Аймақтар • 16 Сәуір, 2021

Сауда үйлерінде екпе салады

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «жаман тұмауға» қарсы жаппай екпе салу кеңінен жүзеге асырыла бастады. Әуелде бұл іске үрке қараған ағайын қазір вакцина салдырудың қажеттілік екенін ұғына түскен.

Сауда үйлерінде екпе салады

Қазір Қарағандыда екпе салдыру емханаларда ғана емес, облыс орталығындағы ірі сауда үйлерінде де ұйымдастырыла бас­тады. Мысалы, бұл жауапты шаруа Global City сауда-ойын-сауық орталығы мен «Таир» сау­да үйлерінде басталып та кетті. Ал­дағы уақытта мұндай бекет «Абзал» және «Ұмай» сауда орын­дарын­да да пайда болмақ.

«Таир» және Global City сау­да орталықтарындағы вакциналау бөлмелері барлық қажетті жаб­дықтармен, атап айтқанда, вак­циналарды сақтауға арналған ар­найы тоңазытқышпен жабдық­талған. Бұл жерде екпе салдыруға ниет білдіргендерге білікті меди­циналық мамандар қызмет көр­сетеді. Сонымен бірге екпе орта­лық­тарында қажет болған жағдай­да жедел көмек көрсетуге арнал­ған арнайы кабинет те қарасты­рыл­ған. Вакциналау бекеттерінде сани­тарлық нормалар қатаң сақталады.

Жалпы, облыста бүгінге дейін 115 вакциналау орталығы жұ­мыс істеп тұр. Оның 12-сі облыс орталығында. Денсаулық сақ­­тау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев екпе сал­дыру­шылар қатары көбейетін болса, онда қосымша бекеттер ашылатынын мәлім етті. Бұдан бөлек, өңірде вакциналарды тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жабдықталған жылжымалы медициналық топтар ұйымдастырылған. Олар еңбек ұжымдарын вакциналаумен айналысады. Мысалы, қазірдің өзінде «АрселорМиттал Темиртау», YDD Corporation және Qaz Carbon сынды ірі компаниялардың қыз­мет­керлеріне коронавирусқа қарсы екпе салдыру ісі дұрыс жолға қо­йыл­ған. Керек болған жағдайда жо­ғарыда айтқан шағын топтар өңір­дің кез келген елді мекендеріне де баруға дайын екен.

 Таяуда өңірдің бас дәрігері Г.Тоқ­самбаев сәуір айының соңы­на дейін облысқа вакцинаның тағы 160 мыңға жуық дозасы жет­кізілеті­нін мәлімдеді. Айта кету керек, Қарағанды облысында бүгінге дейін 20 мыңнан астам адам Спутник V екпесінің бірінші ком­понентін алып үлгерді. Ал екпенің екі дозасын алғандардың саны 10 мыңнан асты.

Өкінішке қарай, қолға алған шараларға қарамастан, облыста коронавирус инфекциясы өршіп келеді. Өткен тәуліктегі мәліметке сай, өңірде 202 адамның індет жұқтырғаны анықталды.

 

ҚАРАҒАНДЫ