Оқиға • 21 Сәуір, 2021

Қазақстан-Ресей: Өзара қатынас стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген

662 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәскеуде Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтында (РҒА ШИ) «Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және РҒА ШИ Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Қазақстан-Ресей: Өзара қатынас стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген

Халықаралық конференцияға қазақ­стандық және ресейлік тарихшы-ғалым­дар, саясаттанушылар, халық­ара­лық қатынастар мамандары, екі ел парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ онлайн форматта Қазақ­стан Президенті жанындағы ҚСЗИ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.В.Ло­моносов атын­дағы ММУ-дың қазақстан­дық фи­лиалының, РҒА ШИ, Е.При­маков атын­дағы РҒА ӘЭХҚИ-дің ға­лым­дары мен сарапшылары қатысты.

Жаңа заман тарихы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қарышты дамуы мен жоғары нәтижелілігі өзара құрмет, тең құқылық және стра­тегиялық әріптестік қағидаттарына негіз­делгенін көрсетеді. Бұл – екі ел көш­­бас­шыларының, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, сон­дай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдас­тықтың зор еңбегінің нәтижесі.

Форумда екі елдің дипломаттары мен парламентшілері, конференция­ны ұйымдастырушы институттар­дың басшылары ғылыми диалогті жандандырудың және Қазақстан мен Ресей ғалымдарының тарихи ретроспективасы, сондай-ақ дамудың жаңа тәуелсіз кезеңіндегі екіжақты қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, ұлттық егемендікті, аумақтық тұтастықты және КСРО ыдырағаннан кейін белгіленген шекаралардың мыз­­ғымастығын құрметтеуге негіз­дел­ген стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды үде­мелі нығайту үшін берік негіз бол­ған мә­селелерді талқылау маңыз­ды­лығына ерекше назар аударды.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Е.Көшербаев өзінің алғысөзінде Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары талайға үлгі екенін бірнеше рет атап өткенін айтты. Өз кезегінде Ресейдің Қазақстан­дағы елшісі А.Бородавкин Ресей Пре­зиденті В.Путин Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының табысты дамуы­на баса назар аударатынын жеткіз­ді. Қазақстан Мәжілісінің депутаты М.Ерман екі елдің заң шығарушы билік органдарының оң өзара іс-қимылы жүйелі негізде жүзеге асырылатынын, конструктивтілігімен ерекшеленетінін және қарқынды сипатқа ие екенін сөз етті. Ресей Мем­лекеттік Думасы ТМД істері жө­ніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Водолацкий: «Екі ел президенттері қол қойған келісімдер Мемлекеттік Думада да, Мәжілісте де басым тәртіппен ратификациялануда. Палаталар спикерлерінің өзара сапарлары, ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссияның отырыстары, бейінді комитеттердің бірлескен іс-шаралары, Ресей мен Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі миссиялардың қызметіне қатысу тұрақты негізде жүргізіледі», деді.

РҒА ШИ директоры, РҒА коррес­пон­дент-мүшесі А.Аликберов өз кезегінде өткен 30 жыл ішінде Қазақ­стан да, Ресей де егемен мемлекеттердің, тәуелсіз, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілерінің қалып­тасу жолынан өткенін атап өтті. «Осы кезең ішінде біздің алдымыз­дан геосаяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы сын-қатерлер бірнеше рет кездесті. Бірақ біздің стратегиялық әріптестігіміздің мызғымастығына және көпжақты ынтымақтастықтың өзара тиімділігіне күмәндануға ешқа­шан себеп болған емес. Бұл – екі ел­дегі ғылыми, сараптамалық қауымдас­тықтың біздің тату көршілігімізді нығайтуға және әртүрлі сипаттағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағыт­талған дұрыс шешімдер қабылдауына ықпал еткен еңбегі», деді ол.

ҚСЗИ директоры, ҚР ҰҒА ака­демигі З.Шәукенова «Тәуелсіздік жыл­­дарында Қазақстанның Ре­сей­мен қарым-қатынасы екі та­рап­тың да тұрақтылығымен және ын­тымақтастыққа дайын болуымен сипатталатынын жеткізді. «Екі ел арасында ынтымақтастықтың берік құқықтық, экономикалық, саяси және мәдени негіздері бар. Шын мәнінде, Қазақ­станның Ресейге қатысты сырт­қы саясаты Ресей Федерациясы Қазақ­стан үшін өзара әрекеттесудің барлық салаларында ең маңызды серіктес болып табылатындығына негізделді», деді ол.

Конференция жұмысы екі сессия аясында өтті. «Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы: кешеден бүгін­ге дейін» атты бірінші сессияда екі ел ара­сындағы тату көршілік қатынас­тар­дың негізі ретіндегі халықтар ара­сын­дағы тарихи-мәдени байланыс­тар мәселелері талқыланды. Баяндама жасаған тарихшылар заманауи әдісте­ме мен ғылыми жетістіктер негізін­де мамандардың бірлескен жалпылама еңбектерін дайындаудың маңыз­ды­лығына назар аударды.

Заманауи жетекші орыс тарихшы­ларының бірі – РҒА ҚҒҒАИ Өрке­ниет­терді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі И.Зайцевтің баяндамасы қызықты болды. Ғалым XIX ғасырдағы қазақ тарихнамасының ескерткіштері туралы соңғы зерттеу­лерімен бөлісті, олардың бірегей тізім­дері Ресей астанасының жинақ­тарын­да сақталған. И.Зайцев 2017 жылы «Кенесары Қасымов пен Садық Кенесарин тарихы» («Насаб-наме-йи Сұлтан Садық» – «Сұлтан Садықтың шежіресі») қолжазбасының фак­си­милесі және аудармасы жарық көр­генін атап өтті. Оның айтуынша, Ахмет Кенесарин 1887 жылы аяқ­таған бірегей қолжазба Ресей Феде­рация­сының Мемлекеттік тарихи музейі­нің жазба деректер бөлімінде сақ­тал­ған. Сонымен қатар қызықты тари­хи дерек көзі – қазақ жырауы (дас­тан­шысы) Мұсабайдың 1893 жылы Қаза­лыда жазылып алынған толғауы ғылыми айналымға енгізілді, толғау 1830-1840 жылдары Сырдария қазақтарының Хиуа мен Қоқанға, ал 1850 жылдары Ресей империясына қарсы көтерілісін басқарған Шек­ті руынан шыққан қазақ батыры Жан­қожа Нұрмұхамедовке (1774-1860) арналған.

Сондай-ақ бірінші сессия шең­берінде Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы XVI, XVII ға­сыр­л­ар­дағы қатынастарының алғаш­қы ке­зеңіндегі дипломатиялық қатын­ас­тар тарихының мәселелері де талқы­лан­ды. Қазақстан БҒМ Мемлекет тари­хы институты Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Лапиннің пікірінше, бұл кезең – жалпы екіжақты қатынастар­ды қа­лып­тас­тырудың маңызды бөлігі. Оны зерттеу «қазақ-орыс қатынас­тары­­ның ұзақ тарихының кейінгі кезең­дерінің ерекшеліктерін анықтау­ға көмектеседі». Қазақстан­дық тарихшы­ның ойынша, «алғаш­қы қазақ-орыс дипломатия­лық қатынастарының орнығуы 1519-1520 жылдарға, Қасым ханның билік еткен кезеңіне сәйкес келетіні құжаттармен дәлелденген.

«ХХ ғасыр және тәуелсіздік. Қазақстан мен Ресей арасындағы стра­те­гиялық серіктестік пен одақ­тастықты дамыту» тақырыбындағы екінші сессия жұмысы XX ғасырдың тарихы мен посткеңестік кезеңдегі екіжақты қатынастардың құқықтық негіздерін нығайту мемлекетаралық өзара әрекеттесудегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі мәселесіне, қазіргі геосаяси процестер контексіндегі екі ел қатынастарын талдау сұрақтарына арналды. Сөз сөйлегендер өткенге, оның ішінде кеңестік кезеңді зерттеу­ге жүйелі және кешенді түрде қарау керек деген ортақ пікір айтты.

Халықаралық конференцияда сөйлеген ғалымдар мен сарапшылар әр елге сенімді және жайлы көршілік қажет екендігіне сүйене отырып, бар­лық күрделі тақырыпты әртүрлі контексті және әр елдегі факті­лерді әртүрлі қабылдауын ескере оты­рып, келтірілген дәлелдердің әрқай­сысын ашық академиялық талқылау арқылы талдауға болатынын және талқылануы керектігін баса айтты. Конференцияға қатысу­шылар Қазақстан-Ресей қаты­настары­ның қазіргі кезеңін талдау­дың жо­ғары деңгейін, өзара серік­тестік­тің тұрақтылығына ықпал ететін әріптес­тердің бірлескен күш-жігерін, өзара сенімі мен кәсібилігін атап өтті.