Еркін күрестен Азия чемпионатының тұсауы сонау 1979 жылы кесілген. Үндістанның Джаландхар қаласында шымылдығы түрілген жарыста Жапония құрамасы сарапқа салынған 10 алтынның тең жартысын олжалап, жалпы-командалық есепте жеке-дара көш бастады. Содан бері табаны күректей 42 жыл өтсе де, Күншығыс елінің қырандары сол жетістіктерін әлі де қайталай алған жоқ. Олар тек ара-тұра үздік үштіктің қатарынан көрінумен ғана шектеліп жүр. Сол секілді Қазақстан мен Үндістанның өрендері де командалық сайыста бір рет қана дара шықты. Қазақтар мен үнділерге қарағанда өзбектердің табысы әлдеқайда қомақты. «Ала тақиялы» балуандар төрт мәрте топ жарды. Ал қалған жарыстардың барлығында Иранның апайтөстері үстемдік танытты. Нақтылап айтсақ, 33 мәрте жалауы желбіреген Азия чемпионатында парсы елінің өр мінезді жігіттері 26 рет жеңіс тойын тойлады. Міне, Азия чемпионатының жалпы есебінде бар-жоғы осы бес елдің балуандарына ғана көш бастау бақыты бұйырған екен.
Қазақстанның еркін күрес шеберлері 2006 жылы Алматыда өткен сары құрлықтың басты додасында алдына жан салмағаны жанкүйерлердің есінде болар. Алатау баурайында шымылдығы түрілген жарыста Леонид Спиридонов (66 кило), Нұржан Қатаев (96 кило) және Марид Муталимов (120 кило) алтын тұғырға көтерілсе, Бауыржан Оразғалиев (60 кило) пен Геннадий Лалиев (84 кило) қола медальды мойындарына ілді. Осы көрсеткіштің арқасында Иран мен Моңғолия құрамаларын басып озып, үздіктер легін бастадық. Сонымен қатар 2016 және 2019 жылдары екінші орынды иелендік. Бангкокта алты жүлдені (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) иеленсек, Сианьда бес медаль (2 алтын, 1 күміс, 2 қола) жеңіп алдық. Осы бәсекелердің екеуінде де парсы елінің өрендерінен қалып қойдық. Одан бөлек, тағы сегіз жарыста (1999, 2000, 2005, 2010, 2014, 2017, 2018, 2020) озық үш команданың қатарына қосылдық. Міне, жерлестеріміздің Азия чемпионаттарында қол жеткізген табыстары осындай.
Алматыдағы жарыстың алғашқы күні әдеттегідей бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Бозкілемге шыққан жігіттеріміздің арасынан Сырбаз Талғат бен Әлішер Ерғали ақтық санға дейін алқынбай жетті. 70 кило салмақтағы Сырбаз бастапқы бәсекелерде кувейттік Мұхаммед Абдулкарем мен үндістандық Каран Каранды қапы қалдырып, жартылай финалда кореялық Ли Сеундонгті сан соқтырды. Шешуші тұста өзбекстандық Сироджин Хасановты жеңген қандасымыз бас жүлдені қанжығасына байлады.
97 кило салмақтағы Ерғали алғашында жапониялық Такаши Ишигуро мен моңғолиялық Алтангерел Шинбасты шаң қаптырып кетті. Финалда оның жолы Әли Халил Шанбанибенармен қиысты. Бірінші кезеңде қазақ балуаны парсы елінің апайтөсіне әжептеуір қарсылық көрсеткенімен, үзілістен соң кілемдегі жағдай күрт өзгерді. Шанбанибенар Ерғалиді оңай еңсеріп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
79 кило салмақтағы Ғалымжан Өсербаев Моңғолия және Түрікменстанның өкілдерінен басым түскенімен, жартылай финалда ирандық Әли Бақтияр Сададхоуиге әлі жетпеді. Қола медаль үшін тартыста қандасымыз Қырғызстанның өкілі Саяқбай Усуповқа жол берді. Ал 57 кило салмақтағы Дәулет Теміржанов пен 65 кило салмақтағы Әділ Оспанов тұсаукесер кездесулерінде ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратты.
Келесі күні тағы бес балуанымыз өз өнерлерін ортаға салды. Солардың үшеуі бас жүлде үшін таласты. Сол мүмкіндікті Нұрғожа Қайпанов пен Олег Болтин ұтымды пайдаланды. 74 кило салмақтағы Нұрғожа қырғызстандық Мансұр Сырғақұлы мен моңғолиялық Сумиябазар Занбанбудты тізе бүктіріп, финалда ирандық Мұстафа Хоссейнханимен күресті. Алғашқы кезеңде қарсыласы алға шыққанымен, үзілістен соң «қаһарына мінген» Нұрғожа бұл бәсекені өз пайдасына шешті. Осылайша, Қайпанов екінші рет Азия чемпионы атанды.
Аса ауыр салмақтағы Олег Болтиннің де шеберлігіне тәнті болдық. Ширек және жартылай финалда үндістандық Сумит Сумит пен өзбекстандық Амиржон Нутфуллаевты сан соқтырған жерлесіміз ақтық айқаста Қырғызстанның намысын қорғап жүрген якутиялық балуан, Азия чемпионы Айаал Лазаревтен айласын асырды.
Еркін күрестен ұлттық құрама командамыздың сапындағы ең жас балуан Адлан Асқаров 61 кило салмақ дәрежесінде күш сынасты. Финалға дейін ол екі бірдей өте тәжірибелі балуаннан басым түсіп, көрермендердің көзайымына айналып үлгерген еді. Алайда шешуші тұста Өзбекстанның өрені Жаһангермирза Туробовқа ұпай санымен есе жіберген Адлан күміс медальды қанағат тұтты. Ал Есқали Дәулетқазы (86 кило) мен Элхан Асадов (92 кило) бұл жарыста жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
Жанкүйерлер 86 кило салмақ дәрежесіндегі финалдық сайысты тағатсыздана күтті. Себебі бұл салмақта аты аңызға айналған Хасан Яздани өнер көрсетті. Иә, 26 жастағы Иран балуанының бағындырмаған белесі жоқ. Ол – Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарының жеңімпазы (2016 жыл), екі дүркін әлем чемпионы (2015, 2018), айтулы доданың күміс (2015) және қола (2018) жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы (2018) және құрлық чемпионы (2018). Бір сөзбен айтсақ, жауапты жарыстарда бұл жігіттің жеңілген кездері сирек. Язданидің финалдағы қарсыласы – Дипак Пуния. Үндістанның спортшысы да осалдар санатынан емес. Дәл бір айдан кейін 22 жасқа толғалы отырған Пуния жастар буыны арасындағы барлық жарысты тегістей ұтып шықты. Ересектер дуына еркін қосылған ол 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында күміс медальды иеленсе, қатарынан екі рет Азия чемпионатында қолаға қол жеткізді.
Финалға дейін Хасан Яздани барлық қарсыласын жауырынымен жерге қадап, күмәнсіз жеңіске жетсе, Пунияның әр бәсеке барысында біраз тер төгуіне тура келді. Ол тәжік пен корей спортшысының осал тұсын әзер тапты. Қос саңлақ финалда жолықты. Осы жолы біз керемет күрес көретін шығармыз деп топшыладық. Бірақ біз ойлағандай болмады. Парсы елінің мықтысы бас-аяғы бір минутқа жетер-жетпес уақытта Үндістаннан келген балуанның тас-талқанын шығарып, таза жеңіске қол жеткізді.
Сөйтіп, Қазақстанның еркін күрес шеберлері Азия чемпионатын 3 алтын және 2 күміс медальмен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Көш басында – Иран құрамасы. Парсы елінің апайтөстері 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдені қоржынға салды. Бұл – олардың құрлықтың басты додасында 27 мәрте топ жаруы. Үшінші сатыға Үндістанның балуандары табан тіреді. Олар 1 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжалады. Осы орайда, біз жалпы есептің қорытындысын шығару үшін медальдар санын есептегенімізді ескерте кетейік. Негізінде күрес түрлерінде ұпайлар саны есепке алынады. Бірақ біздер үшін жиған ұпайдан гөрі, жеңіп алған жүлделердің саны мен сапасы маңызды. Сол себепті де осы жүйеге сүйендік. Сондай-ақ Алматы төрінде өткен жарыста Өзбекстан (1+1+2), Оңтүстік Корея (1+0+4), Жапония (1+0+2), Қырғызстан (0+1+3), Моңғолия (0+1+2) және Ирак (0+0+1) сынды мемлекеттің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді.
Жалпы, Қазақстанның еркін күрес шеберлері Азия чемпионатында үш алтыннан артық алған емес. Сондай елеулі табысқа екі мәрте ғана қол жеткіздік. Алғашында 2006 жылы Алматыда асығымыз алшысынан түссе, арада 15 жыл өткеннен кейін Алатау баурайында екінші рет айдарымыздан жел есті. Сондықтан да Әсет Серікбаев бастаған командамыздың осы жарыстағы нәтижесіне оң баға береміз.
Еркін күрестен Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген балуандар
57 кило: 1. Кумар Рави (Үндістан), 2. Әлиреза Сарлақ (Иран), 3. Юто Такешита (Жапония) мен Надиржон Сафаров (Өзбекстан).
61 кило: 1. Жаһонгермирза Туробов (Өзбекстан), 2. Адлан Асқаров (Қазақстан), 3. Икромжон Гаджимұратов (Қырғызстан) пен Шоя Шимае (Жапония).
65 кило: 1. Такуто Отогуро (Жапония), 2. Бажран Бажран (Үндістан), 3. Мұртаза Хасанәлі Шека (Иран) мен Янсук Джонг (Оңтүстік Корея).
70 кило: 1. Сырбаз Талғат (Қазақстан), 2. Сироджин Хасанов (Өзбекстан), 3. Каран Каран (Үндістан) мен Исламбек Орозбеков (Қырғызстан).
74 кило: 1. Нұрғожа Қайпанов (Қазақстан), 2. Мұстафа Хоссейнхани (Иран), 3. Ихтиор Наурызов (Өзбекстан) пен Сумиябазар Занданбуд (Моңғолия).
79 кило: 1. Гонг Бюнгмин (Оңтүстік Корея), 2. Әли Бақтияр Савадхоухи (Иран), 3. Саяқбай Усупов (Қырғызстан) пен Нарсинх Вадав (Үндістан).
86 кило: 1. Хасан Яздани (Иран), 2. Дипак Пуния (Үндістан), 3. Гванук Ким (Оңтүстік Корея) мен Мұстафа әл Обайди (Ирак).
92 кило: 1. Камран Гхасемпур (Иран), 2. Цогтгерель Муңхбаатар (Моңғолия), 3. Санжит Санжит (Үндістан) пен Хьокбеом Ким (Оңтүстік Корея).
97 кило: 1. Әли Халил Шанбанибенар (Иран), 2. Әлішер Ерғали (Қазақстан), 3. Сативарт Кадиан (Үндістан) мен Такаши Ишигуро (Жапония).
125 кило: 1. Олег Болтин (Қазақстан), 2. Айаал Лазарев (Қырғызстан), 3. Худербулга Дорджханд (Моңғолия) мен Әмин Тахери (Иран).
АЛМАТЫ