QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаевтың айтуынша, Қазақстанның ұлттық саябақтарына баруды таңдаған туристер санының жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, саябақ инфрақұрылымын дамыту және оған инвестициялар тарту қажет. Алайда инвестициялардың ұзақ мерзімді қайтарымы және экологиялық туризмді дамытуға инвестицияларды қолдау тетіктерінің болмауы коммерциялық инвесторлардың қызығушылығын төмендетеді.
«Экологиялық туризмді дамытудағы QazaqGeography-дің жинақталған сегіз жылдық тәжірибесін және биологиялық алуан түрлілікті сақтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ескере отырып, бірлестік басшылығы серіктестермен келіскеннен кейін, ұлттық саябақтардағы кейбір жер телімдерін ұзақ мерзімді басқару конкурсына қатысуға шешім қабылдады. QazaqGeography командасы осы саябақтарды дамытуға және болашақ ұрпақ үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың байлығы мен алуан түрлілігін сақтауға бар күш-жігерін салады», деді ол.
Қазір саябақтардың аумағында қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) процедурасы жүргізілуде, бұл 3 кезеңде өтеді. Әртүрлі ғылыми институттардың мамандары (ботаниктер, зоологтар, топырақ зерттеушілер, геологтер, географтар, гидрологтер және т.б.), оның ішінде География және су қауіпсіздігі институтының ұжымдары – рельеф, геология, болуы мүмкін қауіпті табиғи құбылыстар және т.б. бөлімдері және Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Қазақстан қауымдастығының өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, биоалуантүрлілік, антропогендік факторлардың әсері және т.б. бөлімдерінің мамандары аталған аумақтардағы зерттеу жұмыстарын бастады. Жұмыс барысында жоспарланған іс-шаралардың нұсқаларын іске асыру кезінде қоршаған орта мен әлеуметтік-экономикалық ортадағы өзгерістерге талдау жасалады. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қоғамның кең ауқымын тарта отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Екі паркке арналған бұл рәсім Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісілген.
Айта кету керек, «Шарын» және «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері QazaqGeography РҚБ-ның басқаруына берілмеген және мемлекет меншігінде қала береді. QazaqGeography туристік-рекреациялық нысандар салу үшін ұлттық парктің тек белгіленген жер телімдерін ұзақ мерзімді пайдалану құқығын алды.
«Шарын» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнының жалпы ауданы – 127 050 га, берілген жер учаскелерінің ауданы 4,9 га құрайды, ал салынатын нысандардың негізгі көлемі «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреберістің алдында орналасқан. Сол сияқты «Алтын-Емел» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнының жалпы ауданы 307 мың га шамасында, ал берілген жер учаскелерінің ауданы – 12,1 га. Жоспарланған нысандарды салуға рұқсаттар заңнамада белгіленген барлық рәсімдерден өткеннен кейін, қоғамдық тыңдаулар мен қоршаған ортаға әсері туралы сараптамалық қорытындыларды алғанда ғана беріледі. Бұл туралы міндетті түрде хабарланады. Белгіленген процедуралар кезінде тұжырымдамасы, құрылыстың уақыты және объектілердің жоспарланған өтелуі, оның қоршаған ортаға әсері, жергілікті тұрғындар үшін ашылған жұмыс орындары саны, салық және басқа тиісті ақпарат пен құжаттар ұсынылады.
Ұзақ мерзімді пайдалану құқығының берілуі парк аумағына кіру немесе саяхаттау үшін төленетін кұнының ұлғаюына әсерін тигізбейді. Жоспарланған туристік-сауықтыру орындарына бару және оларды пайдалану саябаққа келушілердің қалауы бойынша ғана болады. Туристік-рекреациялық объектілерді салуға тартылған инвестицияларға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат пайдаланылмайды, барлық қаражат көзі – жеке инвестициялар. Осы объектілерді пайдаланудан түскен кірістер QazaqGeography РҚБ биологиялық алуантүрлілікті сақтау және Қазақстандағы экологиялық туризмді дамыту салаларында зерттеулер жүргізу үшін жұмсалады.
Айта кетелік, QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі 2013 жылы 16 қазанда құрылды. QazaqGeography бірлестігінің мақсаты – география және онымен байланысты ғылымдарды зерттеу және танымал ету; ғылымды, білімді және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау; қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысу; Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени мұраларын танымал ету; Қазақстандағы туризмді дамыту үшін еліміздің бірегей тарихи-мәдени және географиялық нысандарына назар аударту. Қазіргі уақытта бірлестіктің 11 аймақтық өкілдігі ашылған.