Аталған елді мекен облыс орталығынан 255 шақырым шалғайда орналасқанын ескерсек, ауыл халқы ұзақ жылдан бері сапалы интернеттен таршылық көріп келді. Ұлттық оператордың ақпаратына сүйенсек, алғаш рет Жарлыға интернет 2015 жылы EV-DO технологиясы арқылы тартылған еді. Алайда оның жылдамдығы 512 килобит секундтан ары аспай, оны тек 1189 ауыл тұрғынының 12-сі ғана пайдаланған.
«Бүгінде EV-DO технологиясы ескірген, ал оның көптеген бөлшегі қазір шығарылмайды. Интернет жылдамдығының төмендігіне қарамастан, бұл қызметке ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары еді. Сол себепті ауылдағы интернетке қатысты мәселені реттеу үшін оңтайлы шешім қабылдау керек болды», деді «Қазақтелеком» АҚ Орталық ӨТД В2С сегментінің коммерциялық директоры Дамир Сейсенбеков.
Былтыр ұлттық байланыс операторының филиалы Жарлы елді мекенін радиокөпір технологиясы арқылы 12 Мбит/с дейінгі жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөнінде техникалық шешім әзірлеп, қазір «Қазақтелеком» алғашқы 100 абонентті сапалы интернетке қосып үлгерді. Нәтижесінде халық барлық заманауи телекоммуникация қызметін, оның ішінде онлайн сабақ, бейнеқоңырау және басқа да қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігін алды.
«Бұрын тек хабарлама ғана жолдай алатынбыз. Фото және бейнероликтерді жүктеу қиынға соғатын. Таяуда «Қазақтелекомның» қызметін қостық, сол арқылы әлеуметтік желілерді пайдалануды үйрендім. Қазір Telegram немесе Zoom арқылы қазақтың ұлттық қол өнері бойынша шеберлік сабақтарын көріп жүрмін. Сүйікті ісім табыс әкелетін болса, бұл мен үшін бақыт», деді Жарлы ауылының тұрғыны Күлжан Алдашева.
Сонымен қатар аудандық әкімдіктердің қолдауымен Қарағанды облысының 30 ауылына жоғары жылдамдықты мобильді интернетті пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғы орнатылды. Бұл ретте аталған өңірдің елді мекендеріне жоғары жылдамдықты интернетті тартуға Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісінің (АЕМ ТОБЖ) құрылысына байланысты жалпыұлттық жоба септігін тигізгенін айта кеткен орынды. Осы жоба өңірдің 36 ауылындағы 120-дан астам мемлекеттік мекемені (әкімдіктер, мектептер, ауруханалар, полиция бөлімшелері) 10-нан бастап 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Аталған елді мекендердегі үй шаруашылықтарының телекоммуникация қызметтеріне қосылу саны 4 мыңға дейін өскен.
«АЕМ ТОБЖ», «250+» GPON технологиясы, радиоқосылу жобалары арқылы қалалар мен ауылдар арасындағы цифрлы теңсіздікті жою бағытындағы басты міндетті шешіп келеміз. Енді Жарлы ауылының тұрғындарына да ірі қалалардағы секілді телекоммуникация қызметтері қолжетімді. Халыққа анықтама және басқа да құжаттар алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Оның барлығын қашықтан алуға мүмкіндіктері бар», деді Д.Сейсенбеков.
Құрылған желілік инфрақұрылымның негізінде мобильді операторлар, «250+» жобасы аясында Қарағанды облысындағы 85 ауылды кең жолақты мобильді интернетке қосты. Ал FTTH және GPON технологиясы арқылы Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Осакаров кентінің 50 мыңнан астам тұрғыны цифрлы инфрақұрылымға қол жеткізді. Облыстың тағы екі қаласында, атап айтқанда, Саран және Абайда жаңа желімен 508 көп пәтерлі үйді қамту жоспарланып отыр.