Осы оқиғаға орай ұйымдастырылған акция аясында қаладағы Қазбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінің аумағына түнде жарық шашып тұратын олимпиада шығыршықтары орнатылды. Сондай-ақ спорттық нысанның ауласына жас жеңіл атлетшілермен бірге қарағай көшеттері отырғызылды.
Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша боксшы Абылайхан Жүсіпов, балуан Эльмира Сыздықова, суда көркем жүзушілер Александра және Екатерина Немичтер олимпиада лицензиясын жеңіп алған. Сонымен қатар жүзгіштер Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Әлия Рахымбекова, жеңіл атлетшілер Руфат Хабибуллин, Тоқтар Жақыпов, Дастан Мұқашбеков, мерген Айдос Жылқышинов сынды паралимпияшылар да дүбірлі додада ел намысын қорғайтын болады.
«Спортшыларымыздың Олимпиадаға тыңғылықты дайындалуы үшін барлық жағдай жасалған. Олардың ел үмітін ақтайтынына сенім мол», дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Сонымен қатар Арқа спортының басшысы қарағандылық бір топ спортшының Олимпиада жолдамасынан әлі де үмітті екенін айтады. Мысалы, Данил Мұсабаев (батут гимнастикасы), Ерұлан Ысқақов (грек-рим күресі), Светлана Германович, Виталий Васильев, Михаил Таскин (академиялық есу), Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов (дзюдо) және Давид Ефремов пен Римма Кашафутдинова (жеңіл атлетика) сияқты атлеттер алдағы жарыстарда Олимпиада жолдамасы үшін күресетін болады.
ҚАРАҒАНДЫ