Елорда • 14 Сәуір, 2021

Елорданың кейбір мекемелерінде кальян әлі де ұсынылады

109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанның мобильді топтары кәсіпкерлік субъектілерінде карантин режимін бұзуын анықтау және жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде. Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне қарамастан кейбір мекемелер тиісті талаптарды жүйелі түрде бұзып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың кейбір мекемелерінде кальян әлі де ұсынылады

Мәселен, өткен түнде мобильді топтар «Kalyandeli» мекемесінде кальян шегу фактісін тіркеді. Есіл ауданында орналасқан кальянның иелерінен түсіндірме алынды. Әкімшілік шаралар қабылдау үшін олар Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шақырылды.

Айта кетейік, бір күн бұрын мобильді топтар келушілерге кальян шегу бойынша қызмет көрсететін бірнеше тамақтану орнын анықтаған болатын.

Карантин режимін сақтамаған Сарыарқа ауданында орналасқан «Jj Кинорумы» да жауапқа тартылды.

Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймаққа енгеніне бір айдан аса уақыт болды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері карантиндік шаралар мен санитарлық нормаларды толықтай сақтауы тиіс, бұл қауіпті вирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ елорда тұрғындарын КВИ-ге қарсы жаппай вакцинациялау жүргізілуде. Бұл ұжымдық иммунитетті арттырып, өмірдің қалыпты жағдайына оралуына көмектеседі.