Ауыр атлетика • 20 Сәуір, 2021

Азия чемпионатын табысты бастады

185 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзбекстан астанасы Ташкентте жалауы желбіреген ауыр атлетикадан лицензиялық Азия чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды. Сары құрлықтың ең үздік атлеттері жиналған байрақты бәсекенің алғашқы күнінде жарыс жолына шыққан екі жерлесіміз бір салмақтың алтын және күміс медальдарын иеленді.

Азия чемпионатын табысты бастады

Құрлық бәсекесінде 55 кило салмақ дәрежесінде өнер көр­сеткен Арли Чонтей қоссайыс қорытындысы бойынша 255 (115+140) кило зілтемірді еңсе­ріп, Азия чемпионы атанды. 2019 жылы Қытайда өткен Азия бірін­шілігінде 246 киломен үшінші орынды қанағат тұтқан қа­зақстандық спортшы, міне, араға екі жыл салып алтын жүлдеге қол жеткізді. Бұл – 2012 жылдан бері Қазақстан туы астында өнер көрсетіп келе жатқан Чонтейдің Азия біріншілігіндегі алғашқы алтын медалі. Бұған дейін бірнеше Азия және әлем чемпионаттарында бақ сынаған Арли жүлделі орындарға шамасы жетпей, бапкерлердің де, жанкүйерлердің де үмітін ақтай алмай келе жатқан еді.

Басқа жарыстарды былай қойғанда, мамандар дәл осы спортшы 2016 жылы Риода өткен Олимпия ойындарында ел қоржынына жүлде салады деп қатты сенген болатын. Өкінішке қарай, қолда тұрған қола медальға сынық сүйем қалғанда сүрініп, өзінің алғашқы Олимпиадасын төртінші орынмен түйіндеген еді. Десе де кейінгі бес жылдықта бұл спортшы айтарлықтай нәтиже көрсете бастады. Мәселен, 2017 жылы Қытайда өткен Жазғы Универсиадада қола, 2018 жылғы Ашғабаттағы әлем біріншілігінде екінші орынға табан тіреп, күміс жүлде еншіледі.

Ташкенттегі Азия чемпио­на­тының осы салмақтағы күміс жүлдесі де жерлесімізге бұйырды. Арли Чонтейден 11 кило кем көтер­ген Абылай Әуелханов 244 кило (108+136) нәтижемен екінші орын иеленді. Әр жарыста жоғары нәтиже көрсетуді өзіне міндет етіп қоятын Әуелханов бұл жолы да бас жүлдеден үмітті еді. Тіпті серпе көтеруде алғаш 136 килоны көтергеннен кейін екінші мүмкіндігіне 141 килоға тапсырыс берді. Бірақ бұл салмақ жерлесімізге бағынбады. Соңғы мүмкіндігінде тәуекелге бел буып, 148 кило зілтемірді көтеруге шешім қабылдады. Егер зілтемір бағынып жатса, Азия чемпионы атанады, көтере алмаса, күмісті қанағат тұтатады. Өйткені үшінші орында тұрған сириялық спортшы 137 киломен жарысты аяқтап қойған еді. Үшінші мүмкіндігін көтеру үшін жарыс алаңына шыққан жерлесіміз 148 килоны басынан асыра көтере алмады. Сөйтіп өзінің ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізді.

Былтыр ғана жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында топ жарып, биылдан бастап ересектер арасындағы дүбірлі додаларда бой көрсете бастаған қандасымыз үшін бұл тамаша нәтиже деуіміз керек. Бір қызығы, осыдан бір ай бұрын онлайн форматта өткен ел чемпионатындағы Арли мен Абылай арасындағы тартыста Әуелханов жеңіске жетті. Сол жарыста алғашқысы – 253 (112+141), екіншісі 254 (108+146) килоны бағындырған еді.

Сонымен қатар жарыстың алғашқы күнінде тағы екі спортшымыз бас жүлде үшін сынға түскен болатын. Өкінішке қарай, Игорь Сон (61 кг) мен Зүлфия Чиншанло (55 кг) жанкүйерлер үмітін ақтай алмай, жүлделі орындардан құралақан қалды. Ерлер арасындағы 55 кило салмақта 2019 жылы Таиландта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон биылғы Азия чемпионатын төртінші орынмен аяқтады. Алғашқы жұлқа көтеру бағдарламасын тап-тамаша бас­тап, 132 киломен кіші қолаға қол жеткізген жерлесіміздің серпе көтеруде жолы болмады. Бірінші мүмкіндігінде 152 килоны оңай еңсергенімен, қалған екі мүмкіндігінде де 156 кило зілтемірді бағындыра алмады. Егер отандасымыз соңғы мүмкіндігін тиімді пайдаланғанда, бірден күміс жүлдеге қол жеткізетін еді. Бұл салмақта әйгілі қытайлық спортшы Ли Фабинь топ жарды. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 312 (142+170) кило зілтемірді бағындырды.

Әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының күміс жүлдегері деген дардай атағы бар жерлесіміз Зүлфия Чиншанло Азия чемпионатында бесінші орын алды. Игорь Сон сияқты Чиншанло да алғашқы жұлқа көтеру бағдарламасында 92 кило зілтемірді еңсеріп, кіші қола медаль иеленді. Серпе көтерудегі бірінші мүмкіндігінде 118 килоны бағындырғанымен, қалған екі мүмкіндігінде 122 килоны еңсеруге шамасы жетпеді. Сөйтіп 210 киломен құрлық бәсекесінде бесінші орынды қанағат тұтты. Алтын жүлде 222 (98+124) кило көтерген қытайлық спортшы Ляо Цююньнің еншісінде кетті.