Спорт • 18 Сәуір, 2021

Аруларымыз алты жүлде алды

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әйелдер күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстанның ұлттық құрамасы айтулы жарысты 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бұл бәсекеде біздің қыздар тек Үндістан мен Моңғолияның балуандарынан ғана қалып қойды.

Аруларымыз алты жүлде алды

Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына ал­ғашқы алтынды Валентина Ис­ламова салды. Осыған дейін Азия чемпионатына екі мәрте қа­тысып, үшінші орыннан аса алмаған сақа спортшы бұл жолы алтын тұғырға көтерілді. Бір кереметі, 50 кило салмақта өнер көрсеткен Валентина үш кездесуді де мерзімінен бұрын аяқтады. Тұсаукесер кездесуінде үндістандық Сема Семаның сі­лікпесін шығарып, айқын же­ңіске қол жеткізген ол іле-ша­ла моңғолиялық Анудари Нан­динцэцэг пен тайпейлік Юнг Хсун Линнің санаулы секундтарда тас-талқанын шығарды. Финалда жерлесіміз өзбекстандық Жасмина Иммаеваның осал тұсын оңай тап­­ты. Осылайша, Азия чем­пио­ны атану үшін Валентина Ис­ла­моваға небәрі бес-алты минут қана жеткілікті болды.

76 кило салмақтағы Елми­ра Сыздықова тұсаукесер кез­де­суінде әлем кубогы мен Азия ойын­дарының қола және құр­лық біріншілігінің күміс жүл­дегері, қырғызстандық Айпері Ме­детқызына есе жіберді. Сол сәтте жерлесімізге енді бас жүлде бұйырмайтын шығар деп ойладық. Бірақ Рио Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілген Сыздықова Алматыда да өзіне артылған се­німді ақтады. Айналмалы жү­­йе бойынша өткен жарыс­та қатарынан екі қарсыласын қа­пы қалдырған ол финалда Ме­детқызымен қай­та кездесті. Бұл жолы Елмира Ай­перінің қос жауырынымен кілемге қадады. Таза жеңіс! Осы­лайша, Алатау бөктерінде Қазақ елінің әнұраны екінші мәрте шырқалды.

Алғашқы айналымда 55 кило салмақтағы Айша Уәлишан ко­реялық Ким Хиунды қапы қал­дырып, екінші кездесуде моң­ғолиялық Дулгун Мұңхболд Болормаға есе жіберді. Үшінші кезеңде өзбекстандық Мадина Осмонжановаға да Айшаның әлі жетпеді. Десек те осы жалғыз жеңістің өзі жерлесімізге қола медальді еншілеу үшін жет­кі­лікті болды. Ал 59 кило сал­мақ­тағы Диана Қаюмова мен 68 кило салмақтағы Анастасия Па­нас­сович қатарынан екі кездесуде сәтсіздікке ұшырап, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Келесі жарыс күні тағы бес аруымыз боз кілемге шықты. Со­лардың арасынан ең үздік нәтижеге 72 кило салмақтағы Жә­мила Бақбергенова қол жеткізді. Үндістандық Дивия Какранға ғана есе жіберген қазақ қызы күміс медальді мойнына ілді. Шешуші тұста ол моңғолиялық спортшыға сан соқтырды. 53 кило салмақтағы Асылзат Сағымбай мен 57 кило салмақтағы Алтынай Сатылған қола жүлдеге қол созды. Ал Ирина Кузнецова (62 кило) мен Гауһар Мұқатай (65 кило) қалың топтың арасында қалып қойды.

Жалпы әйелдер күресінен Азия чемпионаты 1996 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері 23 мәрте жалауы желбіреген айтулы жа­рыстың жалпыкомандалық есебінде бас жүлде тек Жапония мен Қытай құрамаларына ғана бұйырған екен. Күншығыс елінің арулары 15 мәрте теңдессіз деп танылса, Аспанасты елінің бұ­рымдылары 8 рет дара шықты. Алатау баурайында өткен дүбірлі додаға жоғарыда аталған екі мем­лекеттің қыздары қатысқан жоқ. Осы жағдайды Үнді елінің сұлулары ұтымды пайдаланды. 4 алтын, 1 күміс және 2 қоланы олжалаған олар жалпы есепте көш бастады. Екінші орында – Моңғолия. Олар 2 алтын, 5 күміс және 1 қоланы қоржынға салды. Қазақстанның арулары үшінші сатыға жайғасты. Біздің қыздар 2 алтын, 1 күміс және 3 қоланы еншіледі. Осылайша, Қазақ елінің бұрымдылары өз тарихындағы тоғызыншы рет командалық сайыс­та үздік үштікті қорытындылады. Сондай-ақ бұл жарыста Қырғызстан (2 алтын, 1 күміс, 1 қола), Өзбекстан (1 күміс, 1 қола), Тайпей (1 күміс) жә­не Оңтүстік Кореяның (2 қола ) өкілдері жеңіс тұғырына кө­терілді.

 

АЛМАТЫ