Көңілге ой салған «Көкпар» картинасы. Шығарманың иесі Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Абай Чунчалинов. Қылқалам шебері ат жарысы, тартыс пен дода бірігіп кеткен қазақ халқының ұлттық ойыны көкпарды бейнелеуге тырысқан.
Көшпенділер мыңдаған жылдар бойы көкпар тарту арқылы мінездерін шыңдаған және қайсар жауынгер әрі шебер шабандоз ретінде өз дағдыларын жетілдірген. Бағзы зороастризм заманынан белгілі бұл ат ойыны қазақтардың ғана емес, қырғыз, тәжік, өзбек және Орталық Азияның өзге де халықтарының арасында да кең таралған.
Біз картинадан әрбір адам шоғырланған энергияның жиынтығы ретінде көрінетін жартылай жалаңаш шабандоздарды көреміз. Олардың аттары айқыш-ұйқыш бірлесіп кеткен. Күрделі бұрылыстар қисайып кеткен бет-әлпеті, ойыншылардың ширыққан бұлшық еттері, аттардың ұйпа-тұйпа болған жал-құйрығы, адырайған көздері, олардың қозғалысындағы жанкештілік, міне, осылардың барлығы басты сый «серке» үшін күресте кері шегінудің мүмкін еместігін дәлелдейді. Шеңберге тұйықталған композиция шабандоздарды біріктіреді.
Олардың қозғалысы серкенің айналасына құрылған. Бірінші пландағы қара тұлпарға мінген шабандоз шеңбер композициясын аздап бұзып тұр, алайда оның өзі композицияға қозғалыс қосып тұр. Еркін бейнелі түстер маңызды элемент саналады. Бояулардың жалпақ, ширақ жағылуы алды-артын орап алатын қозғалыстың ажырамас бөлігіне айналады. Туынды шапшаң қозғалысты, мұны дөңес жазық пен қалықтап ұшып бара жатқан ақ бұлттар да білдіреді.
Көкпар – ұлттың мінезі. Автор шығармасы арқылы осыны дәлелдейді. Үй іргесінен дүбірлетіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұлпарына тұрман салатын қазақтың бітім-болмысы, мінез-қалпы осы ойында жатыр. Картина соны айғақтап тұрғандай.