Әлем • 20 Сәуір, 2021

Қытай Таяу-Шығыстың гегемонына айнала ма?

197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ТЕЛЬ-АВИВ. АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан америкалық сарбаздарды шығару 11 қыркүйекке дейін аяқталатынын мәлімдеді.

Қытай Таяу-Шығыстың гегемонына айнала ма?

Осылайша, елдің ең ұзақ соғысы тәмамдалмақ. Бұл қадам АҚШ-тың Таяу Шығыстан алыстай бастағанын аңғартады. Бұл уақыт еншісіндегі шаруа еді. Енді оның өңірдегі орнын біреу басуы мүмкін бе? 

Қытай бұдан үміттенеді. Байденнің мәлімдемесінен бірнеше апта бұрын Қытайдың сыртқы істер министрі Ванг И Тегеранға барып, Иранмен 25 жыл­дық «Жан-жақты стратегиялық серік­тестік» жөнінде келісімге қол қойды. Құжат экономикалық, саяси және қауіпсіздік саласындағы ынты­мақ­тас­тықты қамтиды. Бұл қадам АҚШ-ты абыр­жытады. Оған негіз жетерлік.

Иә, «жан-жақты стратегиялық серіктестік» – Қытай үшін сыртқы сая­саттағы құралдың стандарты. Атал­ған ел өңірдегі бірқатар мемлекетпен, оның ішінде Иракпен және Сауд Арабиясымен осындай құжатқа қол қойған-ды. Кейбіреулер Иранмен жасалған стратегиялық серіктестіктің аясын асыра бағалайтындай. Мәселен, Қытай Иранға 400 миллиард долларлық инвестиция салатыны айтылып жүр. Бірақ екі ел де нақты қаражат көлемін ресми айтқан жоқ.

«Жан-жақты стратегия­л­ық серіктес­тік» – Қытай мен Иран қа­рым-қа­ты­насын жаңа деңгейге көтере қоймаса да, АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан қарсыласымен жасасқан Бейжің билігінің алғашқы мәмілесі. Сонымен қатар Қытай Американың Таяу Шығыстағы ең жақын одақтас­тарымен, соның ішінде Біріккен Араб Әмір­ліктерімен, Мысырмен, тіпті Из­раильмен байланысты тереңдетуге кірісті.

Әзірге Қытай бірінші кезекте эконо­ми­­ка­лық мәселеге басымдық бере­тін­­дей көрінеді. Өңірдің энергети­ка­лық ресурс­тарына қол жеткізуден бөлек, Қытай Израильмен жоғары тех­но­логиялық өндірістер жөнінде ынт­ы­мақтастық жасау арқылы озық сала­лар­дағы беделін арттыра алады. Сондық­тан аталған ел кейінгі жылдары Израильге құятын инвестициясын күрт көбейтті. АҚШ-ты алаңдататыны да осы.

Қытай сондай-ақ Израиль «Бір белдеу – бір жол» бастамасында айтылған байланыс мәселесіне араласады деп үміттеніп отыр. Азия мен Еуропаның біраз бөлігіндегі теңіз порттарын бақы­лауына алғаны секілді, Израильдің Хайфадағы портына да мықтап бекінді. Бұған қоса, Иранның мұнайына тәуел­ді екенін түсінгендіктен, Ормуз бұға­зындағы Бандар-Аббас портына тікелей теңіз жолын ашты.

Әйтсе де  АҚШ-ты әзірге алаңдат­пай­тын бір мәселе бар – Қытай Таяу Шығыстағы қақтығысқа май құ­йып отырған жоқ. Иә, Иранмен жасал­ған «Жан-жақты стратегиялық серік­тес­тікте» қауіпсіздік саласындағы ын­ты­­мақтастық туралы айтылған. Бірақ бұл әскери одақ емес. Сондай-ақ Қытай еш­қашан әскери қақтығыстарда бір тарапқа болыспайды. Мәселен, Қытай Иранның бәсекелесі Сауд Арабиясымен бірге әскери жаттығулар өткізеді.

Қытай мұнай экспортын тоқтатып, аймақ­тағы инвестициясын жо­йып жі­беруі ықтимал оқиға – аймақтық алауыз­­дықты қаламайды. Сондықтан Бей­жің билігі өңірдегі бейбітшілікке жауап­ты. Бірақ бұл Қытайдың Таяу Шығыс­тағы қауіпсіздікті сақтауға кепіл екенін біл­дірмейді. АҚШ-пен жаһандық деңгей­де бәсекелесу мақсатында әскери одақтас­тық жасау Қытайдың құралы емес.

Бейжің билігі сондай-ақ аймақтың бұрыннан келе жатқан қақтығыстарына араласуға мүдделі емес. Таяуда Қытай тарапы Израиль мен Палестина басшылары арасында тікелей келіссөздер өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ бұған тым көп сенім артпау керек. Қытай АҚШ-тың көп шығын жұмсап, қа­ны мен қазынасын аямауының арқа­сын­да ғана өзінің Ауғанстан мен Ирак­та­ғы экономикалық ықпалын кеңейте ал­­ға­нын жақсы түсінеді. Сондық­тан мұн­­дай тәуекелге инвестиция құй­майды.

Сайып келгенде, Қытайдың экономи­калық мүддесі үшін Таяу Шығыста АҚШ орнатып кеткен қауіпсіздік жү­йесі­нің бұзылмағаны қажет. Бұған Бейжің билігінің өңірдегі АҚШ-тың не­гізгі одақтастарымен серіктестік орнат­қаны дәлел. Қытай Иранмен «Жан-жақ­ты стратегиялық серіктестікке» қол қой­ғанда ғана басқаша қадам жасады. Бірақ мұның астарында экономикалық есеп жатыр. Бейжің АҚШ-тың 2015 жылы Иран ядролық келісімінен шығып, 2018 жылы қайта санкция салғаннан кейін қатты зардап шеккен екіжақты сауданы жандандыруды көздейді.

Шындығында, санкциялар қайта енгізілгеннен кейін ғана «Жан-жақты стратегиялық серіктестік» идеясы дү­ниеге келді. Байден әкімшілігінің ядро­лық келісімін қайта жандандырып, қо­сылуға талпынғаны секілді, Қытай құ­жатқа қол қою уақытын мұқият таң­да­ды. Осылайша, келіссөздер кезінде Иран­­­ның позициясын күшейтіп, санкцияларды тезірек алуға ықпал етпек.

Алайда, Иран үшін Қытаймен серік­тес­тік оңайға соқпауы мүмкін. Бей­жің экономикалық жағдайын пайдала­нып, жеңілдікпен мұнай жеткізуді сұрап отыр. «Жан-жақты стратегиялық серік­тес­тікті» талқылау барысында кей иран­дықтар Қытайдың Шри-Ланкадағы Хамбантота портына бақылау жасауға мүмкіндік алған келісімі секілді зымиян құжаттар әзірлеуі мүмкін екеніне алаң­даушылық білдірді.

Әлбетте, біразға дейін АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери басымдығы қала беретіні сөзсіз. Бірақ әскери күш Қытайдың аймақтағы (және одан тыс жерлердегі) стратегиялық жоспарын тоқ­татуға жеткіліксіз. Ол үшін АҚШ-қа өзі­нің саяси салмағын, экономикалық бай­ланысын және мәдени ықпалын күшей­ту қажет. Әйтпесе, Байден ақпан айында айтқандай, Қытай «түскі асты жеп кетеді».

Шломо БЕН-АМИ,

Израильдің бұрынғы сыртқы істер министрі, Толедо халықаралық бейбітшілік орталығының вице-президенті