Білім • 15 Сәуір, 2021

Сырдария сағасындағы сұлу мекен

989 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қойнауы тұнған тарих қазақ даласының тау мен тасы, өзен-көлі, сылдырап аққан бұлағы – өткен күндер шежіресінің куәгерлері. Оларға тіл бітсе, қазақ елінің басынан кешкендерін, көргендерін айтуға уақыт жетпес пе еді?!

Сырдария сағасындағы сұлу мекен

 

Демалыс кезінде елге бар­ған сапарымда етегі Нұрата тау­лары­­­на дейін созылып жатқан Мыр­­за­шөл тарихына қатысты көп­­те­ген аңыз­ға бергісіз деректі әңгі­ме­лер­ді қазыналы қарттардан естіп, көкей­ге түйіп қайтқанмын. Осы жылы ақпан айының соңында ел га­зеті Egemen Qazaqstannyń Гүл­­бар­­шын Айтжанбайқызының «Үтір­төбе қаласы археологиялық кар­­­таға енгізілсе...» деген мақала­сын оқып, жаздағы іссапардың әде­­мі әсері еске оралды. Түсінікті болуы үшін, тарқатыңқырап айтайын.

Оңтүстіктегі жер жаннаты саналатын Жетісайда орналасқан 23 жылдық тарихы бар мемлекеттік емес жоғары оқу орны – «Сыр­дария» университетінің ғалым­дары мен студенттерінің ғылы­ми жетіс­тігі болып сана­ла­­тын архео­логиялық қазба жұмыс­тары ба­рысында табылған көне ескерт­кіштерден құралған музей ішіндегі экспонаттар адамды еріксіз ерте дәуірлерге сапар шек­­кізеді. Университеттің басты ру­­х­а­ни байлығы болып табыла­тын, ұлттық құндылықтарды та­ри­­хи мазмұнда жинақтаған бұл музейдің 2016 жылы Түркіс­тан облысының туристік маршру­ты­на енгені – ұжым үшін үлкен мәрт­ебе. Еткен еңбек пен төгілген тер­дің жемісі. Осы музейге Жеті­сай қаласынан 30 шақырым сол­түс­тік-шығыста орналасқан орта­ға­сыр­лық Ұтырлы (Үтіртөбе) қала­­сы­нан табылған құнды дү­ние­­лердің музейге келуінің өзі бір тарих.

«Сырдария» университеті­нің тарих­шы ғалымдары мен студент­теріне дейін Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын Қазақстан археолог­тері зерттемегенге ұқсайды. Оның бас­ты себебі – біз сөз етіп отырған Мыр­зашөл өңірі, оның үлкен бір бө­лі­гі саналатын Мақтаарал ауданы 1963-1971 жылдары Өзбекстан Республикасына тиесілі болған. Осы себептен болса керек, атал­ған тарихи мекен 1960 жылдары жүр­­гізілген Шардара археоло­­гия­лық экспедициясының зерт­теу ая­­сы­нан тыс қалыпты. Тарихи зерт­­теу еңбектеріне сүйенсек, бұл ор­та­­ғасырлық қала бұрын «Қазақ Совет энциклопедиясынан» бас­тап басқа да іргелі басылымдарға кірмеген.

1

Үтіртөбені алғаш зерттегендер қатарында Өзбекстан археологтері аталады. 2004 жылы «Сыр­дария» университетінің С.Н.Апашева, М.Б.Мейірбеков бастаған «Тарих» кафедрасының профессор-оқытушылары елімізде алғаш болып Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады. Осы жылы университеттің қар­жы­ландыруымен тарих ғылым­дары­ның кандидаты, доцент, белгілі археолог М.Қасенов жетек­шілік еткен «Сырдария» ар­хеол­огиялық экс­педициясы зерт­­теу жұмыс­тарын жүргізе бас­тайды. Одан кейін де 2009, 2010, 2014, 2015, 2016 жылдары «Археолог» халық­аралық ғылы­ми-зерттеу орталы­ғы» жауап­кер­­ші­лігі шектеулі серік­тестігінің ди­рек­торы, т.ғ.д., профессор М.Елеуов бастаған топпен бірлесе «Сыр­дария» университетінің про­­фес­сор-оқы­тушылары мен сту­дент­терінен құралған «Мыр­зашөл» археологиялық экспедиция­сы ор­та­ғасырлық Ұтырлы (Үтірлі) қа­ла­­сына археологиялық зерт­теу жұмыстарын асқан қызығу­шы­лықпен жүргізеді. Университет­ке алғаш жолымыз түскен 2018 жылы сол зерттеу жұмыстары кезін­де табылған көне дүниелер­ден құралған музей экспонат­тары бізді қызықтырды. Г.Айт­жан­бай­­қызының бас басылым­дағы ма­­қа­ласы аймақтағы жеке­мен­­шік жоғары оқу орны – «Сыр­да­рия» университетінің қаржы­лан­ды­руы­мен бүгінге дейін жүр­гізіліп келе жатқан теңіздің тамшысындай болса да отандық археология ғылымына қосылып отырған өл­шеу­сіз еңбекті еске түсірді. Ұтыр­лы (Үтіртөбе) қаласына жүр­гізіл­ген археологиялық қазба­лар нә­ти­жесінде қала құрылыс­тары, ондағы бөлмелер ашылып, баға жетпес тарихи жәдігерлер табылған.

1

Қаланың ежелгі аты жазба деректерде кездеспейді. Бір қызығы, Сырдария өзенінің бойында осы Үтір­төбеге ұқсас ортағасырлық 40 қа­ланың орны бар деген дерек бар екен. Үтіртөбе сол қырық қала­ның бірі екен. Жергілікті ха­лық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтір­төбе деп те атайды. Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін деген болжам бар. Ұтырлы қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы да мүмкін. Ал Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір бел­гісіне» ұқсас болғандықтан, жер­гілікті халық осылай атаған дей­ді. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Жер­гілікті тұрғындардың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған Шардара су қоймасы суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жыңғыл басып кеткен. Ғалымдар қаланың мә­дени қабатын 1-2 метрге дейін су шайып, көлемі жылдан-жылға кіші­реюде, егер осылай жалғаса бер­се, 10-15 жылдан кейін қала те­гіс жойылуы мүмкін екенін айта­ды. Демек қала апаттық жағ­дай­да. Қаланың қазіргі қалпын сақ­тау үшін мемлекет тарапынан қол­дау керек-ақ. Тиісті мекемелер­ден жауап күтеміз.

«Тілегені алдынан іздемей-ақ та­был­ған» дамыған ХХІ ға­сыр­д­а ақ­параттарды интернет көме­гімен кез келген уақытта қала­ған жеріңізде отырып-ақ біле бересіз. Біз де астанада отырып, осы мақалада сөз болған мә­се­лелерді толығырақ білмек ниет­пен ғаламторға үңілдік. Ал­ды­мен шыққаны «Сырдария» уни­вер­ситетінің сайты болды. Мұнда біз сөз етіп отырған тақы­рып­қа қатысты мәліметтер толық орналастырылған екен. Тек бұл ғана емес, университет миссиясы, тарихы, бағыт-бағдары, мақсаты, жет­кен жетістіктері мен табыс­тары, барлығы мазмұнды баян­­далыпты. Бәрін де көзбен кө­ріп, санамызға тоқыған соң ба, сайт­тағы мәліметтер көз алдымызда картина болып өте берді. Жаңа заманға сай жабдықталған жаңа оқу ғимараттары мен студенттер үйі, мол кітапхана қоры, спорт залдары мен асханалары, түр­лі үйірме мен зертхана, тігін, ағаш, темір шеберханалары, «Алма­ты­да Нұрғиса, Жетісайда Бөрі Иса» аталған атақты музыкант, күйші Б.Иса құрған ұлт-ас­пап­тар оркестрі – барлығы да сту­денттің терең білім алуы үшін жа­салған. Университеттің материалдық-техникалық базасы, ғылыми әлеуеті, кітап қоры, ақпараттық-техникалық құ­рал­дары мен электронды кітап­хана қоры бойынша ұлттық және мем­лекеттік жоғары оқу орындарынан кем түспейді. Университет ұжы­мының тыңғылықты жұмысы көрініп-ақ тұр. Өкінішке қарай, аталған университетке қатыс­ты сыни пікірлер де ұшырасады. Жасыратыны жоқ, елімізде жеке­меншік жоғары оқу орындарына деген көзқарас екі түрлі: бірі жақ­таса, екіншісі сынға не­гіз­дел­ген. Өркениетті елдерде бә­се­ке­лес­тікке ие жоғары оқу орын­дарының көбін жекеменшік білім ордаларының құрайтынын ескерсек, оқу орындарын бағалауда оның сапалы білім берудегі мүм­кін­діктері мен студенттерге жасап отырған жағдайын ескеру қажет.

Президент Қазақстан халқы­на алғашқы Жолдауында еліміз­дегі университеттер санын қыс­қарту керектігін атап өткені және сол кездің өзінде білім сала­сы­­ның сарапшылары арасында уни­­вер­ситеттерді қысқарту жұ­мы­сы алдымен жекеменшік ЖОО-лар­дан басталатыны туралы бол­жам айтылған еді. Бол­жам шын­дыққа айналды. Сала ми­­нистр­лігі сапасыз жоғары оқу орын­дарын тексеруді бас­тап, осы уақытқа дейін бірнеше жоға­ры оқу орын­дарының лицензия­сын тоқ­тат­са, бірнешеуін жауып та үлгер­ді. Кейбірі қайта ашыл­­ды. Себебі Президент атап өт­­кен­дей, кейбір жоғары оқу орын­­дары­ның жартысы ғана өз тү­­лек­­терін жұ­мыс­пен қамту жа­ғы­­нан 60 па­йыз­дық көрсеткішке қол жеткізген. Сон­дай-ақ Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғам­­дық сенім кеңесінің үшінші оты­­ры­­сында бүгінгі жаңа ахуал бі­лім және ғылым жүйесін тү­бе­­гей­лі реформалауды талап етіп отыр­­ғанын айтқан. Мұның барлы­ғын толығымен қуаттап, қолдаймыз.

Президенттің осы алғашқы Жол­дауын еліміздегі жоғары оқу орын­дарының арасында алғаш болып талқылап, кең көлемде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, Үндеу жолдаған да, Мемлекет басшысына хат жазған да осы «Сырдария» университеті болатын. Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған сол Үндеуде: «Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған бұл құжат – тәуелсіз Қазақ елінің кемелді ке­ле­­шекке деген көркем сенімі. Қа­сиетті Жиделібайсында, Мыр­за­шөлдің төрінде, алтын ал­қап­ты мақтаның отаны Мақта­арал­да, жартығасырлық мерей­тойын тойлағалы отырған Жеті­сай қаласында орналасқан «Сыр­дария» университеті заманауи сұра­ныс­­қа ие, бәсекелестікке қабі­­летті, жоғары білікті мамандар даяр­лайды. Бұл оқу ордасы – күн­гейлік жастардың білім күм­безі. Ал жастар – қоғамның қозғау­шы күші, елдің тірегі, мемле­кеттің ең белсенді бөлігі. «Сыр­дария» университетінің про­фесс­ор-оқытушылары мен ст­удент­тері сіздерді Жолдауды қол­­дауға және белгіленген мін­дет­тер мен іс-шараларды бірлесе атқаруға шақырады! Ұлы дала­ның жаңғыру мен жаңару жо­лын­дағы жаңа белестерді бірге бағын­дырайық!» делінген. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған хат мә­тінінде білім-ғылым із­де­ген Жетісай, Мақтаарал аудандарының жастары мен Өзбекстандағы қандас бауырларды жаңа өмірге жетелеуде «Сыр­дария» университетінің ұжымы Президенттің саясатын бас­шы­лыққа алатынын атап көр­сеткен. Тарихы өткен ғасырдың соңынан, нақты айтар болсақ 1998 жылы 27 шілдеден басталатын «Сырдария» университеті – бұрынғы да, қазір­гі де облыс орталығынан алыста орналасқанына қарамастан, Өзбек­стан мемлекетімен шекара­лас жатқан шалғайдағы Мыр­зашөл өңірін өркениетті, мәде­ниет­ті аймаққа айналдырып отыр­ған іргелі оқу ордасы.

Бүгінге баға беру үшін өткенге көз жүгірткен артық бол­мас. Осы­дан 150 жыл бұрын қазақ­тың жарық жұлдызы Шоқан Уәли­хановтан қалған «Халықтың кеме­ліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген нақыл сөздің ақи­­қатына қазіргі таңда көзіміз же­тіп отыр. Өткен ғасырдың соң­ғы онжылдығында еліміздегі жоға­­ры білім беру саласында үл­­кен өзгерістер орын алғаны бел­гілі. Оны, әрине, тәуелсіздік алуы­­мыз­­бен байланыстырамыз. Білім, мәдениет және денсаулық сақ­тау ми­нистрлігі 1998 жылы 27 шіл­де­де мемлекеттік емес «Сыр­дария» университетін құруды ұй­ға­рад­ы. Әрине, шешім қа­был­дау да, мақ­сатқа жету де оңай­ға соқ­пағаны анық. Түрлі ке­дер­гі­лер мен қиындықтарды әріп­тес­­­­тер­мен еңсере білген ұжым бү­­гін­­­ге дейін білім саласында озық қызмет атқарып келеді. Сол өліара шақтағы білімге құштар жа­с­­тар­дың жанарындағы үміт­тен бүр­­шік жарған сенім бүгінде сая­лы бәйтерекке айналды. Уни­верситет ұжымы білім ұясын ап­тап­та ыстықтан, аязда суықтан қор­ғап, осы күнге жеткізді. Арман ақиқатқа айналды. Бүгінде «Сыр­дария» университеті – жоғары бі­лік­ті мамандарды даярлайтын, өндіріске енгізілетін іргелі және эко­логиялық зертханалық зерттеу­лерді дамытуға бағытталған кең көлем­дегі білім, ғылым, руха­ни-тәр­биелік, инновациялық орталық.

Университет Білім беру сап­а­сын қамтамасыздандыру тәуел­сіз қазақстандық агенттігі мен Ак­кредиттеу және рейтингтің тәуел­сіз агенттігінен институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтіп, аккредиттеу туралы куәліктеріне ие болған. Өткен жылы барлық білім беру бағдарламалары Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінен халық­аралық мамандандырылған ак­кре­дитт­еуден 5 жылға сәт­ті өт­кен. Уни­верситетті құрыл­ған­­нан бер­гі 23 жылда 15 мың­нан ас­­там студент бітірген. Ста­тис­­ти­ка­лық мәліметтерге сү­йенсек, біті­руші түлектердің 58%-ы бүгінде еліміздің білім беру мекемелерін­де табысты қыз­мет етуде, соның ішінде 27 тү­лек мектеп директоры болып қыз­мет атқарады. Қазіргі уақытта жер­гілікті мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің 70%-ы – осы «Сырдария» универси­тетін бітір­ген түлектер. Ел кә­сіп­орындарының 2019 жыл­­ғы қо­ры­тындысы бойынша «Жо­ғары білім» санатында жал­­пы мемлекеттік екі аталым бо­­йынша («Мемлекет­­тік қазы­­наға қосқан үлесі», «Сенім­ді са­­лық төлеуші») «Сырдария» ун­и­вер­­ситеті «Ұлттық-бизнес» рей­­тингте «Күміс рейтингке» ен­ген. Сондай-ақ Салық төлеу­ші­­лерді жалпы мемлекеттік сара­лау­д­ың қорытындысы бойынша «Сырдария» университеті «Сала көшбасшысы-2019» марапа­тының иегері атанған.

«Сырдария» университеті мате­риал­дық-техникалық база, кітап қоры, ақпараттық-техни­калық құралдар, электронды кі­тап­хана қоры бойынша Қазақ­стан ЖОО-ның үздік онды­ғы­на кіре­ді. Университеттің материал­дық  тех­никалық база­сын қа­лып­тас­ты­р­у­ға бүгінге дейін 7 млрд 776 млн 727 мың 600 теңге жұмсалған. Мұндай материалдық-техникалық база кей өңірлердегі мемлекеттік жоғары оқу орындарында да кездесе бермейді. «Инновациялық ғылыми-зерттеу орталығында» органикалық химия және зоология, адам анатомиясы мен физиологиясы, бейорганикалық және аналитикалық химия, физика зерт­ханалары орналастырылған. Дәріс­ханалар заманауи жабдық­тар­мен қамтылған. Сайрам ауданы Құт-Арыс елді мекенінде 47 гектар жер телімді «Сырдария» университетінің «Іс-тәжірибе­лік және ғылыми-инновация­лық ізде­ністер» орталығында бола­­шақ био­логтер мен географтар, хи­мик­тер, суретшілер мен қолөнер ие­лері, спортшылар, дала оқу-зерт­теу практикасын және дала жиын­дарын өткізеді. Бүгінде «Сыр­дария» университетінің серік­тесі «Сбербанк» (Ресей) қар­­­жылай демеушілігімен 1 гектар жер телі­міне 7 қабатты заманауи Бас оқу ғимаратын салу жұмысы басталды. Жоба құны 760 млн теңге, сыйымдылығы 1500 орын деп жоспарланған. Сонымен бірге «Барыс» спорт кешенінің де құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба құны 404 млн теңге тұратын бұл ғимаратта бір уақытта 160 адам жаттыға алады. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында салынып жат­қан бұл құрылыс жұмысы жа­қында аяқталып, қыркүйек айын­да қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Университет қазіргі таңда 26 бакалавриат және 6 магистратура білім беру бағдарламалары бо­йынша мамандар даярлауда. Білім алушылар саны да кей жекемен­шік жоғары оқу орын­дарындағы­дай көп емес: бакалаврда – 3 666, магис­тратурада – 201, барлығы – 3 867. Орталықтан шал­ғайда орна­лас­қандығына қара­мас­тан, уни­верситетте қыз­мет ат­қара­тын профессор-оқыту­шы­­лар­дың әлеуеті жылдан-жыл­ға жоға­рылауда. Ғылыми әлеует 51 па­йызды құрайды. Уни­вер­ситет Үнді­стан (Дели), Гре­кия (Афина) және Кэмбридж универ­си­тетімен жа­ра­­тылыстану, ақпарат­тық тех­но­­ло­­гиялар білім беру бағ­дар­лам­а­лары бойынша қос дипломды білім беру жүйесін жүзеге асыруда.

Оқу ордасында білім, ғылым­мен қатар рухани-мәдени тәрбиеге де аса мән берілетіні ғимараттар қабырғасына ілінген студенттер мен оқытушылардың қолөнер бұйымдарынан, картиналардан айқын көрінеді. Студенттері де ибалы, тәрбиелі. Өнерге құштар жастардан құралған «Сырдария құрамасы» жайдарман тобы 2017 жылдың қорытындысы бо­йынша республикалық Жоғары лига ойындарының чемпионы атанған. Облыстағы жалғыз жеке­меншік жоғары оқу орнында бүкіл елімізге белгілі аса көрнекті тұл­ғалар, атап айтқанда, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, аса көрнекті түркітанушы ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары Мырзатай Жолдасбеков, Рахманқұл Бердібай, Мәдениет қайраткері, актер Сәбит Оразбаев, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов, көр­некті жазушы Мархабат Бай­ғұт, т.б. университетке келіп, сту­дент­термен жүздескен.

Сыр бойында орналасқан Жеті­сай, Мақтаарал, Келес, Шар­да­ра аудан­дарында 525 мың халық тұра­ды, 231 мектепте 140 мың бала оқи­ды. Шекаралас жатқан Өз­бек­стан Рес­пуб­ли­касының Сыр­дария, Жизақ, Гүлі­стан, Ташкент об­лыс­та­рын­­да қан­дас ба­уыр­ларымыз бар­шы­лық. Өз­бек­стан­ның берген рес­ми мә­лі­меттеріне сенсек, Өз­­­­бек­­стан­да 1,5 млн қазақ өмір сү­­­ре­­ді. 370 қазақ мектебінде оқи­тын 54 мың 926 оқушы бар. Осы қа­­зақ мек­теп­теріндегі ең бас­ты мә­­­­се­­­ле – кадр тапшылығы. Сон­дық­­­­­­тан да болар, «Сыр­дария» уни­­­­­­­­­­вер­­­­сите­ті сту­денттерінің 36%-ы – Өз­бек­­стан­да тұратын аға­йын­дарымыздың ұл-қыздары. Яғни уни­­вер­ситет аталған аудандар мен Өз­бек­станда тұрып жақтан қазақтарды қосқанда 2 млн 210 мың адамға қызмет етуде.

Байырғы Қазақ елінің, ежелден Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени өмір кезеңінің куәсі болған Сырдария өзенін жағалай орналасқан Жиделібайсын жері – тарихи мекен. Сырдария – көне грек тіліндегі аты бойынша Яксарт деп аталады. Өзеннің грекше аты көне парсы тіліндегі өзен суының түсінен пайда болған «Үлкен маржан» деген сөз тіркесінен бастау алады екен. Ал ортағасырлық мұ­­сыл­ман жазбаларында өзен жұ­­мақ­­тағы төрт өзеннің бірінің аты­­мен «Сейхун» аталған деген дерек бар. Қарап отырсаңыз, қазір­­­гі географиялық бөлініс бо­­йын­­­ша Сырдария өзені бас­тауын Ор­талық Тянь-Шань сілем­дері­нен алып, Қырғызстан Респуб­ли­касының Нарын, Жалал-Абад және Ош облыстарын, Тәжікстан Республикасының Соғды облысын, Өзбекстан Республикасының Әндіжан, Наманган, Ферғана, Ташкент, Жизақ және Сырдария облыстарын, ал еліміздің аумағында Түркістан мен Қызылорда облыс­тарын басып өтіп, Арал теңізіне құяды. Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылған жерінен бас­тап Сырдария деп аталады екен. Мақтааралдың төрінен ашылған тұңғыш жоғары оқу орнының осы өзендей білім-ғылымның дариясына, маржанына айналып отырғанына бүгінде ел куә.

Бабаларымыздың ізі қалған қа­­сиетті де шежірелі Жиделібай­сын­ның төрінен тұңғыш ашылған жо­­ғары оқу орнының тарихы – тәуел­­­сіздігімізбен тамырлас. Ор­­та­­­ға­сырлық мұсылман жаз­ба­­ларын­­да жұмақтағы төрт өзен­­нің бір атауы «Сейхун», бүгін­­де Сыр­да­­рия аталатын өзен­мен аттас уни­вер­­ситеттің б­ілім ай­ды­нын­дағы ба­­ғы­тына айқын­дылық, мақса­ты­­на нақтылық, істеріне сәттілік тілейміз!

 

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Сенат депутаты