Қылқаламға құштар құрақтай өрендерді бір алаңда қауыштырған көрме Алматы қаласындағы 20-дан астам балалар шығармашылығын дамыту және бейнелеу өнер орталықтары шәкірттерінің сурет және сәндік-қолданбалы өнер жанрындағы таңдаулы жұмыстарын қамтыған.
Аталған шара жасөспірім суретшілерге еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстыруға, туған жерінің ұлттық құндылықтары, дәстүрлері мен сұлулығы туралы түсініктерін кеңейтуге жол ашып, өнер әлеміне деген сүйіспеншіліктерін оятқаны даусыз. Жас суретшілер өз жұмыстарында қоршаған әлемге, елдің өткені, бүгіні және болашағы туралы өз көзқарастарын білдіруге тырысқан. Олар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, табиғатымен байланысты түрлі аспектілер мен сюжеттерді бейнелейді. Көркем пейзаждарда адам портреттері және натюрморттар, қала көшелері мен тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері бала қиялын қанаттандыра түскен.
Өнерге іңкәр өскіндердің идеялары мен шығармашылық ниеттерін көрсететін авторлық туындылар әртүрлі техникада орындалған. Айталық, көрме қабырғасынан кескіндеме, акварель, сәндік-қолданбалы өнер – гобелендер, кесте тігу, аппликациялар, қуыршақтар, маскалар сынды түрлі жанрдағы туындыларды кездестіруге болады. Суреттен бөлек, шеберлер гравюраларды, пластилиннен, саздан, гипстен жасалған мүсіндік композицияларды, суретпен безендірілген керамикадан, матадан, ағаштан жасалған бұйымдарды бедерлеген.
– Өнер орталықтарының ұстаздары балалардың шығармашылық дағдыларын дамытуға зор үлес қосқандығы мұнда келген өрендердің қабілетінен байқалып тұр. Балалардың қолтаңбасы өте көркем, ашық, ерекшелігі мен әр алуан болғандығы сондай, қоршаған әлемге деген қуанышты көзқарастары мен қиялдары, ойлары таңғалдырады. Аталған шараны балалардың Тәуелсіздік тойына тартуы деп қабылдадық, – дейді көрме жетекшісі Гүлмайра Ахатова.
200-ден астам өнер туындысын қамтыған айрықша көрме сәуір айының соңына дейін жалғасады.
АЛМАТЫ