Спорт • 20 Сәуір, 2021

Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалға шықты

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Польшаның Кельц қаласында бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің ширек финалы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалға шықты

Ерлер арасында 56 кило салмақта сайысқа түскен Ерболат Сабырдың (56 кило) өнері көпшілікті сүйсіндірді. Кубалық Сайдел Иван Родригес Хортамен болған бәсекеде өте сауатты қимылдап, әр соққысын есеппен жұмсаған қазақтың қайсар ұлы Бостандық аралы өкілінен басым түсті.

64 кило салмақтағы Сабыржан Аққалықовты да қалай мақтасақ та жарасады. Оның да жолы Кубаның «қара маржанымен» қиысты. Үнемі шабуыл өтінде жүретін Сабыржан Дариан Хавьер Кастроға сан соқтырды.

75 кило салмақтағы Диас Молжігітовке литвалық Александр Трофимчукті тізе бүктіру айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Қандасымыз қарсыласын алдап та, арбап та соғып, көздеген мақсатына қол жеткізді.

Аса жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай өзбекстандық Ибрагим Исжоновтан айласын асырса, 60 кило салмақтағы Елнұр Сүйінбай бразилиялық Юри Дос Рейестен басым түсті. Ал Мәди Әміров (91 кило) аса шиеленісті өткен бәсекеде үндістандық Вишал Гупқа 2:3 есебімен есе жіберді. Осылайша, рингке көтерілген алты жігітіміздің бесеуі жартылай финалға шықты.  

Қыздар арасындағы жарыста Жұлдыз Шаяхметова (60 кило), Жасмин Қизатова (69 кило), Дана Дидай (75 кило) және Елдана Тәліпова (+91 кило) сынды сұлуларымыз өз қарсыластарын ұтып, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.