенеуніктердің кесірінен балалар спорт секцияларына қатыса алмай отыр

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда мемлекеттік органдар дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерге нормативтік-құқықтық актілер әзірлемегендіктен, балалар тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне қатыса алмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Вера Ким айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шенеуніктердің кесірінен балалар спорт секцияларына қатыса алмай отыр

Депутат атап өткендей, коронавирус пандемиясы әр қазақстандықтың өміріне өз түзетулерін енгізді. Оның теріс салдары да бар. Оқшауланған жағдайда қоғамның қозғалысы азайды. 

Статистикаға сәйкес, республикада 237 446 адам коронавируспен ауырды. Оның ішінде індеттен айыққандар да баршылық. Олар үшін оңалту, денсаулықты әрі қарай нығайту маңызды. Сол себепті мемлекет бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шара қолдану қажет. Бұқаралық спорт барлық жастағы адамдарға қолжетімді болуы тиіс.

«Депутаттар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған «кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына түзетулер енгізді. Осы заңда балалар үшін мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс енгізу көзделген. Бұл нормалар 2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтарды жүзеге асыру балалардың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік береді», деді Вера Ким.

Бірақ бұл нормалардың күшіне енуі және жұмыс істей бастауы үшін бірқатар нормативтік құқықтық актіні қабылдау талап етіледі. Алайда заң қабылданғалы бері 3,5 ай өтсе де, НҚА деректері қабылданған жоқ. Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары қалыптасқан жағдайға алаңдаулы.