Спорт • 20 Сәуір, 2021

Футболдан ҚПЛ ойындарының алтыншы туры аяқталды

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы туры өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футболдан ҚПЛ ойындарының алтыншы туры аяқталды

Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Тобыл» күш сынасты. Бәсеке барысында бірде қонақтар, енді бірде алаң иелері алға шықты. Бірақ екі ретінде де есеп теңесті. Қостанайлықтар қатарындағы Азат Нұрғалиев пен Неманья Николич гол соқса, алматылықтар арасынан екі ретінде де Жосе Конте мергендік танытты. Негізі бұл матч «Қайраттың» пайдасына шешілуге тиіс еді. Алайда 82-минутта Камо Оганесян алаңнан қуылып, Алексей Шпилевскийдің шәкірттерінің жағдайы қиындай түсті. Ол аздай, Нұрәлі Әліп 11 метрлік нүктеден мүлт кетті. 21 жастағы қорғаушының бағыттаған добын Александр Мокин кері қайтарды.

Талдықорғанға сапар шеккен «Ордабасы» жергілікті «Жетісуді» 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Бірінші таймда Александр Симчевич есеп ашса, үзілістен кейін Эльхан Астанов, Жоао Пауло және Мирзад Механович мергендік танытты.

«Ақтөбе» мен «Шахтер» арасындағы кездесуде де ірі есеп тіркелді. Бұл жолы да қонақтардың мысы басым болды – 0:3. «Тұран» мен «Каспий» арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ – 2:2.

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі күні өткен кездесулер мынадай нәтижелермен аяқталған еді: «Астана» –  «Қызыл-Жар» 3:1, «Тараз» –  «Ақжайық» 1:0 және «Қайсар» мен «Атырау» – 1:1.  

Алтыншы турдан кейін «Астана» мен «Тараз» көш бастап тұр. Қос команданың да қоржынында 14 ұпай бар. Үшінші және төртінші орындарда – «Қайрат» пен «Тобыл». Олар 12 ұпайдан еншіледі.  

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше