Әңгіме түсініктірек болуы үшін өз басымыздан кешкен бір жайды айтып берейік. Былтыр еңбек демалысында астанаға барған сапарымда «Сергек» жол бақылау жүйесі менің жол қозғалысы ережесін сақтамағаным үшін 8334 теңге айыппұл салыпты. Одан кейін, шамамен 15 күндей уақыт өткенде машинамды сатқан болатынмын. Сату кезінде мамандандырылған ХҚО салық пен айыппұлдан қарызым бар-жоғын тексеріп, егер болса сол жерде қолма-қол төлетеді. Төлемесең, сату құжаттарын ресімдемейді. Демек, мен сол жолы бәрін төлегенмін. Одан кейін, жылдың аяғында ЖСН-ым арқылы салық немесе басқа қарызымның бар-жоғын өзім де тексергенмін. Сөйтіп ешқандай қарызым жоқтығына көз жеткізгенмін.
Енді жуырда банктік төлем карточкамның бұғатталғанын көріп таңғалдым. Банк менеджері менің карточкамды «айыппұл төлемегенім үшін» астаналық жеке сот орындаушы Данияр Құрманбаев бұғаттағанын айтып, оның телефон нөмірін тауып берді.
Сот орындаушысына телефон соғып едім, телефонды көтерген бір әйел менің «жеке сот орындаушының қызметін» төлеуім керек екенін айтты. Мен сот орындаушыға ешқашан өтініш жасаған емеспін, оның ешқандай қызметін сұраған немесе алған емеспін деген сауалыма ол: «Сізге Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Әкімшілік полициясы жол қозғалысы тәртібін бұзғаныңыз үшін айыппұл төлеуге №207100033781575 ұйғарым жасаған екен, сот орындаушы сол бойынша жұмыс істеген. Енді оның қызметі үшін 2083 теңге төлейсіз», деп қарап тұр.
«Мен бұл айыппұлды уақытында төлеген едім ғой. Сот орындаушы бұл мәселеге неге араласқан? Д. Құрманбаевтың менің карточкамды бұғаттауына негіз болған құжатты көрсетіңіз немесе айтыңыз», деген едім. «Біз тек жоғарыда аталған ұйғарымның негізінде сіздің карточкаңызды бұғаттадық» деді. Ол ол ма, «Енді сіз 2083 теңге емес, 4488 теңге төлейсіз, төлемесеңіз карточкаңыз бұғаттан шығарылмайды», деп қорқытты. Амал жоқ, 4488 теңгені төлеп, карточкамызды босатып алдық. Әйтпесе, ешқандай аударым жасай алмай қалған едік.
Бұл не сонда? Әкімшілік іс сотқа берілмесе, айыппұл төлеуге сот орындаушысы неге араласады? Адам айыппұлды өздігінен төлесе, сот орындаушысының оған қандай қатысы бар? Оған жеке адамның төлем карточкасын иесіне айтпай бұғаттауға кім құқық берді? Бұл адамның құқығын аяққа басу емес пе?
Әлде, бұл біреулердің көлденең табыс табуы үшін қолдан жасалған сыбайластық па? Бұған құзырлы органдар не айтар екен?
Солтүстік Қазақстан облысы