– Бір апта бұрын ғана су басу қаупі бар ауылдарды аралап шықтыңыздар. Бірақ келер қауіпті ескермедіңіздер. Жағдайды бақылауға алмағаны үшін орынбасарыңыздың жауапкершілігіне қатысты шара қолданыңыз. Шілікті ауылындағыдай жағдай енді қайталанбауы қажет. Жұмысты бақылауға алыңыздар, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов департамент басшысы Ернұр Өтегеновке.
Осы оқиғаның алдында ғана департамент басшылығы мен мамандары аудандардағы көктемгі су басу ықтималдығы жоғары аумақтарды тікұшақпен аралап өтіп, автокөлікпен жүру мүмкіндігі жоқ жерлердегі су деңгейін тексерген еді. Бірақ сол кезде шағын ғана Шілікті ауылы тікұшақтан көрінбей қалған сияқты. Ауыл аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан.
– Жол жоқ. Жолболдыдан Шіліктіге дейінгі 20 шақырымдық жол әбден тозып бітті. Біз басқа ештеңе сұрамаймыз, тек жолды жөндеп берсеңіздер екен. Көктемде аудан мен облыс орталығына бару қиындайды. Ми батпақ, жол ма, не екені белгісіз. Осыған жылдар бойы төзіп келеміз, – дейді тұрғындар.
Су басқан себебі су өткізу құбырлары жасалмаған, екі күн бойы жауған жаңбырдың суы тасқынға ұласқан. Ақтоғай ауданы әкімдігінің мәліметінше, Жолболды ауылдық аумағына қарайтын Шіліктідегі 20 үйде 108 адам тұрады.
Аудандағы Шолақсор, Жалаулы ауылдарына жыл сайын Ақмола облысындағы су қоймасынан Сілеті өзенінің арнасымен тасқын су келеді. Жылда бірнеше бөгет жасалып, азық-түлік және ең қажетті тауарлар қоры әкелінеді. Тұрғындар бұл жағдайға әбден үйреніп кеткен. Тіпті бұған дейін облысқа Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Құлшымбаев келіп, арнайы жиын өткізген-ді. Яғни, «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының басталғанын, биыл бұл шара адамдарды шоғырландырмай өткізіліп, мамандар құрамын сапқа тұрғызудан және техниканы жинаудан бас тартылғанын мәлім еткен-ді. Бірақ су басуға ұшыраған учаскелерде тасқын салдары жергілікті әкімдіктер мен департамент мамандарының халық арасында көктемгі су тасқыны кезеңіндегі тәртіп туралы ақпараттандыру-профилактикалық жұмыстарын өткізу қажеттігін ескертті. Бұл дайындық жұмыстары қандай да бір шағын ауылдардың оқшауланып қалуын болдырмау үшін су тасқыны жағдайына іс жүзінде дайын болуы керектігінің алдын алуға жасалған шара еді.
– Облыста су тасқыны қаупі бойынша жағдай тұрақты және бақылауда. Ақтоғай, Железин, Ертіс аудандарында әлі де қар бар. Қыс бойы 800 мың тоннадан астам қар шығарылды. Барлық су өткізу құбырлары тазартылды. Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылы ерекше бақылауда. Бұл ауыл Сілеті өзенінің бойында орналасқан. Сілеті су қоймасынан 36 сағат ішінде 64 млн текше метрден астам су жіберілсе, бүгінде су жіберу көлемі азайды. Енді алдағы уақытта су қоймаларынан су жіберудің екінші кезеңі басталады. Сондықтан жергілікті әкімдіктер бақылауды күшейтуі тиіс, – деді Е.Өтегенов.
Ал Баянауыл ауданында Қарағанды облысынан келетін су ерекше бақылауға алынған. Қазір Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульянов тас жолының 101-105-ші шақырымдарының аралығы бақылауда. Жолдың 101-шақырымында 2 су жіберу құбыры орнатылған.
Қарағанды облысындағы Ақжар қоймасынан жіберілетін су көлемінің тас жолды шайып кету ықтималдығы жоғары болғандықтан, барлық қажетті техника мен жабдықтар, машиналар дайын тұр. Онсыз да жолы жоқ Шорман, Көкдомбақ және Жаңатілек ауылдарындағы жағдай қиын, жолдарды су басып кетсе ауылдықтарға тіптен ауыр. Жаңажол, Ескелді ауылдары арасын қосатын облыстық маңызы бар автомобиль жолын да жыл сайын су басады. Сондай-ақ Баянауыл ауданында жолды су басу қаупі бола қалған жағдайда «Қазавтожол» АҚ жергілікті филиалы тарапынан Қалқаман – Қарағанды аралығындағы тас жол бойына ауыр жүк көліктері жіберілмейтіні ескертілді.
Жалпы, облыста су тасқынының алдын алу үшін 800 мың тонна қар шығарылып,
1 365 су өткізу құбыры тазаланыпты.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы