Ұлыбритания – парламенттік монархиялы ел екендігі мәлім. Мемлекет басшысы – монарх. Ресми толық атауы – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі. Яғни, бүгінде қысқартып айтып жүрген Ұлыбритания бірнеше автономиялық өңірден құралған. Олар – Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия.
Британ аралдары өз тарихында талай сұрапыл кезеңді бастан өткерген. 1283 жылы Англия патшасы Эдуард I Уэльс патшалығын жаулап алды. Дегенмен Уэльс бірнеше ғасыр бойы бірқатар дербестігін сақтап келді. Кейінірек 1543 жылы патшалық түгелдей Англия корольдігінің құрамына енді.
Біріккен корольдіктің қалыптасуына әсер еткен тағы бір қызық оқиға мынада. 1567 жылы Шотландия патшайымы Мария Стюарт элитаның қысымымен тәжі мен тағынан бас тартып, билікті бір жасар ұлы Яковқа тапсырады. Сөйтіп ол Шотландияны басқарған Яков VI атанды.
Бір қызығы, Яков Шотландия патшасы Яков IV-нің жұбайы Маргарита Тюдордың немерелері еді. Ал Маргарита Англияның королі болған, Тюдорлар әулетінің негізін қалаған Генрих VII-нің қызы болатын. Осылайша, Яковтың Англия тағына таласуға заңды құқығы бар-тұғын.
1603 жылы Англия патшайымы Елизавета I бұл өмірмен қоштасты. Ол фәни дүниеде бала сүймегендіктен, тақ мұрагерлігі Шотландия патшасы Яков VI-ға бұйырды. Осы оқиға Шотландия мен Англияның бірігу процесін бастады. Рас, екі корольдік біржола біріккенге дейін бір ғасырдай уақыт өтті. 1707 жылы Англия парламенті мен Шотландия парламенті «Одақтастық жөніндегі актіні» қабылдады.
Құжатқа сәйкес, Англия корольдігі мен Шотландия корольдігі қосылып, «Ұлыбритания» деген атаудың астына бірікті. Скоттарға бірқатар мүмкіндік беріліп, автономия мәртебесін иеленді. Ал 1800 жылы Ирландия корольдігі мен Ұлыбритания корольдігі бірікті. Сөйтіп Ұлыбритания және Ирландия Біріккен корольдігі атанған. 1922 жылы Ирландия екіге бөлініп, оңтүстігі тәуелсіздігін жариялаған соң «Тұманды Альбион» ресми түрде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі атанды.
Міне, бүгін сөз етіп отырған патшайым осындай тарихы бар елдің басшысы саналады. Әйтсе де, атқарушы билік – премьер-министрдің қолында. Яғни Елизавета II Ұлыбританияның саяси өміріне араласпайды. Оның міндеті негізінен дәстүрлі мәселелерді қамтиды. Мысалы, жыл сайын парламенттің сессиясын ашып береді.
Елді ең ұзақ басқарған патшайым атанған Елизаветаны II-ні бүкіл Тұманды Альбион қатты құрметтейді десек, қателеспейміз. Мәселен, таяуда жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, Шотландия, Уэльс және Англия тұрғындарының 70 пайызы патшайымды қолдаған.
Ара-тұра Англияда «патшалық отбасының не қажеті бар, оларды неліктен халық асырауға тиіс» деген әңгіме айтылып қалады. Елизавета II-ден кейін республика болуды қолдайтындар жетерлік. Бірақ мұның орындалуы екіталай. Біріншіден, Ұлыбритания – дәстүрге берік мемлекет. Ал монарх – елдің де, корольдіктің де, дәстүрдің де темірқазығы. Ендеше, ағылшындардың бұдан бас тарта қоюы неғайбіл.
Екіншіден, «Тәж меншігі», яғни Ұлыбритания тақ иегерінің меншігінен түсетін пайда корольдік отбасына жұмсалатын шығыннан анағұрлым көп. Мәселен, 2018 жылы «Тәж меншігінен» түскен таза кіріс 330 миллион фунт-стерлингті құраған. Оның 75 пайызы мемлекет қазынасына құйылды. Қалған 25 пайызы ғана патшайым отбасына бөлінген.
Айтпақшы, Елизавета II Ұлыбританияның ғана емес, тағы 15 мемлекеттің патшайымы саналады. Олардың қатарында Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия секілді мемлекеттер бар. Рас, келесі жылдан бастап Елизавета II патшайымның қарамағындағы Бермуда толық егемендігін жарияламақшы. Осылайша, тізім cәл қысқарады. Сонымен қатар патшайым – құрамына 53 мемлекет кіретін Ұлттар достастығының да басшысы.
Тұманды Альбионда мұрагерлік корольдің не патшайымның үлкен баласына беріледі. Қазіргі таңда Британ тағының бірінші мұрагері – принц Чарльз. Одан кейін тізім бойынша Чарльздің ұлы Уильям тұр. Келесі кезекте соңғысының үш баласы орналасқан. Тізімнің алтыншы сатысына Чарльздің екінші ұлы Гарри жайғасқан. Мұрагерлік тізімі осылай жалғасып кете береді.
Елизавета II бақиға аттанған соң оның бүкіл мансабы мен мәртебесі, тәжі мен тағы бірден Чарльзге бұйырады. Ол Ұлыбританиядан бөлек, жоғарыда аталған 14 елдің королі атанады. Ал Ұлттар достастығындағы жағдай бөлек. Оның басшылығы мұрагерлік жолмен берілмейді. Дегенмен 2018 жылы Ұлттар достастығының жиыны өтіп, Елизавета II патшайым өзінен кейін ұйымды басқаруды ұлына сеніп тапсыруды сұраған-ды. Мүше мемлекеттердің бәрі бірауыздан патшайымның ұсынысын қолдаған. Осыған қарамастан, принц Чарльз ел алдында анасы секілді танымал емес. Мәселен, сауалнама Англия мен Уэльс тұрғындарының жартысы ғана оны қолдайтынын көрсетіп отыр. Шотландияда бұл көрсеткіш 41 пайызға тең.
Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Біріншіден, Елизавета II король отбасысына тән биязы мінезімен, дипломатиялық қабілетімен, көрегендігімен белгілі. Сондықтан шығар, Тұманды Альбионның қыздары оған қарап бой түзейді. Екіншіден, принц Чарльз ара-тұра Британ аралдарын бір шулатып алатыны бар. Мәселен, принцесса Диананың жұмбақ өлімін әлем әлі ұмытқан жоқ. Кезінде осы қайғылы оқиға принц Чарльздің ел алдындағы абыройына біраз нұқсан келтірген-ді.
Принц Чарльз бірнеше мәрте Ұлыбританияның саяси өміріне ықпал етуге тырысқаны белгілі. Мысалы, 2015 жылы Англияның бұқаралық ақпарат құралдарында оның министрлерге жазған хаттары жарияланды. Онда принц ауыл шаруашылығы, балық аулау, климаттың өзгеруі секілді мәселелерге қатысты көзқарасын білдірген. Дәстүр бойынша король отбасысының мұндай әрекетіне тыйым салынған.
Жоғарыда Ұлыбритания патшайымы саясатқа араласпайтынын айттық. 2014 жылы Шотландия тәуелсіздік жөнінде референдум өткізгенде Елизавета II «халық келешек туралы өте мұқият ойланады деп үміттенемін», деген еді. Біріккен корольдіктің, король отбасысының келешегі сынға түсіп тұрғанда патшайым шешімді халық қабылдайды деп ағынан жарылды. Шотландиядағы референдум кезінде ұлтшылдар Ұлыбританиядан бөлінген күннің өзінде Елизавета II-ні патшайым ретінде қалдыруды қолдағаны да оның беделін білдірсе керек.
Бірақ тақ иесі ауысса, жағдай мүлдем өзгеруі мүмкін. Шотландия ұлттық партиясы өз ішінде патшайымнан кейінгі жағдайды қызу талқылап, республикалық басқаруды қолдағанын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мәлімдеді. Жасылдар партиясы мұндай бастаманы жария түрде қолдады. Алда-жалда Чарльз таққа отыра қалса, қызуқанды шотландтар көп өтпей-ақ тәуелсіздігін алып шығуы әбден мүмкін.
Сарапшылар тақ мұрагерлігі транзитінің тағы бір нұсқасы ықтимал екенін айтады. Соған сай, принц Чарльз король атанған соң өзінің бірқатар құзыретін ұлы Уильямға тапсыруы мүмкін. Мұндай жағдайда Чарльз апта сайын премьер-министрді қабылдау, елшілерден сенім грамотасын алу секілді көпшіліктің назарынан тыс міндеттерді атқаратын болады.
Уильям шетелдерге сапарға шығып, қоғамдық іс-шараларға қатыспақ. Оқиға бұлай өрбісе, принцтің жұрт алдында жүретіні айтпаса да түсінікті. Былтырғы қазанда жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, Тұманды Альбион тұрғындарының басым бөлігі келешекте король отбасысына принц Уильямның ықпалы жоғары болады деп есептейді екен. Бұл да принц Чарльздің беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз.
Бұдан бөлек, Солтүстік Ирландиядағы ахуал да қыл үстінде тұр. Брексит салдарынан осы өңірді мекендеген тұрғындардың тұрмысына әжептеуір нұқсан келіп отыр. Оның үстіне, таяуда ғана Белфаст пен бірқатар қалада жаппай шеру өтті. Лоялистер Ұлыбританиямен одақта қалуды қолдайды. Ал республикашылар Ирландия республикасына қосылуды көздейді.
Бірақ Брексит салдарынан лоялистердің пікірі өзгеруі әбден мүмкін. Мәселен, Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландияға келетін ағылшын тауарларына кедендік бақылау енгізілді. Бұл жергілікті лоялистерге ұнаған жоқ. Оның үстіне, Солтүстік Ирландия кез келген сәтте Ирландияға қосылу жөнінде референдум өткізу құқығына ие. Алда-жалда Ұлыбритания тағының иесі ауысып жатса, Солтүстік Ирландия халқы Біріккен корольдіктен бөлінуді қолдап шығуы ықтимал.
Қорыта айтқанда, принц Филипптің қайтыс болуы Ұлыбритания королі отбасысында қордаланып қалған бірқатар мәселені қайта қозғады. Қалай дегенмен, Елизавета II бүкіл Біріккен корольдіктің темірқазығына айналған. Принц Чарльздің бұл міндетті қаншалықты абыроймен орындайтынын тек уақыт көрсетеді.