Оқиға • 15 Сәуір, 2021

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту орталықтары

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға жәрдемдесу және шешім қабылдау процесіне халықтың қатысуын жандандыру мақсатында төрт өңірде (Атырау, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары) қанатқақты Сommunity орталықтары құрылатын болады. Бұл жөнінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту орталықтары

Орталықтардың қызметі жергілікті қоғамдастықты дамыту моделін құруға бағытталады. Олардың базасында жергі­лікті жерлердегі сарапшылар (офлайн және онлайн) жергілікті өзін өзі басқару (ЖӨБ) бойынша консультациялар бере­ді. Яғни жергілікті халықтың шешім қабыл­дау процесіне қатысу мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігі болады: жиналыстарды, жергілікті қоғамдастық жиындарын ұйымдастыру, жергілікті қоғамдастық мүшелігіне кіру, ЖӨБ бойынша НҚА түсіндіру және басқа да мәселелер.

Орталықтар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамытуға бағытталған іс-шара­лар кешенін ұйым­дастыру» гранттық жобасы шеңберінде «Маңғыстау облы­сының Азаматтық альянсы» ЗТБ күшімен іске қосылады.

Айта кету керек, бұл жоба Қазақ­станның 8 облысында (Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстары) жүзеге асырылады. Жоба барысында ұйымдастырушылар  жергілікті маңызды мәселелерді шешу үшін жалпы құны 8 млн теңгені  құрайтын (әр өңірге 1 млн теңге) шағын гранттар конкурсын өткізеді.

Сондай-ақ жобаны іске асыру шең­берінде халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға бағытталған бір күндік 16 оқыту семинары 8 өңірде ұйымдастырылады. Бұл семинарларды тұрғындар үшін қаржылық сауаттылық және азаматтардың жергілікті бюджеттерді басқару процесіне қатысу мүмкіндігі бойынша тақырыптық қолданбалы курс­тар циклі мен әлеуметтік жобалау және бастамашылық бюджеттеу мәселелері бо­йынша жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін оқыту курс­тарынан өткізу үшін жоспарлануда.