Қоғам • 14 Сәуір, 2021

Ауылдарға кең жолақты интернет тартылады

724 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

– «Қой кезек-2021» деген тобымыз бар «уатсапта». Үйді-үйді аралап бөтен қой іздемейміз, топқа жаза саламыз. Интернет деген қолымызды ұзартып, көзімізді ашты, – дейді Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғыны Жанимхан Өмірбек.  Ұлан ауданына қарасты бұл ауыл Өскемен­нен қырық-ақ шақырым жерде жат­қанымен, осы уақытқа дейін интер­нетті қойып, ұялы байланысы болмаған.

Ауылдарға кең жолақты интернет тартылады

Шынтуайтына келгенде, әлемді жайлаған індет елімізге еніп, оқушылар онлайнға көш­песе, біраз ауыл интернетсіз әлі отырар ма еді, кім білсін?! Былтыр ғой, аудан-қаланың бас-аяғына блок-бекеттер қойылып, студенттер мен оқу­шылар қашықтан оқуға көшкенде, ғаламторсыз тұрғындар тәуір-ақ қиналды. Ауыл-ауылдарда телефондарын құшақтаған елдің таудан тасқа секіріп кеткен кездері де жасырын емес. Солардың бірі Ізғұтты Айтықов пен Бестерек ауылының тұрғындары еді. Мәселе көтеріле сала аудан әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, жоспардан тыс қатар жатқан қос ауылға интернет желісін тартып беруді қолға алған. Қатар жатқан дейміз, Бестерек таудың бергі беті, Ізғұтты арғы жағы. Тау-тасты жер болғандықтан, мамандарға мобильді интернет стансасын орнату оңай емес еді. Дейтұрғанмен, халықтың пікірін ескерген басшылық дереу интернет желісін тартуды бастап кеткен.   

– Былтыр жағдай күрделі болды. Бәріміз қашықтан жұмыс істеуге көштік. Ал ин­тернетсіз елді мекендер қатты қиналды. Со­ның ішінде қаланың іргесіндегі Бестерек пен Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғындары бар, – деді Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

«Қазақтелеком» АҚ мамандары алдымен интернет желісі жақсы тарайтындай биік нүк­тені анықтаған. Ал аудан әкімдігі 550 метр биіктіктен белгіленген нүктеге электр энергиясын тартуды өз мойындарына алған. Сөйтіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысып, айға жуық уақытта екі ауылға интернет тартылды. Бестеректегі 22 үйдің студенттері үшін радиокөпір қойылды. Мобильді байланыспен қатар, 3G жылдамдықты интернеттің тартылғанына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қуанды. Оқушылар оқуларын ойдағыдай жал­ғастырып жатса, зейнеткерлер үшін телеарналар санының көптігі ермек болды. Дәл осындай интернет желісі «250+» бағдарламасы аясында Глубокое ауданының Уварова ауылына жетті. Өскеменнің бүйіріндегі бұл ауыл да интернеттің игілігін көре алмай отырған еді. 

– Ізғұтты мен Бестерек ауылдарын қамти­тындай биік нүктеге мұнара орнатылды. Мо­бильді операторлар арнасын алды. Бәрінде 3G тартып тұр. Бірақ 100 пайыз жақсы істейді деп айта алмаймыз. Техника болғандықтан, күн райын­а байланысты ақаулар болып тұрады. Оған тұрғындар түсіністікпен қараса екен. Жөндеуші бригада 24 сағат бақылап отырады. 1 секундқа жоғалса, біліп отырамыз, – дейді Шығыс телекоммуникация желілерін пайдалану және дамыту қызметінің бастығы Аслан Толықбаев.

Ұлан ауданында ұзын саны 45 ауыл болса, оның барлығында дерлік мобильді байланыс бар. Енді он бес шақты ауылды 3G интеренет желісімен қамту керек. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инновациясы ұшқан құстай зымыраған заманда әр ауыл 3G, 4G сынды жылдам интернетпен қамтыла бермек. Кеше ғана үй телефонының тұтқасын ұстап отырғандардың көбі ұялы телефонға көшкен. Айналдырған бір айда ауыл өмірі мүлдем өзгерді. Ел-жұрт бұрынғыдай күре жолдың бойында сарылып сары автобусты да күтпейді. «Уатсап» желісіндегі ауылдың тобына жаза салса, такси үйінен алып кетіп, діттеген жеріне жет­кізеді. Цифр­­ландырудың нәтижесінде елдің көп дү­ниеге қолдары жетті. Ізғұтты ауы­лын­дағы Қ.Қай­сенов орта мектебінің ұстаз­дары күні кешеге дейін қарапайым kundelik.kz бағдар­ламасын аша алмайтын.

– Көзіміз ашылды. Осыған дейін басқа компаниялармен келісімшартқа отырып, интер­неттерін пайдаланып көрдік. Барлық бағытта алдыңғы қатарда болғанымызды қайтейік, kundelik.kz толтыруда соңғы орында едік. Тіпті электронды поштадан қарапайым құжатты көшіріп алудың өзі мұң болған. Қазір еш мәселе жоқ. 3G ұшып тұр. Теле-2, Altel, Beeline бәрі істейді, – деді орта мектептің директоры Архат Рахымбердинов.

Қасым Қайсенов атындағы бұл мектеп осыған дейін тоғыз сыныптық қана еді. Соңғы жылдары ауылда халық саны артып, он бір сыныптық болып өзгерді. Ауылдан көшіп жатқан ешкім жоқ. Сатып аламын десеңіз де, бос тұрған бір үй таппайсыз. Бұдан былай да көше қоюы екіталай. Оның үстіне жылдамдығы жоғары интернет тартылды.

– Әр оператор өз базалық стансасын қойған­нан гөрі басқа операторлар үшін де орнатса, экономикалық, техникалық жағынан тиімді болады. Біз бүгінгі уақытқа дейін Шығыста «Қазақтелекоммен» бірлесіп, 112 базалық стансасын орнаттық. Межелеген жоспар орындалды. Енді байланыстың сапасын арттыру үшін жұмыс істейміз, – дейді «Теле-2» операторының жетекші инженері Айбар Шоянбаев.

Айта кетейік, бұрын Шығыс Қазақстан облысының 150 елді мекенінде интернет болмаса, бүгінгі таңда бұл сан екі есеге азайған. Облыс бойынша 1800 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Әрине әлі де заманауи байланыс жүйесіне қол жеткізе алмай отырған ауылдар баршылық. Талшықты-оптикалық желісін тарту аяқталғаннан кейін «250+» бағдарламасы бойынша ауылдарды интернетпен қамтудың екінші кезеңі жүзеге асады. Яғни тартылған талшықты-оптикалық желілерге қосылу негізінде тұрғындар саны 250 және одан да көп ауылдарда жоғары жыл­дамдықты интернетке қол жеткізу үшін мобильді операторлар жұмыс жүргізеді. Олар­дың арасында аталған бағдарламаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, интернет-трафикті ауыл абоненттері «You tube» арнасындағы роликтерді көруге, әлеуметтік желілерде сөйлесуге және мессенджерлерде бейне қоңырау шалуға жұмсайды екен. Ал тартылып жатқан жүйе абоненттерге артығымен жеткілікті. Басқасын айтпағанда, HD сапалы фильмді үш-ақ минутта жүктеуге қауқарлы.

Еске сала кетсек, ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасын іске асыруға «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылдың со­ңында кіріскен болатын.