Матчтан бір күн бұрын өткен жеребе тарту рәсімінде жарыстың бірінші күнінде кортқа ең алғаш Юлия Путинцева мен жарыс қожайыны, түбі украиналық Надя Подороска шығатыны белгілі болды. Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде айды аспанға шығарып, жартылай финалға дейін жеткен Н.Подороска Аргентинаның бірінші ракеткасы саналады. Сол айтулы додада ол жерлесіміз Ю.Путинцеваны да жеңіп кеткені жанкүйерлердің есінде болса керек. Екінші матч Қазақстанның 1-ші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина мен Аргентинаның екінші ракеткасы Мария Лурдес Карле арасында өтетін болып бекітілді. Ал екінші жарыс күнінде Н.Подороска мен Е.Рыбакина, М.Карле мен Ю.Путинцева және жұптық сында Ярослава Шведова мен Анна Данилина – Н.Подороска мен М.Карле кездесулері жоспарланды.
Жарыстың шымылдығын ашқан Юлия Путинцева мен Надя Подороска жанкүйерлерге нағыз тартысты ойын сыйлады. Матч алдында-ақ жерлесіміздің былтырғы Ролан Гарроста кеткен есесін қайтаруды көздейтіні, Подоросканы өз елінде және жанкүйерлері алдына қалайда жеңіп кеткісі келетіні айдан анық еді. Матчтың бірінші партиясы 6:2 есебімен аргентиналық теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші партияда қарсыласына қарағанда сауатты ойнаған қазақстандық теннисші жылдам есе қайтарып үлгерді – 6:4. Шешуші үшінші сетте Ю.Путинцева рейтингте бекерге 30-орында тұрмағанын дәлелдеп, қарсыласына бірде-бір гейм бермей 6:0 нәтижесімен қапы қалдырды. Осылайша Н.Подороскаға Парижде кеткен есесін қайтарған Юлия бірінші ойыннан кейін Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды – 1:0.
Кортқа екінші болып шыққан Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған аргентиналық Мария Лурдес Карлені қалпақпен ұрып алады деп ойлап, матч басталмай жатып-ақ Рыбакинаның жеңісіне сенімді болғанбыз. Өкінішке қарай, ойын біз күткендей өрбіген жоқ. Бірінші партияда Е.Рыбакина екі брейкпен алға шыққанымен, қарсыласы тез арада таразы басын теңестіріп қана қоймай, 6:4 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші сетте Елена тактикасына өзгеріс енгізіп, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, 6:3 есебімен таблодағы көрсеткішті – 1:1-ге жеткізді. Үшінші партияда өзін жайсыз сезінген Рыбакина медициналық көмекке де жүгінуге мәжбүр болды. Бәсекені ойындағыдай өткізе алмаған жерлесіміз бірде-бір геймде басымдық таныта алмай, қарсыласына 6:0 есебімен жол берді. Сөйтіп бірінші жарыс күнінен кейін есеп теңесті – 1:1.
Екінші жарыс күніндегі таңғы сессияда кортқа шыққан Елена Рыбакина бір күн бұрын Ю.Путинцевадан жеңілген Надя Подороскамен кездесті. Кешегі жеңілісінен тиісті қорытынды шығара білген еліміздің бірінші ракеткасы қарсыласын еш қиындықсыз екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасы тағы да алға шығарды. Есеп – 2:1.
Түскі сессиядағы Юлия Путинцева мен Мария Лурдес Карле арасындағы матч Қазақстан құрамасы үшін жарысты мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтауға, ал Аргентина теннисшілеріне есепті теңестіріп, кездесуді жұптық бәсекеге дейін созуға тамаша мүмкіндік еді. Алайда алғашқы сетті өз пайдасына шешкен (7:6) Юлия екінші сеттің соңында оқыс қимылдап, балтырын ауыртып алды. Қазақстан құрамасының дәрігерлері тез арада отандасымызға медициналық көмек көрсетті. Аяғы ауырғанына қарамастан ойынды жалғастырған Путинцева бұл сетте 7:6 есебімен қарсыласына жол берді. Үзілісте тағы да медициналық көмекке жүгінген жерлесіміз үшінші сетке шыққанымен, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады. Осылайша төрт ойыннан кейін есеп теңесіп (2:2), барлығы жұптық бәсекеде шешілді.
Жалпы есеп теңескен соң Аргентина теннисшілерінің қуанышында шек болмады. Құдды Қазақстан құрамасын жеңіп, келесі кезеңге шыққандай әсер қалдырды. Бірақ жұптық сында Аргентина құрамасынан екі күнде екі ойын өткізіп, әлі құрып қалған Надя мен Марияны біздің құраманың тың ойыншылары – Анна Данилина және Ярослава Шведова күтіп тұрған еді. Екі сетке созылған бәсекенің бірінші сетінде жерлестеріміз қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпай 6:0 есебімен басым түсті. Бірақ екінші сетте қарсыластар біздің құраманың теннисшілеріне біраз қарсылық көрсетті. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болған корт қожайындары есепті 5:5-ке жеткізгенімен, қалған екі геймде жеңісті жұлып алуға шамалары келмеді. Қорытынды есеп – 7:5.
Жалпы есепте 3:2 есебімен басым түскен Қазақстан құрамасының теннисшілері алғаш рет плей-офф кезеңінде жеңіске жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Осылайша, біздің құрама әлемдік топтағы өз орнын сақтап қана қоймай, 2022 жылы өтетін турнирдің финалдық бәсекесінде ойнау құқығына ие болды.