Қазақстан WorldSkills бағдарламасына 2014 жылы қатысып, WSI-нің 70-ші мүшесі атанды. Аз уақыттың ішінде қазақстандық студенттер әлемдік чемпионаттарда жақсы нәтижелер көрсетті.
«WorldSkills қозғалысына біз жетінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстан 50-орыннан 14-орынға дейін көтерілді. 2019 жылы біздің студенттер жалпыкомандалық есепте 63 қатысушы елдің арасында 14-ші орынға ие болғанын естеріңізге сала кетейін. Бұл - жақсы нәтиже. Қазақстан жұмысшы мамандарды даярлау саласындағы үздік практикалардың бенчмаркингі үшін бұл қозғалысты одан әрі дамытатын болады. Атап айтқанда, біз WorldSkills стандарттарын оқу процесіне енгізіп, колледждерде демонстрациялық емтихандарды өткіземіз. Сондай-ақ сарапшыларды оқыту және сертификаттау бойынша жұмысты ұйымдастырамыз», деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
2020 жылы WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихан өткізу бойынша ұсыныстар әзірленіп, еліміздің 36 колледжіне емтиханның демо-нұсқасын енгізу басталды. Сонымен бірге өткен жылы WorldSkills Қамқоршылық кеңесі құрылды. AgroSkills, Kazakhmys корпоративтік чемпионаты және басқа да салалық бағыттар бизнестің қатысуымен жетілдіріп келеді.
WorldSkills – бұл жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды жастар арасында танымал етуге бағытталған халықаралық қозғалыс.