Аймақтар • 15 Сәуір, 2021

Табиғат тағылық жасағанды кешірмейді

687 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өңірдің өңін қашырып жатқан мәселе аз емес. Омырауына сексен көлден моншақ таққан көрікті Көкше өңіріндегі суы азайып, тайызданып келе жатқан көлдің бірі – Қопа.

Табиғат тағылық жасағанды кешірмейді

Алдағы уақытта көл табанында жылдар бойы жиналып, тау-теңіз болып жатқан шөгіндіні тазартып, көлге құятын қос өзеннің бойымен келетін күл-қоқысты азайтсақ қана тұншығып жатқан тіршілік көзі ақ айдынға айналар еді.

 

Аты Қопа болғанмен, қорысы жоқ көл еді

Облыс орталығының солтүстік-батыс жағында теңіз деңгейінен 223 метр биіктікте орналасқан Қопа көлі тананың көзіндей жарқырап жатыр. Сөзбен жаттандылау сурет салып, жарқырап жатыр дегенімізбен, жалпы аумағы 13 шақырымды құрайтын, тереңдігі 3 метрге жуық көл табанын толайым қорыс басқалы қай  заман. Мамандардың айтуына қарағанда, лай қабатының орташа деңгейі 2 метрден асып кеткен, кей жерлеріндегі баттасқан лай 6 метрге дейін жететін көрінеді. Көктемде қызыл су жүрген кезде, Шағалалы су қоймасынан су ағызған сәтте онсыз да қорыс басқан көлге жыл сайын орта есеппен 20 мың текше метрге жуық шөгінді түседі екен. Енді қорысқа айналмасқа, батпақ болмасқа не шарасы бар?! Шөгінді көл түбіндегі бұлақ көздерін де бітеген. Ертеректе көлге қарай бұрқырап аққан бұлақ атаулыны жағалауға салынған тұрғын үйлер мен ғимараттар бітеп тастаған. Табиғи судан толықтыру болмаған соң жағалау жылдан-жылға алыстап бара жатыр.

Қопаның суы мөлдір, терең, көркем кезін көргендердің айтуына қарағанда, 1955 жылы 59,2 млн текше метр шамасында болған көлдің жағалауы әнтек тарылып, 90-жылдары 26 млн текше метрді құраған. Құрғақшылықтың және жерасты суларының көзі бітелуі салдарынан көлдің құрғап қалу қаупі туған соң ХІХ ғасырдың аяғында Шағалалы өзенінің арнасын бұрып, Қопаға бағыттау туралы шешім қабылданыпты. Әйтсе де, бұл шешім де көл суын молайта алмады. Ескі өзеннің ізі, аңғар сорабы Краснояр ауылының жанында әлі де тайға таңба басқандай көрініп жатыр. Мамандардың айтуына қарағанда, көлдегі су деңгейінің төмендеуі 60-жылдардың ортасында орын алған екен. Тек арада 10 жыл өткен соң ғана солтүстік жағалауға шағын бөгет салынып, бұрын сай-саланы қуалап ағып жатқан көктемгі қар суы көлге құйылып, деңгейі 60-80 сантиметрге дейін көтеріліп, құтқару мүмкін болған. Ең көп зардап шеккен кезең 50-жылдардың еншісінде екен. Осы жылдары тың игеру кезінде егін еккен алқаптардан  эрозияның салдарынан жойқын шаң көтеріліп, ұшқан топырақ көл табанында тұнып қалған. Оған дейін суы ішуге жарамды болыпты. Көл табанының тереңдігі 16 метрге дейін жетіпті. Табиғат жанашыры, «Балық аулау­шылар қоғамдық бірлестігі» республикалық қауымдастығының  директоры Жеткерген Әбдиевтің айтуына қарағанда, шаянның азаюы да ластануға әсер етеді екен. Көнекөз қариялар бір заманда Қопа көлінің балығы тайдай тулап, шаяндары жағаға шығып жатушы еді деп тамсанады.

– Көлде балықтың он шақты түрі бар, – дейді Жеткерген Әбдиев. – Тұқы, көксерке, шортан, алабұға, мөңке тәрізді. Зерендідегі балық питомнигінен уылдырық әкеліп, көлге жіберу арқылы балық қо­рын молайтуға тырысудамыз. Ре­сейден де жеткізілетін балық тұ­қымдары бар. Бұл арада мынадай бір ерекшелігін айта кетуге болады. Ең алдымен Қопаға суыққа барынша төзімді балық түрлері керек. Санкт-Петербург қаласының жанында Онга көлі бар. 1956 жылы сол көлдің климатын біздің ауа райымен салыстыра отырып, ихтио­логтер Қопада өріс жаюы мүмкін балықтардың түрлерін басқа ұрғандай етіп атап берген болатын. Бір өкініштісі, ол балықтардың табиғи өсімі болмайды, тек қолдан ұрықтандыру арқылы көбейеді. Қопаға керегі көлді қамыстан тазалайтын дөңмаңдай мен амур балықтары. Бұрнағы жылы 10 тоннадай ақ амур мен дөңмаңдай балығы суға жіберілді. Шөппен қоректенетін бұл балықтардың тәп-тәуір пайдасы бар. Негізгі мәселе, көлді тазалату төңірегінде ғой. Тазарту үшін алдымен лайын алу керек. Әйтпесе, көлден айырылып қалу қаупі әлі де бар. Көл суын молайтатын табиғи су көздерінің көпшілігі жабылып қалды. Көлді тұнбадан тазарту бағытында талай тәжірибе бар. Алысқа бармай-ақ іргедегі Түмен облысын алайықшы. Оларда көл түбіндегі шірік тұнбаны алып, тыңайтқыш ретінде пайдаланып жатыр. Демек, тазалауға жұмсалған қаражат толайым қайт­паса да, ішінара өзін-өзі ақтауға септігін тигізеді. Қопа көлінің түбіндегі шөккен шірікті бау-бақ­шаға пайдалануға әбден болады. Өйткені, ол экологиялық жағынан таза, ұзақ уақыт сумен жуылған, кәдімгі құм сияқты үлпілдек зат. Әрине, тазалау барысында көлдің астын тақырлап тастаудың қажеті жоқ. бұл көлдің суы ауыз су ретінде пайдаланылмайды ғой. Ең бастысы, облыс орталығының халқы демалатын көрікті орын болар еді.

Маманның айтуы қисынға келетін тәрізді. Көл суының ластануына іргесін­дегі ел тірлігі де әсер етіп жатыр.  Өткен ғасыр­да көлге тым жақын  салынған ескі үйлер әлі тұр. Қар суымен бірге барлық лас заттар көлге құйылады. Демек, тұр­ғын үйлер мен көлдің арасында ешкім шека­ра­сын бұзбайтын бір жолақ болуға тиісті.    

Асылында, Қопа көлі суының ластануы кеңес заманынан басталды. Көлге құйылатын Шағалалы өзенінің бойына Зеренді, Сандықтау аудандарының шаруашылықтары мал, шошқа қораларын тым таяу салған болатын. Қызыл су жүрген уақытта мал фермаларындағы бар қоқыс осы өзен арқылы Қопаға келіп құйылды. Ол аз болғандай, жағалауына ну қамыс өсіп, көлді балдыр басып кетті. Санитарлық-экологиялық жағдайдың ушығуына көлге құятын Қылшақтының ластануы да өз әсерін тигізуде. Өткен жылдар ішінде мамандар өзен арнасын өсімдіктен біршама тазартты. Жаңа жоба әзірленіп, жүзеге асырылды. Бұл экологиялық жоба 5 учаскеге бөлінген болатын. Қуатты техникалардың қатыс­тырылуымен екі мың текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Суасты өсімдіктерін шабатын арнайы техника да алынды. Су көзін тазалауға ұтымды деп есептелінетін Беларусь технологиясы қолданылды. «ЛК-12А» құрылғысымен суасты шөбі шабылды. 2009 жылы көлді тазартудың тағы бір жобасы дайындалып, тендер өткізілді. Тендердің жеңімпазы болып Германия компаниясы танылды. Бірақ кейін бұл жұмыс сұйылып кетті.

– 2011 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасалып, облыстық бюджеттен 90,6 млн теңге қаражат бөлінді, – дейді облыстық экология департаментінің бас маманы Мария Дербасова. – 2012 жылдың 5 қазанында жобалық-сметалық құжаттама 90 пайызға дайын болды. 2014 жылы көл табанындағы қорыстың 6 млн текше метрден 7,5 млн текше метрге жетуіне байланысты құжаттамаға ішінара өзгеріс енгізілді. Әйткенмен жоба қара­жаттың жоқтығынан ұзақ уақыт жүзе­ге асырылмай қалды.

Көлді сақтап қаламыз десек, енді осы жобаны жүзеге асыру керек-ақ болып тұр. Сонда ғана қала тұрғындарының игілігіне жарар еді. Әзірге жыл сайын жылға қуалап ағатын қызыл су қоқысқа қарық қылып тұр.

 

Ағын су ахуалды күрделендіруде

Көктемгі сай-саланы қуалап, бей-берекет ағатын ағын су өңір­дегі эколо­гия­лық ахуалды бұрын­ғыдан бетер күрделендіре түсуде. Құрамында сабын, синте­тикалық жуу ұнтағы, әрқилы дезин­фек­циялық дәрі, тұрмыстық химия қоспалары ағын сумен ағып келіп, жарым дүниені былғап жат­қан­дығы өкінішті. Бүгінгі күні көкөніс өсірушілер құрамында зиянды препараттары бар синтети­калық тыңайтқышты жиі пайдала­на­тындығы  белгілі. Қар суымен ақ­қан осы зиянды заттың бәрі су айдындарына құйылады. Бір кездегі кір­шіксіз таза дүниені адам­­­дардың сал­дыр-салақтығы, әрі­ден ойлай бермейтіндігі былғап жатыр. Қазір су айдындарының басым көп­шілігін жаман иіс басып кеткен. Қара қарғаның миы қай­най­тын шілденің ыстығында ашық су көз­деріне адам жақындап бара ал­­майды. 

Мамандардың айтуына қара­ғанда, ластану жаман иісті су өсімдіктерінің рабайсыз қаулап өсіп кетуіне себеп болып отыр екен. Ең жаманы мұндай өсімдіктер өзге өсімдіктердің өсуіне жол бермейтін көрінеді. Түптің түбінде өзен-көлдердегі тіршілік атаулыны жойып, жаппай бат­паққа айналуына алып келмек.

Су бұру жүйесі мен тазалағыш нысаны жоқ елді мекендер аума­ғында ағынды судың лайлануы қолға алынбаған мәселе десе де болады. Өйткені, жергілікті тұр­ғындар бұл мәселені атқа қонып, аттан салып көтеріп жатқан жоқ. Жалпақ жұрт жайбарақат болған соң әкімдіктер де арқаны кеңге салуда. Сөзімізді нақты фактімен шегендейтін болсақ, Астрахан, Егіндікөл, Біржан сал, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау аудан­дарының орталықтарында кәріздік тазалау нысаны жоқтығын айтуға болады. Бар жердің өзінде де ағынды суды тазалау экологиялық талаптарға толық жауап бермейді. Мамандардың айтуына қарағанда, алдын  ала тұндыру жұмысын жүзеге асыратын механикалық тазалау мүлдем тиімсіз екен. Осы себеп­ті тазаланбаған ағынды су ашық су көзде­ріне құйылады.

– Көкшетау қаласындағы шаруа­шы­лық-тұрмыстық және өнеркәсіп су ағын­дарын биологиялық тазалау стансасы 1991 жылдан бері пайдаланыл­уда, – дейді облыстық экология департаментінің маманы Марат Шлымов. – Бұл нысан қазір өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеуде. Нысан­ға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Облыс орталығында 2010 жы­лы жаңа биологиялық тазалау стансасының құры­лысы басталған болатын. Әйтсе де, қаржының жоқтығынан құрылыс жұмыстары қаңтарылып қалды. Мұндағы ахуал дәл осындай өткір күйде болғанда, шал­ғай­дағы Степногор қаласында да мәселенің күйіп тұрғандығын қадап айтуымыз керек. Шағын қаладағы тазалау нысаны әупірімдеп жұ­мыс істеп тұр. «Степногорск-во­до­канал» мемлекеттік ком­му­нал­дық кәсіпорны шаруашылық-тұр­­мыстық су ағындарын тазалау стансасы 1977 жылдан, «Энер­говодсервис» серік­тестігінің биоло­гиялық тазалау стансасы 1976 жылдан бері пайдаланылып келеді. 

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігі еліміздің 53 қаласында кәріздік тазалау нысанының құрылысын салуды және қалпына келтіруді жүзеге асыру бойынша Жол кар­­тасын бекіткен болатын. Өңір­­де осы мәселеге байланыс­ты техникалық-экономикалық негіз­деме жасау үшін Көкшетау, Ақ­көл, Макинск, Есіл, Атбасар, Степ­ногор қалалары енгізілді. Бү­гінгі күні бар жұмыс үш кезеңге бө­лініп отыр. Алғашқы кезеңде Степ­ногор қаласында, екінші ке­зеңде Көкшетау қала­сында кә­різдік тазалау нысандары са­лынбақ. Қалған елді мекендер үшінші кезеңнің еншісінде. Ми­нистрлік Көкшетау қаласы бойын­ша техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін қаржы бө­луге Қаржы министрлігіне бюд­жеттік өтінім жіберген. Бірақ әзір­ге қолдау таппай отыр. Ал ағын су болса аймақтағы ахуалды жыл өткен сайын күрделендіріп барады.

 

Ақмола облысы