Театр • 16 Сәуір, 2021

Карантин әртістерге жаңа мүмкіндік ашты

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының труппасы карантин кезінде халықты өрелі өнерлерімен үнемі қолдап, демеп отырды. Солистер сондай күрделі кезеңде өздерінің жан дүниесін толқытқан әсерлерімен бөлісіп, шығармашылықты дамытуда жаңа бір формаларға барғандығын баян­дады.

Карантин әртістерге жаңа мүмкіндік ашты

– Қандай да бір оқиғаға баға беру үшін алдымен уақыт қажет. Елімізді шырмаған індеттің басталғанына да бір жылдан асты. Содан бері халқымыз коронавирус сынағына тайсалмай төтеп беріп келеді. Осындай қиын шақта
театр ұжымы да қарап отырмады, бірнеше рет қолдануға болатын қорғаныш мас­касын тігуді бастап, алғашқылардың бірі ретінде елорда тұрғындарына көмек қолын созды. Балет әртістері мен вокалис­тер Мәдениет және спорт министрлігі жасалған жобаларға, дәлірек айтқанда министр Ақтоты Райымқұлованың бас­тамасымен жүзеге асқан « Карантиндегі жұлдыз» тележобасына қатысты. Қатаң карантин жеңілдетілгеннен кейін театр айтулы премьераларды қойып, барша көрерменге сый жасады, − деп атап өтті «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Ал «Астана Опера» опера труппасының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов күшей­тілген карантин кезінде онлайн-жобалар көрермендерді ғана емес, сонымен бірге орындаушыларды да құтқарып қалғанын, әсіресе өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға әсері болғандығын айтты.

Сондай-ақ Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Евгений Чайников, Бағдат Әбілханов секілді талантты өнерпаздар театрдың жүрегі сахна екендігін айта келіп, каран­тин жеңілдетілгеннен «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны», «Дала үні» қойы­лымдарының премьералары, көптеген жаңа концерт пен симфо­ниялық бағ­дарлама әртістер мен көрер­мен­дер­дің жүрегіне үміт отын жаққан­дығын жет­кізді.

Бір жағынан карантин балет әртістеріне де оңай тимеді, олар үшін дайындықсыз өткізген бір күннің өзі жұмыссыз екі аптаға пара-пар деуге болады.

– Дене қимыл-қозғалыстың жоқтығын бірден сезеді, үй жағдайында жасалған жаттығу залдағы толыққанды сабақты алмастыра алмайды. Дағдыға айналған жұмыс тәртібімізге бірден кірісіп кету оңай болмады. Сондықтан спектакльдерде өнер көрсету, тіпті көрермендердің шектеулі санына премьералар қою мүм­кіндігі болғанға қуандық. Балет әр­тісінің шығар­машылық ғұмыры қысқа, сол се­бепті біз үшін әр күніміз бен са­ғатымыз аса маңызды. Еңбегіміздің ерекшелігін түсініп, зейнетке ерте шығу жасын қай­тарғаны үшін министрлігіміздің басшыларына алғысым шексіз, енді төлемдер алу үшін 20 жыл жұмыс істеу жеткілікті, – дейді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.

Сонымен бірге бекзат өнер орда­сының музыкатанушысы Маржан Жәке­нованың айтуынша, Мәдениет және спорт министр­лігі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп іске асырған «Театр сабағы», сондай-ақ балалар үйінің тәр­бие­­ленушілеріне арналған бірқатар қайы­рымдылық акция мен концерттік жобаның маңызы да зор.