«2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы» деген еді. Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі Түркістан сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен. Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры. Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орталық Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болатын. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық шешімдерінің арқасында арнайы Жарлықпен 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы қайта түлей бастады. Осылайша, түбі бір түркі елдері рухани орталық ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналды. Дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Қала қазір үш бағытта дамып келе жатыр. Қожа Ахмет Яасауи кесенесінің аумағы толығымен абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Ясауи мен Рәбиға Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көрме қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тарихи-мәдени орталық көз қуантатындай жасанып келеді. Осындай рухани-мәдени орталықта визит орталығы, Ұлы дала елі орталығы, Ясауи музейі, «Farab» кітапханасы, театр, республикамызда алғаш халықаралық туризм және меймандостық университеті тәрізді бірнеше нысан бой көтерді. Тұңғыш Президент саябағы, жерлік саябақтар, гүлзарлар салынып, Орта Азияда теңдесі жоқ «Керуен сарай» көпфункционалды кешені, бес жұлдызды қонақүйлер қалаға келетін туристердің санын арттырып қана қоймай, қаланың рухани өміріне өзгеше рух беретініне сенемін», деді өңір басшысы.
Облыс әкімі былтыр ғана іске қосылған халықаралық Әзірет Сұлтан әуежайнынан қазіргі таңда ел ішінен бөлек халықаралық рейстер де ашылғандығын айтты. Оған қоса әкімшілік іскерлік орталығында «Алатау медиа орталығы», «Оқушылар сарайы», «Түркістан арена» футбол стадионы, «Конгресс хол» сияқты және көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп келеді.
«Түркістан тек қана қала емес, төңірегі де Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу арқылы Түркістан қаласына келетін су көлемін 80 млн текшеге көбейту, жаңадан Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасын салу, машиналық әдіспен Сырдариядан су тарту, Жетікөл көлдер жүйесің жаңғырту сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі Түркістанды көгалдандыруға, суландыруға өз септігін тигізеді.
«Жасыл белдеу» бағдарламасымен 8 мыңға жуық гектар аумақта ағаштар егілді. Бұл – жазғы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына себеп болады. Бұл жұмыстардың барлығы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадағалауымен жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы халықаралық шаралар мен саяси-экономикалық маңызды басқосулар өткізуге толық дайын. Мен түркі тілдес елдермен бірге өткізілетін айтулы жобаларды түркі жұртының астанасы – Түркістанда өткізуге шақырамын. Өткенде ғана Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммиті аясында Түркістан қаласында «Turkistan Media Forum» инвестициялық және туристік мүмкіндіктер тақырыбында халықаралық форум өтті. Форум аясында Алатау медиа орталығында» Наурыз мерекесі қарсаңында ашылған халықаралық «Turkistan» телеарнасы мен түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдары басшылары арасында әріптестік қарым-қатынастарды нығайту мақсатында меморандум түзілді. Телеарна түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптеп, бауырлас елдердің бірлігін насихаттайтын бірегей медиа кеңістік болмақ.
Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылы Түркістан қаласы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйғарымымен «Түркі елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланған болатын. Пандемия аяталған соң алдағы уақытта «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлесіп, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды рухани шаһарымызда өткізу жоспарда бар», деді Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ, Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым және рухани орталық екеніне тоқталды.
«Оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта өтіп жатқан бүгінгі жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын терең тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Баршаңызды түркі жұртының рухани шаһары Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын», деді Түркістан облысының әкімі Шөкеев.