Медицина • 18 Сәуір, 2021

Екпе салдыру өзекті

430 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Міне, сәуір айының ортасы да болды. Індет болса, саябырсудың орнына өршіп барады. Мұның бір себебі, өткен айларда шетелден толассыз келушілер көп болды. Жолаушылардың көбінде ПТР тесті жоқ. Әлгілердің арасында барған жағынан аты жаман індетті жұқтырып алғандар баршылық. Олар келіп өзгелерге таратуда. Ал ұшақтың ішінде қаншама адамға кесірі тиді...

Екпе салдыру өзекті

Адамзат баласы мұндай нәубетті сан мәрте басынан өткергені ақиқат. Аты жаман оба, шешек, қызыл, басқа да жұқпалы індеттер жер бетінен миллиондаған адамды жалмап кеткені белгілі. Сонымен күресе жүріп, адам түрлі екпені ойлап тапқан. Жаңа туған нәрестеге дүниеге келе салысымен, аурудың алдын алып, кейін үш ай, алты ай, бір жыл, басқа да уақытта кезең-кезеңімен екпе салынатынын бәріміз де білеміз бүгінде. Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ топырағында осындай жұқпалы індет тарап, халқымызды баудай түсіріп, талайды жалмап өтіпті. Сол тұста көзіқарақты бір ауылдың ақсақалы жұртты жинап алып, ауылды айналдыра отын үйгізіп жинатып, соны күндіз-түні түтіндетіп, жаққызыпты. Бұл қазіргі тілмен айтқанда дезинфекция болған көрінеді. Соның нәтижесінде өзгелерді жалмаған індет әлгі
ауылды айналып өтіпті. Осылайша жұрт аман қалған дейді осындай оқиғаны еске салған көнекөз қария. Соңғы елу-алпыс жылда түрлі жұқпалы аурулардың алдын алып, тіпті тұмауға да қарсы екпе салдыру қалыпты жағдайға айналған.

Ал мына бәле бұрын-соңды болмаған, жұрттың айтуына қарағанда, кездеспеген індет көрінеді. Сондықтан өткен жылы алғашқыда жұрт абдырап қалды. Сол кезде халықтың көп бөлігі бұған сенбей, тіпті күлкіге айналдырып мазақтағандай болған. Алайда жағдай қиындап, ауруханаларда орын болмай, біраз адам тынысы тарылып, өкпесі қысылып, аяқ астынан көз жұмған тұста ел есін жия бастады. Түрлі қауесет тарап, жұрт емделудің алуан түрін ойлап тауып, жанталаса әрекет етуге көшті. Үйді аластады, адыраспан жақты, түтіндетті. Сарымсақ, лимон, зімбір дейсің бе, тіпті спирттік ішімдіктерге жүгінді. Иммунитетті көтеру керек деп, майлы тамақ жеп, саумал, қымыз, шұбатқа бас қойды.

 Алайда жағдай қиындай түскенімен, жұрт той өткізуді қоймады. Бірнеше жүздеп адам шақырып, астыртын тығылып той жасау толастар емес. Ас беру, өмірден өткендерді еске алу шараларына адамды көптеп шақыру әлі жалғасуда. Бұл да індеттің кең таралуына әсер етуде. Сондай басқосуларға қатысып келіп, ауырып, оны отбасының өзге адамдарына, басқа да араласқандарға жұқтырып, көз жұмғандар жиі кездесуде. Халқымыз мұндай шараларға бармаса ұят, ағайын ренжиді деген түсініктен әлі де арыла алмай келеді. Соңғы отыз жылда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, оңай пайда тапқысы келетін қаптаған әншілер де, сауықшыл халыққа арналған тойханалар да қаптап кетті. Сол тойхана иелеріне тиісті шара қолданса да, айыппұл төлетсе де тоқтайтын түрі жоқ. Енді әлгі ғимараттарды электр қуатынан ажыратып, суын өшіріп, кейбірінің жұмысын мүлде тоқтату шарасы қалды дейді тексерушілер. Біз мына жағдайдан кейін табыссыз қалдық, жұмыссыз қалдық деп байбалам салушылар да көбейді. Ал еңбектенемін деген адамға маңдай терін ағызып жұмыс істегісі келсе шаруа көп. Ол енді басқа әңгіме.

Екпе мәселесіне қайта оралайық. Жағдайға қарай жедел жасалған екпе-вакцина түрінен қауіптеніп, әліптің артын бағып отырған адамдар да баршылық. Бұл вакцина қаншалықты сапалы деп алаңдауда. Біз сынақ жасай салатын қоян емеспіз. Қазіргі екпелерді дайындау өте жылдам, тиісті сынақтан өтпеген, оның салдары қалай болар екен деген ойда. Оған әлеуметтік желілерден тараған түрлі қауесет, алыпқашпа әңгімелер де әсер етуде. Қазір негізінен дәрігерлер, мұғалімдер және күш құрылымдарының қызметкерлері екпе салдырып, енді ниеттенген жандар да салып жатыр. Індет қаупі өршіген сайын көп адамдар тезірек екпе салдырып алғысы келеді. Бірқатар жасы ұлғайған кісілер оны қажет емес деп ойлауда. Демек, ондай кісілердің сақтық шараларын ұстанып, үйден көп шықпағаны дұрыс. Қарт кісілердің көбінде әртүрлі аурудың белгілері бар.

Бұл өзі бұрын-соңды болмаған індет қой. Ғалымдар мен медицина мамандары мұны енді зерттеп, жаңалықтар ашып жатыр. Осы күндері бұл індетпен симптомсыз, яғни белгісі байқалмайтын күйде – жеңіл түрімен ауырғандар көп екені айтылуда. Оны адамдар өздері де білмей, сезбей жүре береді екен. Оның қауіптісі сол, ауруды өзгелерге жұқтыратыны. Қазір осы аурудың симптомсыз, яғни жеңіл түрімен ауырғандар елімізде млн-нан асады деген болжам айтылуда.

Наурыз айының соңына дейін елімізде небәрі 120 мыңнан аса адам екпе салдырды деген мәлімет айтылды. Осының өзі нақты емес. Қалай болғанда да бұл тым аз. Мынандай қарқынмен жыл соңына дейін Қазақстан жұртшылығының 6 млн-ы екпе салдырады дегенге сену қиын. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан наурыз айында он шақты күн вакцина салдыру саябырсып та қалған. Енді жағдай қиындап, індет қайта өршіген соң екпе салдыруды көбейту туралы шұғыл әрекет ете бастады. Министр Ресейден 2,5 млн, АҚШ-тан, Қытайдан вакцина аламыз деп қалды. Мұның бәрі қыруар қаржы. Ал осы айдың соңында Қазақстан өз екпесін шығарады. Бастысы, қаражат емес, адамдардың саулығы, әрине.

Қазірге дейін елімізде вакцина салдырғандардың бәрі сау. Жалпы, екпенің сапасын одан әрі дамытып, оны болшақта жас балалардан бастап ектіруді жолға қоятын болса, індеттің тамырына балта шабуға болғандай. Ал қазіргі қысылтаяң заманда оны асықпай зерттеп, оған жылдар жұмсап, жағаны кеңге салуға уақыт тар. Індет өршіп барады. Бұл мәселе төңірегінде кемшілік шаш-етектен. Ең үлкен мегаполис Алматыда індет жұқтырғандар көбейіп, «Алматы арена» ғимаратына науқастарды жатқыза бастады. Дәріханаларда, емханаларда дәрілер жетіспеушілігі байқалуда. Сонда сөзі мен ісі қабыспайтын Денсаулық сақтау министрлігі не бітіріп отыр? Бұл туралы жақында депутаттар Парламент төрінен мәселе көтерді. Мемлекет басшысы да сын тезіне алып, қатаң шара қолданылатынын айтты.

 Қазір күнделікті ақпаратқа құлақ түрсек, әлемнің кейбір елдерінде халқының басым көпшілігі вакцина салдырып үлгергені айтылуда. Бізге де бұл істе кешеуілдеудің жөні жоқ.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

журналист