Руханият • 15 Сәуір, 2021

Айвардың арманы

710 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Айвар Азаматов – Ресей қазағы. YouTube желісінде AIVAR атты блогымен танылған ол жаһан жайлап, қиыр асқан қазақтың өмірі, тілі мен діні, салт-дәстүрі, танымы турасындағы тақырыптарды қаузайды.

Айвардың арманы

Екі жылдан бері тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударған ол бүгінде алматылыққа айналған. Айтпақшы, Айвар жуырда ғана «қандас» мәртебесіне ие болды. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастағанбыз. Сөз арасында алғаш елге келгенде кездескен қиындықтар жайында, атажұртпен тұрақты мәдени-рухани байланысы жоқ Ресейдегі қазақтар үшін маңызды болып отырған мәселерді де әңгімелеп берді.

 

Ең үлкен қиындық – тіркеуге тұру

Айвар қазір Қазақстан азаматтығын алуға құжат жинастырып жатыр. Одан бөлек, сауданы кәсіп етіп, кітап, киім-кешек сатады. Әрине, қолы қалт ете қалғанда ресейлік қазақтардың тұрмыс-салты жайындағы блогын қосымша жүргізуді қаперінен шығарған емес. Өйткені бұл – Айварға нағыз еркіндік беретін шығармашылық жұмыс. Қоғамдағы өзгерістерге өзіндік көзқарасын білдіріп жүрген азамат ретінде ол бастапқыда шағын бейнеролик түсіруден бастаған. YouTube арнасына жүктеген ұлттық салт-дәстүр, ырым-тыйым жайлы әжесімен өрбіткен әңгіме 100 мыңнан астам рет көріліп, тез танылған. Мұндай танымалдылық Айварға жаңа ой салып, бірте-бірте белсенді бола бастайды.

– 2016 жылы Бүкілресейлік «Орлёнок» балалар орталығында жұмыс істеп жүргенімде бейнеролик түсіруді қолға алдым. Әжеммен әңгімеміз тез танылғанын көріп, этнографиялық тақырыптағы ізденістерімді бес жылдан бері жалғастырып келемін, – дейді ол. Ал «туған жерге туымды тіксем» деген ой оның бала күннен бергі аңсарына айналған арман.

– Ресейден Қазақстанға қоныс аударуымның басты себебі – осында өмір сүріп, өз халқыма қандай да бір жолмен пайда әкелсем деген тілектен туды. Өйткені бала кезімнен Қазақстан туралы көп естідім, әуелі осы жерге барғым келді, содан кейін көшсем деп қатты армандадым. 15 жасымда «он жылдан соң Алматыда тұрамын» деп ондағы достарымды қонаққа шақырған хатым әлі сақтаулы. Ресейдің алыс ауылында бұл мүмкін еместей көрінетін. Ал қазір мен Алматыдамын және барлық ойым орындалды, – дейді ол. Елге келе қалғанда туған-туысындай ақ ниетімен жік-жаппар болып қарсы алған мұндағы ағайынға дән риза. Арасында ас-ауқатпен сыйлап, пәтер жалдауға көмектесіп, қонаққа шақырған бейтаныс жандар да болған. Айвардан елге келгенде қандай қиындықтарға кездестіңіз деп сұрағанымызда, шет мемлекеттен келетіндер үшін басты мәселе – тіркеуге тұру екенін айтты. Себебі Қазақстанда туысы я танысы болмағандықтан, тіркеуге тұра алмаған әрі тіркеу мерзімін ұзарту үшін іргелес Қырғызстанға барып келіп амалдауға тура келген.

– Біз үшін басты мәселе тіркеуге тұрғызатын адамдарды іздеп табу болды. Бар уақытым соған кетті деуге болады, өмірімде кездескен үлкен қиындық осы болған шығар, – деген Айвар мұның барлығы артта қалғанын, Алматыдай әсем қаланың жанында мұндай қиындыққа көз жұма қарауға болатынын жымия жеткізді. Ал Алматы – үлкен қала. Шығармашылықтың қаласы. Тау, жасыл желекті табиғат, өзіндік келбеті мен мәдениеті бар. Әр аттап басқан қадамың тарихқа тұнып тұр.

 

Ресей қазақтары тілінен айырылып барады

Бүгінде бейресми мәлімет бойынша Ресейде миллионнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Айвардың Ресейдегі қазақтардың тыныс-тіршілігі мен бүгінгі жағдайынан хабары мол. Зерттеп, зерделеп жүрген тақырыбы да осы сала болғандықтан, көрші елдегі ағайындар жайына келгенде іркіліп қалмады. Оның айтуынша, ауыл-аймақтағы қазақтар арасында қалаға көшу үрдісі қызу жүруде. Бұл бір жағынан дәстүрлі өмір салтынан алыстатқанымен, оң тұсы да бар көрінеді: үлкен қалаларда қауымдастықтар мен ұйымдар құрып, қазақ мәдениетін жұмыла зерттейді, қоғамдық өмірге белсене араласады. Мәселен, қазақ атынан спорт пен кинода, ғылымда танылып жүрген Азамат Мұсағалиев пен Вячеслав Досмұхаметов, Арман Дәулетьяров сынды тұлғалардың мәдениетаралық диалогтарда ықпалы зор. Мәдениеттің алтын өзегі – өнер дейтін болсақ, әдебиет, музыка, кино насихаты арқылы жастар арасында өз тілі мен діліне, тарихына деген қызығушылық арта түскен. Десе де атажұрттан қол үзіп қалған ондағы қазақтарды алаңдататын өзекті мәселе – ана тілін сақтап қалу болып отыр. Өйткені Ресейде қазақ мектептері атымен жоқ, ал қазақ тілін шала-шарпы білетін ата-ананың баласына тіл үйретуге шамасы келе бермейді.

– Дәл қазір ресейлік қазақтар арасында қазақ тілінің жойылып бара жатқаны анық көрінеді. Жастар қазақ тілін білмейді, өзара сөйлеспейді. Өйткені оларға тіл үйрететін орталық жоқ. Қазақстан шетелдегі қазақтар арасында онлайн режімде қазақ тілін оқытуды дамытып жатыр, бірақ мен бұл идеяға күмәнмен қараймын. Өйткені балалар үшін онлайн оқу дәстүрлі мектептерді алмастыра алмайды, – деген Айвар өзге жұртпен етене сіңісіп, ұлттық қасиетінен айырылып бара жатқан қазақтар үшін Қазақстан билігі нақты іс-шараларды тез арада қолға алуы тиіс деп біледі. Айтуынша, Ресейде қазақ мектептерінің жоқтығы ондағы қазақтардың мәдени, саяси өмірін түп-тамырымен өзгертіп отыр.

– Қазақ ұлтының өзге этноспен ассимиляциясын тоқтату үшін қазақ тілі мен мәдениетін зерттейтін орталықтар ашу қажет. Ресейің 10 мыңнан астам қазақ тұратын әр қаласында, өңірінде бірыңғай стандарттарда жұмыс істейтін орталықтар ашылса деймін. Тек жүйелі жұмыс қана қазақ тіліне қатысты жағдайды өзгерте алады, әйтпесе Ресей қазақтарының арасында ана тілінің жоғалып кетуі сөзсіз. Ал тіл құрдымға кеткен жерде ұлттың да жойылуы оңай, – дейді Айвар. Оның айтуынша, осы арқылы алыстағы ағайын Қазақстанмен тығыз байланыста бола отырып, әсіресе, жастар жағы тарихи Отанына қоныс аударуға ынталы болмақ.

 

                                                   Атажұртқа оралғысы келетіндер көп

Айвардың әңгімесінен аңғарғанымыздай, тарихи Отанына көшіп келгісі келетін қазақ көп. Бірақ оларды тежеп отырған басты бөгесін – Қазақстанның көші-қон туралы заңнамасын мүлдем білмейді, өйткені, Қазақстанның құзырлы ұйымдарының бұл тарапта жұмыс істеуі белсенді емес.

– Сонымен қатар, оларды күтіп отырған жанашыры, жақыны болмағандықтан, келе қалғанда тіркеуге тұру қиын. Сондай-ақ қазақ тілін білмегендіктен, жұмыс табылмайды деген қорқыныш бар. Ресей қалаларындағы Қазақстан елшілігінен мардымды ақпарат ала алмаған олардың қандастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жайында мағлұматы аз, – деген ол құзырлы ұйымдардың шет мемлекеттерден келетін этностық қазақтарды тіркеу мәселесін шешіп беріп, әрі қарайғы іс-шаралар туралы толық ақпаратты бір орталықтан алуды жүйелендірсе, ұтымды болатындығын жеткізді. Айтуынша, бұрынырақта болған мұндай орталықтар қазір түбегейлі жабылып қалған.

Әңгімеміздің соңында қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайтын азамат ретінде өзін не ойландырып жүргенін, қандай талап-тілегі бар екенін сұрағанбыз.

 – Мені Қазақстанның болашағы алаңдатады. Елімнің ешкімге тәуелсіз, еркін болғанын қалаймын. Кез келген сәтте туған жерін дамытуға, өркендетуге күш салатын мықты азаматтарды тәрбиелей берсе деген тілегім бар, – дейді Айвар.

 Задында игілікті қоғам өз тіршілігіне мән үстеген адам болмысымен қалыптасып, мағыналы бола түссе керек. Туған халқына, Отанына деген сүйіспеншілікті өз өмірінің түпқазығы еткен Айвардың ұстанымынан қоғамның біртұтас бейнесін жақсы жаққа өзгертуге қолғабыс етсем деген құлшыныс пен ерік-жігер аңғарылады.